
Бірлік пен бейбіт өмірдің бағдары
Халықтың еркіндігін айқындайтын, елдің тағдырын анықтап, болашағын бекемдейтін құнды құжат – Конституция. Ол жай ғана заңдар жинағы емес, тұтас бір ұлттың арман-мұраты мен асыл мұраттарының айнасы. 1995 жылғы 30 тамыз – қазақ халқының тарихында алтын әріппен жазылған күн. Бұл – ел тізгінін өз қолына алып, болашағын өзі айқындауға бел буған тәуелсіз халықтың таңдауы. Дәл осы күні қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы – азат елдің айбарлы рәмізі, бірлік пен тұрақтылықтың кепілі, мәңгілік ел болуға бағыт алған ұлы құжат ретінде тарих төрінен орын алды.
Бұдан тура 30 жыл бұрын, 30 тамыз күні Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, бүкілхалықтық референдум арқылы елдің жаңа Конституциясын бекітті. Бұл халқымыздың шынайы ерік-жігерінен туындаған тарихи таңдау еді. Бұған дейінгі конституциялар мемлекеттік өкілетті органдардың шешімімен қабылданса, бұл жолы Ата Заң тікелей халықтың дауыс беруі арқылы өмірге келді.
Жаңа Конституция – мемлекетіміздің даму бағытын айқындаған стратегиялық құжат. Онда тек адамның, азаматтың мәртебесі ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік құрылым мен қоғамдық жүйенің негізгі қағидаттары да нақты көрсетілді. Ең бастысы, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялап, оның ең басты құндылығы – адам және оның құқықтары мен бостандықтары екенін бекітті.
Ата Заң – ғасырлар бойы қалыптасқан адамзаттың ортақ құндылықтарын бойына сіңірген, халқымыздың тарихи тәжірибесімен және заманауи талаптармен үндескен бірегей құжат. Конституциямызда жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің құқықтары тең дәрежеде қорғалып, Қазақстан халқының бірлігін сақтауға ерекше мән берілді.
Конституцияны әзірлеу барысында әлем елдерінің озық тәжірибелері ескеріліп, ұзақ әрі мұқият сараптау жұмыстары жүргізілді. Сондықтан 1995 жылғы Конституция кездейсоқ қабылданған жоқ. Ол егемен еліміздің болашағын құқықтық тұрғыдан бекіткен маңызды қадам болды.
Ата Заң – мемлекеттілігіміздің тұғырнамасы, елімізде жүзеге асып жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың берік негізі. Ол тәуелсіздігімізді айқындап, демократиялық институттардың қалыптасуына жол ашты. Сонымен қатар, қазақ халқының терең тарихи, мәдени, рухани дәстүрлері де ескеріліп, ұлттық ерекшелігіміз сақталды.
30 жыл ішінде Конституция аясында 2800-ден астам заң қабылданып, қоғамдық өмірдің әр саласын дамытуға серпін берді. Заңнамалық жүйе халықтың әл-ауқатын арттырып, елдің тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға үлес қосты.
Конституцияның «Адам және азамат» деп аталатын бөлімінде адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық берілген. Мәселен, 30-бапта адамның құқықтары мен бостандықтары оның өмірге келген сәтінен бастап өзіне тиесілі екені және оған ешкімнің қол сұға алмайтыны нақты жазылған.
Қазақстан азаматтарының құқықтары халықаралық құқық нормаларына толық сәйкес келеді. Ұлтына, тіліне, дініне, әлеуметтік жағдайына, саяси көзқарасына қарамастан, ешкім қуғындалмайды. Сөз бостандығы, еңбек ету, білім алу, жеке меншікке ие болу, қоғамдық бірлестіктерге мүше болу сияқты негізгі құқықтар Ата Заңымызда толық қамтылған.
Бүгінде Конституция саяси тұрақтылықтың, әлеуметтік әділеттіліктің және экономикалық өрлеудің сенімді іргетасына айналды. Бұл – әрбір заң мен шешімнің, әрбір қоғамдық қатынастың бастауы. «Конституция – елдегі қоғамдық күштердің шын мәніндегі арақатынасы» деген ойды неміс ойшылы Фердинанд Лассаль сонау 160 жыл бұрын айтса, бұл пікір бүгінде Қазақстан үшін өмір шындығына айналып отыр.
Ата Заң арқылы біз өз тәуелсіздігімізді бекітіп, мемлекетті басқарудың президенттік-парламенттік үлгісін қабылдадық. Қазақстанның егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды, ал мемлекет өз жерінің тұтастығын, бөлінбеуін және қол сұғылмауын қатаң қадағалайды. Бұл қағидалар еліміздің құқықтық негізін нығайтып, мемлекеттілігімізді берік етті.
Қорыта айтқанда, Конституция – тәуелсіздіктің айғағы, болашаққа апарар берік бағыт. Ата Заңда айқындалған міндеттер мен мақсаттар бүгінде елдің әр саласындағы жетістіктерге жол ашып отыр. Саясаты салиқалы, экономикасы еңселі, халқы ынтымақты еліміз Конституцияның негізінде өркениетті мемлекеттермен иық теңестіруде. Сондықтан да Конституция – елдігіміздің алтын арқауы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары.
Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті, сеньор-лектор