Жарнама
Құқық

Деректерді жойып жіберген адам жауапқа тартылды

Атырау қаласының №2 сотында ақпараттық-коммуникаициялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне қатысты ақпаратты жою немесе түрлендіру айыбы бойынша іс қаралды. Нақтырақ, Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы жылжымайтын мүлік иелері туралы ақпараттарды жойып тастаған.

-Атырау облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ маманына қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-тің 206-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы).

Ол 2022 жылдан 2023 жылға дейін өзінің қызметтік өкілеттіктерін және IP-мекенжай мен электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, қасақана және пайдакүнемдік мақсатпен ақпаратты жойып жіберген. Яғни, аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерімен байланысты ақпараттық жүйеде қамтылған және заңмен қорғалатын ақпаратты заңсыз жойып, сондай-ақ ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізу арқылы азаматтар мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін елеулі түрде бұзған, — деді облыстық соттың баспасөз хатшысы Мейрамгүл Өтеғұлова.
Сот пиоцесінде прокурор сотталушыға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Ал, жәбірленуші тарап сотталушыға жаза тағайындау мәселесін соттың қарауына қалдырды.
Сотталушы өз кінәсін толықтай мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сотта ол өкінетінін, асырауында 6 кәмелетке толмаған балаларының бар екенін және жүкті екенін алға тартты. Сондай-ақ сотталушы бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылмаған.
Сот үкімімен сотталушы ҚК-тің 206-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, оған коммерциялық немесе өзге де ұйымдарда ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қол жеткізуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 1 жыл мерзімге айыра отырып, 738 400 теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button