Жарнама
Құқық

…Біз заңды білмейміз!

Конституция – барлық мемлекет пен азаматтар үшін аса маңызды фундаменталдық құқықтық құндылық. Себебі, ол мемлекет пен оның саяси-құқықтық болмысын айқындайтын негізгі заң. Сондықтан, Конституцияны білу, оның мән-мағынасын ұғыну өзінің азаматтық санасын қалыптастыру, өз құқығын қорғау үшін керек екені құқықтық сауаттылықтың аксиомасы болып табылады.

Бірақ, өкінішке қарай көп адамның, соның ішінде жастардың Конституция жайлы түсінігі өте таяз. Ал, осыдан келіп құқықтық сауатсыздық туындайды. Азаматтар Конституцияда көрсетілген құқықтары мен жауапкершілігін білген жағдайда қоғамда жиі кездесетін құқық саласындағы қателіктер мен қылмыстар болмас еді. Бұл жерде Ата заңның басқа құқықтық нормативтік заңнамалармен салыстырғанда тек құқықтық қана емес, дүниетанымдық, саяси-әлеуметтік құндылықтық сипатқа ие екендігін ескерген жөн. Ол мемлекеттің тек құқықтық ғана емес, рухани, адамгершілік тұрғыдан дамуы, азаматтылық принципі, тарихи болашағы мен мақсат-мүддесі сияқты құндылықтарының іргетасы болғандықтан оның қоғамдық санадағы орны мен мәні ерекше.

Қазіргі кездегі қоғамдық сана мен қоғамдық пікірде орын тауып отырған, кейде конституциялық талаптар шегінен шығып кетіп отыратын оғаш  ойлар, әлеуметтік желідегі пікірлер осыны байқатады. Олардың арасында азаматтардың құқығына, мемлекеттің конституциялық құрылымына қайшы келетін ой-пікірлер жиі көрініс беріп жатады және оның әртүрлі мысалын табуға болады. Бірақ, солардың көбі теріс пиғылдан емес, негізі жеке азаматтардың немесе бір әлеуметтік топтардың қарапайым ғана өз елінің заңын білмеуінен, құқықтық сауатсыздығынан туындайды. Мәселен, осындай құбылыстарды біз діни қатынастарға, тілге немесе адам мен азаматтардың құқығына, тағы басқа әлеуметтік өмір салаларына қатысты жиі көреміз.

Өкінішке қарай, осындай сауатсыздық  билік орындары мен жауапты тұлғалар арасында да жиі кездеседі. Адам құқығы бұзылуына байланысты туындайтын проблеманың түп төркіні де осында жатыр. Сол себепті Конституция күні қарсаңында мерекені формалды түрде атап өтуді емес, басты мақсат ретінде Ата Заңды кеңінен түсіндіруге, елдің әрбір тұрғынына оны жеткізуге арналған шараларды алдыңғы орынға қойған дұрыс деп санаймын.

Әр мемлекеттің Конституциясында айқындалған адам мен азамат құқықтары бар. Олар көп жағдайда қазіргі заман талабына орай халықаралық нормаларға да толық сәйкес келеді. Бірақ, іс жүзінде кейбір жеке заңдардың күшімен әлде елдегі саяси себептермен адам құқықтарының бұзылатын фактілері әлі де көп. Өкінішке қарай ондай фактілердің азаятын түрі көрінбейді.

Адамдар көп жағдайда қарапайым өз құқықтарын білмейді. Сондықтан, олардың тапталуына жол береді. Ендеше, ең алдымен, сауаттылық мәселесіне көңіл бөлген жөн деп санаймын. Бұл жерде құқықтық нигилизм де, сауатсыздық та, сенімсіздік те баршылық. Сол себепті, ең алдымен адамдардың өз құқықтарының сақталуына деген сенімін қалыптастыру қажет. Ол үшін құқық қорғау органдарының жүйелі түрде жұмысы қажет. Әйтпесе, адамдардың құқығын қорғайтын арнайы органдар тұрғанда, басқа ұйымдарға, әкімшілікке, партия ұйымдарына немесе бұқаралық ақпарат құралдарына арызданып баратыны түсініксіз. Ондай келеңсіз жағдайды болдырмау үшін құқықтық сауатсыздықты жою жағына көп көңіл бөлу қажет.

Құқықтық мемлекет, заңның басымдылығы жөнінде көп айтамыз. Бірақ, қоғамдық санада құқықтық сана мен діни сана, заң мен кейбір дәстүр арасындағы қайшылықты байқауға болады. Демек, «бәрі де заң жүзінде болуы қажет» қағидасы қоғамда басым болуы керек. Сонымен бірге Конституцияны білудің, сақтаудың оны әлдебіреулердің  мүддесі үшін бұрмаламаудың негізгі бір себебін еске салсақ, ол үшін «Конституцияда ештеңе бұзбаңыздар, оны қолдау қажет, себебі бұл біздің еркіндігіміздің жалғыз кепілі», деген Абрахам Линкольннің сөзін де естен шығармаған жөн.

 Өмірбек БЕКЕЖАН,

 Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің

кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button