
Цифрлық әділет – қазақстандықтар үшін қолжетімді заңнама
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Үкіметіне цифрландырудың толыққанды дамуын қамтамасыз етуді тапсырды: «Қазақстан Толық цифрландыру және жасанды интеллектті жедел дамыту аумағына айналуы тиіс. Бұл біздің стратегиялық міндетіміз» деген болатын.
Осы тұрғыда мемлекет басшысының Әділет министрлігіне берілген тапсырмаларына сәйкес, бүгінде әділет органдары тарапынан заңнамалардың сапасын арттыру, одан әрі жетілдіру, азаматтардың құқықтарының қорғалуын күшейту, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мәселелері бойынша бірқатар жұмыс жүргізілуде.
Негізгі міндеттер шеңберінде Әділет министрлігі азаматтардың қаржылық және уақытшығындарын үнемдей отырып, қызметтердің сапасымен қолжетімділігін арттыру,оның ішінде жасанды интеллектті қолдану жөніндегі шараларды көздейтін «Digital Justice» жобаларының портфелін іске асыруда.
Бүгінде халықты онлайн режимінде білікті заң көмегімен қамтамасыз ете отырып, заң қызметтерін ұсынуға және алуға арналған «E-заң көмегі» бірыңғай ақпараттық жүйесі бар.
Бұл жүйе республика бойынша 1 949 адвокатпен заңгердің қатысуымен азаматтардың білікті заң көмегіне қол жеткізуін қамтамасыз етуге және жеңілдетуге бағытталған. Мұнымен 2023-2024 жылдары 88 738 іс, яғни қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер қабылданды. Бұл жүйенің пайдалануға тиімді болуына байланысты, порталға 6 749 пайдаланушы тіркелді.
Қазіргі уақытта азаматтарға тәулік бойы құқықтық кеңес беретін құқықтық ақпараттық қызмет операторларымен «бейнеқоңырау» функционалы іске қосылды. Сонымен қатар, «Заң көмегі» мобильді қосымшасында құқықтық кеңес беру бойынша чат-ботты әзірлеу мәселесі пысықталуда.
Жасанды интеллект аясында IPrav мобильді қосымшасы іске қосылғалы жатыр. Қазақстандық мамандар әзірлеген бұл қосымшаның мақсаты – тұрғылықты жеріне қарамастан барлық азаматтарға білікті құқықтық көмекке қол жеткізуді қамтамасыз ету. Қосымшаның ерекшелігі – жасанды интеллект көмекшісі — Әйтеке чат-ботының жасақталуы.
Қазіргі уақытта виртуалды жасанды интеллект көмекшісін «Өзіңізді алаяқтардан қалай қорғауға болады?», «Жол-көлік оқиғасы кезінде не істеу керек?», «Тұтынушылардың құқықтарын қалай қорғауға болады?», «Ипотекалық несиені төлемеген жағдайда не болады?», «Түрлі әкімшілік құқықбұзушылық үшін айыппұл көлемі қандай болады?», «Мұраны қалай рәсімдеуге болады?» «Автокөлікті қалай тіркеуге болады?» деген сияқты сұрақтарға жауап беру үйретіліп жатыр.
Бұл — барлық жас санаттағы азаматтар үшін түсінікті, қарапайым әрі ыңғайлы мүмкіндік. Онда шұғыл әрекет ету үшін жақын жердегі адвокатпен байланысуға мүмкіндік беретін «SOS функциясы» қарастырылған. Бұл, әсіресе шалғайдағы тұрғындар үшін өте ыңғайлы. Мамандардың рейтингтік жүйесі таңдаудың ашықтығын және қызмет сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
Атқарушылық іс жүргізу саласындағы 2024 жылдың басты жаңашылдықтарының бірі – «Робот сот орындаушысының» іске қосылуы. Ол бірқатар артықшылықтарға ие.
Біріншіден, азаматтар жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу және оларға бару шығындарынан босатылды,өйткені барлық әрекеттер автоматты түрде жасалады.
Екіншіден, жеткізуді тіркеу және хабарламаны оқу мүмкіндігі бар. Осылайша, 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі атқарушылық өндірісті қозғағаннан кейін, Робот борышкерге оңайлатылған өндіріс туралы егжей-тегжейлі ақпараты бар хабарламаны бірнеше арналар арқылы жібереді (СМС хабарлама 1414, EgovMobile арқылы хабарлама).
Үшіншіден, Роботтың жеке сот орындаушыдан айырмашылығы, қарыз сомасы шегінде тек 1 банктік шотқа тыйым салады, ал жеке сот орындаушы барлық шоттарды бұғаттайды.
Төртіншіден, берешек сома онлайн төленгеннен кейін азаматтарға ыңғайлы болу үшін барлық қамтамасыз ету шаралары автоматты түрде алынып тасталады. Осылайша, адамның қатысуынсыз оңайлатылған өндіріс толығымен аяқталады, яғни адам факторы толығымен алынып тасталған.
