
Браконьерлерге 21,5 млн. теңге айыппұл салынды
Биылғы “Бекіре-2025” кең ауқымды балық қорғау акциясының қорытындысы табиғат байлығына заңсыз қол сұғу жағдайларының әлі де азаймай отырғанын көрсетті.
Есепті кезеңде облыс аумағында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 1125 дерегі анықталып, жолы кесілді. Нәтижесінде 867 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар сирек кездесетін және жойылып бара жатқан балық түрлерін заңсыз аулауға байланысты 33 қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп бұзушыларға 21,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
– Заңсыз айналымнан барлығы 4 тонна 505 келі балық, оның ішінде 1 тонна 330 келісі бекіре тұқымдас балық түрлері, 202 бірлік балық аулау құралы және 44 су көлігі тәркіленді.
Күн сайын өзен сағалары мен теңіз суларын сүзу нәтижесінде су айдындарынан 661 дана заңсыз балық аулау ау құралы тәркіленді, – деді инспекцияның баспасөз қызметінің жетекшісі Рүстем Қорқытов.
Акцияның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында 86 мақала, 32 телевизиялық сюжет, 4 радиосұхбат жарияланды.
Дәулетқали АРУЕВ