Жарнама
Құқық

Алиментті кім төлейді?

Балаларын кәмелеттік жасқа жеткенше асырап-бағу – адами тұрғыдан да, заң алдында да әрбір ата-ананың басты міндеті. Алайда, дәм-тұзы жараспаған кейбір ерлі-зайыптылардың ортасында бауыр еті – балаларының тағдыры талқыға түсетіні бар.  Осындай жағдайда бала құқығының бұзылмауына назар аударған сот орындаушылары әкесі алименттен жалтарса, қарызды борышкердің ата-анасынан өндіріп алуға мәжбүр болады. Осы тақырып бойынша Атырау облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Гуланда Қыстаубаевамен сұхбаттасып, тақырып төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.

– Гуланда Орынбасарқызы, баланы асырау үшін ата-анасының заңды немесе азаматтық некеде, ажырасқан болуы маңызды емес екені белгілі. Өңірде алимент өндіру туралы атқарушылық құжаттардың статистикасына тоқталсаңыз…

– Қазақстан ажырасу көрсеткіштері бойынша әлемде екінші орында тұр. Неке бұзудың саны артқасын, алимент төлейтін борышкерлердің қатары көбейді.  Статистикалық мәліметтер алимент өндіру жөніндегі шыққан әрбір төртінші сот шешімі орындалмайтынын көрсетіп отыр. Туған баласынан безген безбүйрек әкелер мен аналардың  балаларын жастайынан «тірі жетім» атандырып, өз қанынан жаралған ұрпағына қатыгездік жасауы көңілге қаяу салмай қоймайды. Осындай қоғамдық ауыр мәселеден балалар зардап шегіп отыр.

Иә, ата-аналар мен балалардың арасында туындайтын ең өткір сұрақтың бірі – алимент төлеу. Алимент деп біз көп жағдайда тек ажырасқан әкенің өз баласына төлеуге міндетті ақысы деп білеміз. Алайда, алименттің басқа да түрлері бар. Бұл төлем әкеге ғана емес, сонымен қатар анаға да жүктелетінін естен шығармаған абзал. Қамқорлықта, қорғаншылықта немесе патронаттық тәрбиедегі балалар, сондай-ақ асырап алынған балалар да алиментке құқылы.

Заман өзгерді ме, адам өзгерді ме, қазір борышкер әйел адамдардың да қатары көбейді. Бұрын «анасы баласын тастап кетіпті, алимент бойынша борышкер болды» дегенді естімеуші едік қой. Өйткені, әйел адамның басқаша қарекет жасауы мүмкін емес еді. Ал, бүгінде Атырау облысы бойынша жеке және мемлекеттік сот орындаушыларының өндірісінде алимент өндіру туралы 9600 атқару құжаты болса, оның 48-ін борышкер әйел адам құрайды, яғни аналар.

Аналық құқығынан айырылып, кәмелетке толмаған ұрпағын балалар үйіне тастап кеткен 21 әйел мемлекет пайдасына алимент төлеуі тиіс. Ал, қалған 27 борышкер әйел ерінің тәрбиесіне тастап кеткен балалары үшін алимент төлейді. Өңірде жалғызбасты 27 әке балаларына алимент алып отыр.

Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын бір балаға – ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің – төрттен бір бөлігін; екі балаға – үштен бір бөлігін; үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады, ол сотпен белгіленеді.

– Ал, алимент өндіруде ата-әженің қандай қатысы бар?

– Жоғарыда айтып өттім, алимент негізі қарыз емес, әрбір ата-ананың парызы. Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің 138-бабында ата-ананың кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағу жөніндегі міндеттері нақты көрсетілген.

Көп жағдайда өз балаларына алимент төлемей, жалтарып, сот орындаушысынан жұмыс орны мен тұрағын, мүлкін жасырып қашып жүретін ата-аналар да бар. Кейбір борышкерлердің ата-аналары, яғни баланың ата-әжелері өз баласын әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы үшін төлейтін жағдайлары кездеседі.