Бесіншіден, бұл жоба сот орындаушыларымен байланысу қажеттілігін болдырмайды,барлық әрекеттер онлайн режимінде жүргізіледі, яғни түбіртектер мен басқа да растайтын құжаттарды ұсынудың қажеті жоқ. Атқарушылық іс жүргізу саласын цифрландырудан басқа, жоба республика бойынша азаматтарға жылына шамамен 5 млрд. теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бұрын қарызды уақтылы өтемеген азаматтар жеке сот орындаушысына айыппұл сомасының қосымша 25%-на дейін төлеуге мәжбүр болды. Статистика көрсетіп отырғандай, цифрлық сот орындаушысы іске қосылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін республика бойынша 2,2 млрд. теңге сомасына 109 мыңнан астам атқарушылық іс қозғалды, оның ішінде азаматтар жеке сот орындаушыларына қызмет ақысының 25% — алып тастау есебінен 550 млн. теңгені нақты үнемдеді.
Нотариат саласындағы халық үшін өте тиімді енгізілген соңғы өзгерістердің бірі — «Е-нотариат» бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесінің іске қосылуы.
Бұл жүйе бойынша қазіргі заман талабына сай азаматтар сенімхаттарды,некеде тұрмағандығы жөніндегі арызды, ерлі-зайыптылар келісімдерінің барлық түрлерін нотариуспен бейнебайланыс арқылы, яғни онлайн режимінде бере алады.
Яғни, сенімхат беретін азамат нотариустың кеңсесіне бармай-ақ, нотариусты «Мобильді үкімет» ақпараттық жүйесінде не болмаса «Бірыңғай Нотариаттық Ақпараттық Жүйе» системасында авторизациядан өтіп, өзіне қажетті сенімхатты бере алады.
Бүгінгі күнде сенімхаттардың тек қана бірнеше түрі, соның ішінде:
1. Соттарда істерді жүргізуге;
2. Нотариуста мұрагерлік істерді ашып, жүргізуге берілетін сенімхат;
3. Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік органдарында және басқа да құзыретті органдарында, мекемелерінде, барлық меншік нысанындағы кәсіпорындарында өкілеттік етуге берілетін сенімхаттар куәландырылады.
Азаматтарға сенімхаттарды қашықтықтан /онлайн/ алу үшін «Мобильді үкімет» ақпараттық жүйесін немесе Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесінде авторизациядан өтіп, «Egov mobile» (егов мобайл) мобильді қосымшасын жүктеп алу қажет.
Осыдан кейін сенімхатқа тапсырыс беру үшін қосымшаға кіріп, «Notary» сілтемесін басады, қызметке онлайн тапсырыс береді.
Онлайн сенімхатты алу үшін өтінішті берген кезде, Қазақстан Республикасының азаматы кез-келген нотариусты таңдай алады.
Бүгінгі күнде Атырау облысы аумағында 125 жеке нотариус қызмет атқарады. Статистика мәліметтеріне, облыс жеке нотариустармен бүгінгі күні 6 мыңға жуық аса онлайн сенімхаттар рәсімделген.
Сонымен қатар, «Egov mobile» мобильді қосымшасы арқылы халыққа бейнеқоңырау арқылы нотариустың кеңесін алуға мүмкіндік беретін «Онлайн-консультация» сервисі енгізілді.
Осы пилоттық жоба іске асырылып, нотариус пен халықтың арасындағы сенімхаттарды жасақтау барысы реттеліп кеткен жағдайда, сенімхаттардың басқа да түрлері, басқа да нотариаттық іс-әрекеттерді «Цифрлық нотариат» жүйесіне енгізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының ауылдық елді мекендер тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында, әділет органдары облыс әкімдіктермен бірлесіп, облыстың 153 елді мекенінде «Құқықтық кабинеттер» ашты.
Аталған кабинеттер аудандық, ауылдық әкімдіктердің ғимараттарында, қабылдау орталықтарында EGOV өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарының базасында жұмыс істейді. Кабинеттер қолданыстағы нормативтік құқықтық актілермен танысу үшін «Әділет» ақпараттық құқықтық жүйесіне, «Заң» деректер базасына, сондай-ақ халықпен өзара іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне қолжетімділігі бар компьютерлермен жабдықталған.
Жалпы, бұл қабылданып отырған шаралар азаматтардың құқықтық сауаттылығын нығайтуға және олардың құқықтары мен міндеттерін түсінуін жақсартуға бағытталған.
Бүгінгі күнде жасалып жатқан жаңашылдықтар қолданыстағы қарапайымдылығымен, жеңілдігімен және қолжетімділігімен ерекшеленеді.
Атап өткенімдей, қызметтерді оңайлату жөніндегі жұмыстардың нәтижесінде, қазақстандықтар уақыт пен қаражатты үнемдейді, осы қызметтерді алу қолжетімді және ыңғайлы, сондай-ақ әкімшілік кедергілер азаяды, бұл процесті неғұрлым ашық және тиімді етеді.
Асулан КАРИМОВ,
Атырау облысы Әділет департаментінің басшысы