Жарнама
Құқық

БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына 750-ден аса қазақстандық әскери қызметші қатысты

29 мамыр – қақтығыстарды реттеуге және барынша қауіпсіздікті қолдауға, бейбітшілікті құруға елеулі үлес қосатын БҰҰ-ның халықаралық бітімгерлер күні, — деп хабарлайды республика Қорғаныс министрлігі.

Қазақстандық әскери қызметшілердің әлемдегі бейбітшілікті қолдауға қатысу тәжірибесі 2003 жылдың тамызында бірінші инженерлік-саперлік «Қазбат» жасағының құрылуынан бастау алады.

Қазақстан үкіметінің БҰҰ-мен бітімгерлік желісі бойынша өзара іс-әрекеті 2014 жылы Қарулы күштердің алғашқы әскери қызметшісін Батыс Сахарадағы Ұйымның әскери бақылаушысы ретінде жіберген сәтінен басталды.    

Осы кезден бастап қазақстандық бітімгерлер Ливан, Батыс Сахара және Кот-д’Ивуар сияқты әлемнің әртүрлі өңірлерінде қызмет етті. 2024 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Африка мен Таяу Шығыстағы миссиясына қосымша әскери қызметшілерді жіберді. Әсіресе Орталық Африка Республикасындағы, Малидегі және Конго Демократиялық Республикасындағы миссиялар күрделі болды.

Қазақстан ТМД-да БҰҰ-ның Голан жоталарында қызмет етуге дербес мандат алған алғашқы және әзірге жалғыз ел болып табылады. Бүгінде біздің 139 әскери қызметшіміз қарсы тараптар арасында атысты тоқтату режимін сақтау жөнінде маңызды міндеттерді орындап жүр.

Ұйымның бітімгерлік контингентін өз бетінше орналастыру туралы шешімі нормативтік базаны дамыту және әскери қызметшілерді даярлауды жетілдіру жөніндегі жүйелі жұмыстың логикалық нәтижесі болды. Бұл үдерісте бітімгерлерді құқықтық, гуманитарлық, тілдік және психологиялық даярлаумен қатар, жан-жақты оқытумен қамтамасыз ететін Алматы қаласында Бітімгерлік операциялар орталығын құру шешуші рөл атқарды.

Қазақстанның БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысуы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып қана қоймай, еліміздің жаһандық аренадағы рөлін арттыруға ықпал етеді. Бұл оған қоса қазақстандық әскери қызметшілерге құнды жауынгерлік тәжірибе жинақтауға, кәсіби даярлықты жетілдіруге және көпұлтты ортадағы іс-қимылдарға бейімделуге мүмкіндік береді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық бітімгерлер күні – қаза тапқандарды еске алып, БҰҰ-ның әлемдегі бейбітшілікті сақтау жөніндегі бітімгерлік операцияларының құрамында қызмет еткен һәм қызмет етуді жалғастырып келе жатқан адамдарға құрмет көрсететін күн.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button