
Браконьерлік бәсеңдемей тұр
Жыл басынан бері облыста балық қорғау заңнамасын бұзудың 226 дерегі тіркелді. Бұл бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Балық аулау ережелерін өрескел бұзу белгілерімен 14 материал жинақталып, шара алу үшін сот органдарына жолданды. Соттың шешімімен кінәлі деп танылғандарға жалпы сомасы 1,8 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды.
Есепті мерзімде Жайық, Қиғаш өзендері атырабы мен Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде жүргізілген рейдтік тексеру шараларының нәтижесінде 350 келі қара балық, 475 балық аулау құралы заңсыз айналымнан шығарылып, 2 мотоцикл тәркіленді.
Бұдан бөлек, инспекция қызметкерлері өздерінің күнделікті қызметінде «су маржандарының» қалыпты тірлігін қамтамасыз ету мақсатында өзендерде мұз қатуға қарсы, сондай-ақ бөлініп қалған айдындардан балық шабақтарын құтқару жұмыстарымен айналысады.
Ал жоғарыда келтірілген мәліметтер әлі де болса браконьерліктің бәсеңдемей тұрғанын көрсетеді.
Олег ТУШКАНОВ,
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік инспекциясының ресми өкілі