Енді сұрағыңызға жауап берейін, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің 152-бабында атасы мен әжесінің немерелерін күтіп-бағу жөніндегі міндеттері көрсетілген. Өздерінің еңбекке жарамды ата-аналарынан, бірге туған кәмелетке толған еңбекке жарамды аға-апаларынан күтіп-бағу қаражатын алуға мүмкіндік болмаған жағдайда, кәмелетке толмаған көмекке мұқтаж немерелердің алимент төлеуге қажетті қаражаты бар ата-әжесінен сот тәртібімен алимент алуға құқығы бар.

Сондай-ақ кодекстің 153-бабында керісінше өздерінің кәмелетке толған еңбекке жарамды балаларынан немесе жұбайынан (бұрынғы жұбайынан) күтіп-бағу қаражатын алу мүмкін болмаған жағдайда, көмекке мұқтаж немесе еңбекке жарамсыз ата-әже өздерінің (алимент төлеуге қажетті қаражаты бар) еңбекке жарамды кәмелетке толған немерелерінен сот тәртібімен алимент талап етуге құқылы.

Бұл отбасы заңнамасына сәйкес, ата-әжесінен немерелерін күтіп-бағу жөніндегі міндеттері, егер баланың өзінің еңбекке қабілетті ата-анасынан алимент алуға мүмкіндігі болмаған жағдайда ғана пайда болады.

Егер сот орындаушысы сот актісін орындау барысында борышкерден алимент өндіру мүмкін болмаған жағдайда, атқарылған атқарушылық әрекеттері ешқандай нәтиже бермеген кезде өндіріп алушы ата-әжесінен алимент өндіру туралы арызбен сотқа жүгінеді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 72-бабы талабы бойынша әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын  мән-жайларды дәлелдеуге міндетті. Егер сотта арызда келтірген уәждері өз дәлелін тапқан жағдайда сот арқылы қанағаттандырылады.

Талап қоюшы ата-әжесінен сот актісімен белгіленген мөлшерде ғана  алимент талап ете алады. Алимент ата-әжелерден 25, 33, 50 пайыз мөлшерінде ғана өндіріледі.

– Борышкердің жалақысы болмаған жағдайда алимент өндiрiп алу тәртiбі қандай?

– Сұрағыңыз орынды. Жалпы, сот орындаушысы алимент бойынша берешекті тоқсан сайын айқындайды. Сот орындаушысы берешек анықталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде қаулыны танысу үшін атқарушылық іс жүргізу тараптарына жібереді. Мүгедектер болып табылатын борышкерлер үшін ай сайынғы төлемдер немесе алимент бойынша берешек олардың жалақысынан және өзге де кірісінен, ал егер олар жұмыс істемейтін жағдайда, мемлекеттік бюджеттен немесе Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін ай сайынғы жәрдемақылардан және әлеуметтік төлемдерден айқындалады.

Осы жерде кеңінен түсіндіріп кетейін. Борышкердің жалақысы болмаса немесе борышкер сот орындаушысына тапқан табысы туралы нақты ақпарат ұсынбаған жағдайда алимент берешегі Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерiнде айқындалады. Көп жағдайда борышкер еңбекақысын  ең төменгі жалақы мөлшерін көрсетіп, жеке кәсіпкерлерден, таныстарынан анықтама алып келеді. Бірақ, ол анықтаманың шындыққа қаншалықты сәйкес келетіндігін сот орындаушысы тексереді. Жалған ақпарат берген жұмыс беруші де, жалтарған борышкердің де жауапкершіліктері қаралады.

Алимент берешегін төлемей жүрген борышкердің қандай ма болмасын мүлкі болса Заңның 32-бабына сәйкес, атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету шаралары қолданады және осы Заңның 61-бабына сәйкес өндіріп алуды қолдануға болмайтын мүлікті қоспағанда, борышкердің қалған мүлкі арқылы өндіріп алынады.

