
Бойы бұлғаң, сөзі жылмаң…
Қазақта «Аңқау аңдамайды да, алаңдамайды да» деген бар. Аңдамаса да бүгінгі заманда алаңдауы қажет-ақ.
…Атырау қаласының №2 сотының айыптау орындығында Берік Сабырғалиев (аты-жөні өзгертілді-автор) отыр. Судья Жұмағали Ташимовтың баяндауынша, кейбір адамдар бас пайдасы үшін небір құйтырқы әрекетке барады. Олай дейтініміз, талапкер Н. сотқа жүгініп, өзінің мүгедек екенін, Б.Сабырғалиевке алданып, 2 млн. теңге көлемінде қаржылық шығынға ұшырағанын жеткізді.
Сот отырысы барысында белгілі болғандай, Берік Сабырғалиев Н.-ға қоңырау шалып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырған. Ол біреулердің мұның атынан несие рәсімдеп жатқанын айтып, қауіпсіздік қызметімен байланысуды сұрайды. Іле-шала «қауіпсіздік қызметіненмін» деп хабарласқан екінші адам алаяқтардың құрбаны болмау үшін смартфонға арнайы бағдарламаны орнатуды сұрайды.
Қапелімде абдырап қалған Н. «қамқоршылар» айтқан бағдарламаны орнатып алады. Сол-ақ екен мобильді құрылғы арқылы банктен 2 млн. теңге несие рәсімделіп, артынша бұл соманың «ForteBank»-тегі «С.» деген тұрғынның атындағы есепшотқа аударылғаны белгілі болады. Алаяқтарға алданғанын түсінген Н. несиенің пайызы өсіп кетпеуі үшін қарызды толықтай төлеп құтылған. Бірақ мұның есебінен негізсіз байығандарды сотқа беріп, 2 млн. теңге мен моральдық шығынды жауапкерден өндіруді сұрап сотқа шағымданған. Сот барысында ақшаның қалай аударылып, кімнің шотына түскені банк ұсынған мәліметтер негізінде дәлелін тапты.
Істі таразылай келе сот талапкер Н.-ның талабын қанағаттандырды. Негізсіз 2 млн. теңгені иеленген жауапкер Б.Сабырғалиев бұл соманы талапкерге қайтарумен бірге, мемлекет кірісіне 10 мың теңге мемлекеттік баж төлейді. Бұл оңай олжаға дәніккен алаяқтарға қатысты бір мысал ғана.
«Уәдені бұзған – ұяны бұзғанмен тең»
Сенімге қиянат жасап, заңсыз баюдың тағы бір көрінісін мына істен де байқауға болады. Сотқа жүгінген Ғ. деген адам былтыр әлеуметтік желіден скутерлерді сату туралы хабарландыруды көріп, көрсетілген «WhatsApp» нөміріне хабарласады. Өзін «скутерлерді көтерме бағамен сатудың маманымын» деп таныстырған Б. талапкерге 1 миллион теңге төлем жасау керектігін айтып, шот қояды. Әрі «Каспий банк» арқылы төлеген кезде бүкіл Қазақстан бойынша жеткізу тегін екенін жеткізеді.
Алайда 1 миллион теңгені 24 айға бөліп төлеуге келіскенімен, талапкер осы күнге дейін уәде етілген тауарды алмаған. Несие болса ай сайын күнінен жаңылмай келіп тұр, тауар болса жоқ. Ақыры шыдамы таусылған Ғ. өзінің құқығын сот арқылы қорғап, жеткізілмеген тауар үшін төлеген 1 миллион теңге мен мемлекеттік бажды төлеу бойынша шығыстарды және өкілдік шығыс ретінде 120 мың теңгені өндіріп алуды сұрады.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, талапкер несие лимиті бойынша соманы алып, жауапкердің есепшотына төлеген. Ал «Каспий» банктен түскен 1 миллион теңге қаражат жауапкердің шотына жіберілгені анықталды. Осыдан кейін жауапкер өз шотынан алдымен 500 мың теңгені, артынша тағы 500 мың теңгені үшінші тұлғаның шотына аударған.
Сот отырысына куә ретінде шақырылған Л. атты бейтаныс адам ақшасын шеше алмай тұрғанын айтып, «егер карточкаңызға аударған ақшаны қолма-қол шығарып берсеңіз, 10 мың теңге сыйақы беремін» деп өтінгенін алға тартты. Міне, осының өзі жауапкердің өзіне жүктелген міндеттемені орындауды ойламағанын, керісінше заңсыз баюды мақсат еткенін көрсетеді.
Істі зерделей келе сот талапкер Ғ.-ның жауапкер Б.-дан ақшаны өндіріп алу туралы талабын қанағаттандыруға шешім қабылдады. Шешімге сай, жауапкер 1 миллион теңгемен қоса, мемлекеттік бажды төлеу бойынша шығыстарды, өкілдік шығыстарды төлеуге міндеттелді.
Түйін
Сот практикасы көрсеткендей, алаяқтар әртүрлі сылтаумен өз уәдесін қысқа мерзімде орындауға сөз береді. «Сондықтан тұрғындар алаяқтың арбауынан абай болса екен» деп ескертеді құқық қорғаушылар.
Майра ЕРҒАЛИ
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА