Браконьерлер бой бермей тұр
«Жайық-Каспий» облысаралық балық шаруашылығы бассейндік
инспекциясы бөлім басшысының міндетін атқарушы Олег Тушкановтың
хабарлауынша, «Бекіре-2024» балық қорғау акциясының алғашқы екі
аптасында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 116 дерегі анықталды.
Осы кезеңде браконьерлерлікке және қоры азайып бара жатқан жоғалып
кету қаупі бар бағалы балық түрлеріне заңсыз қол сұғушыларға қатысты 14
қылмыстық іс қозғалған. Өзге де бұзушылықтар бойынша кінәлі деп танылған 52
тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға жалпы сомасы 3,1 млн. теңге
көлемінде айыппұл салынған.
–Бұдан бөлек, акция аясында жүргізілген жедел жұмыстардың нәтижесінде
жалпы салмағы 2 тонна 675 килограмға жуық «су маржаны», оның ішінде 500
келіден асатын бекіре тұқымдас балық, 3,5 келінің үстінде қара уылдырық, 15
бірлік аулау құралы мен 10 су көлігі тәркіленді. Оған қоса, осы кезеңде өзен
арнасы мен теңіз атырабындағы табиғи су қоймаларынан жалпы ұзындығы 160
шақырымды құрайтын 521 балық аулау құралы тәркіленіп, тиісті шарасы алынды, —
деді инспекция өкілі. Соған қарағанда, браконьерлердің бой бермей тұрғаны байқалады.
Дәулетқали АРУЕВ