– Борышын уақытында төлемейтіндер бар ма? Өндіру үшін атқарылатын жұмыстармен бөліссеңіз…

– Облыс бойынша мүлдем алимент төлемей жүрген 260 қаскөй  борышкер бар. Сот шешімін орындамаған борышкерлерге (балаларына алимент төлемейтін қашқындарға) әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті одан әрі күшейту көзделген.

Алимент өндіру туралы атқару құжатын орындамаған борышкерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексінің 669-бабына сай әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданады. Бұл бап бойынша сот актілерін, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдардың қаулыларын орындамау – жеке тұлғаларға он айлық есептік көрсеткіш, ал лауазымды адамдарға жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салынады, немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.

Сондай-ақ ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты 18 жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамауы, кәмелетке толған еңбекке қабілетті адамның өзінің еңбекке қабілетсіз ата-анасын күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден үш айдан астам жалтаруы, еңбекке қабілетті адамның еңбекке қабілетсіз және материалдық көмекке мұқтаж жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден алты айдан астам жалтаруы – бас бостандығын шектеуге себеп болуы мүмкін.

Сот орындаушысы ҚР-ның «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 32-бабына сәйкес, борышкердің жылжымалы-жылжымайтын мүлкіне тыйым салуға, Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы қаулы шығаруға құқылы. Ал, өндіріп алушының өтініші бойынша осындай қаулы шығаруға міндетті екенін ескеру керек.

Егер алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша берешек жиналып қалған жағдайда борышкерге лицензиялар, рұқсаттар және арнайы құқықтар беруге уақытша тыйым салу немесе тоқтата тұру туралы сотқа ұсыныс жіберіледі. Ол дегеніміз – борышкердің автокөлік жүргізушілік куәлігін берешегін төлегенше уақытша алып қою деген сөз.

«Алимент бойынша үш айдан астам берешегі бар тұлғаларды еңбекпен қамту мәселесі бойынша өзара іс-қимыл тәртібін бекіту туралы» бірлескен бұйрық негізінде борышкерлерге жұмыспен қамту орталығына есепке тұруға хабарлама беріледі. Егер орталық тауып берген жұмысқа борышкер барудан бас тартқан жағдайда борышкер әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке  тартылуы тиіс.

Өз балаларының әлеуметтік-материалдық жағдайын қиындатып жүрген борышкерлер жазасыз қалмауы қажет.

– Жеке сот орындаушысының қызметіне қанағаттанбаған жағдайда арыздану құқығы бар ма?

– Жалпы, Атырау облысы әділет департаментінде 8 мемлекеттік сот орындаушысы, облыстық жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасында 86 жеке сот орындаушысы қызмет атқарады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 250-бабына және Заңның 127-бабы бойынша өндiрiп алушы немесе борышкер сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөнiндегi шешiмiне және әрекетiне (әрекетсiздiгiне) немесе осындай әрекеттер жасаудан бас тартуына байланысты сотқа шағымданады. Егер сот орындаушының атқарушылық әрекеттер жасағанына, сол бойынша шығарылған қаулыларына келіспеген жағдайда бірінші кезекте жеке сот орындаушысының өзіне шағымдануға болады. Егер арызға берген жауапқа қанағаттанбаған жағдайда Атырау облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына, әділет департаментіне шағымдана алады.

– Жеке сот орындаушысына қолданылатын тәртіптік жаза туралы біле жүрейік…

– Заңның 170-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы заңнамасының, жеке сот орындаушыларының кәсіптік ар-намыс кодексінің және Республикалық палата жарғысының талаптарын бұзғаны үшін жеке сот орындаушысына ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс қолданылады. Сондай-ақ уәкілетті органға жеке сот орындаушысының лицензиясынан айыру туралы ұсыныс беріп, республикалық палата мүшелігінен шығару түріндегі тәртіптік жаза да қарастырылуы мүмкін.

Бір ай ішінде заңда белгіленген тәртіппен істердің әлеуметтік маңызы бар санаты, алимент өндіру істері  бойынша атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамаған жағдайда жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтату және лицензиясынан айыру мәселесі қарастырылады.

– Сұхбатыңызға рақмет, қызметтеріңіз абыройлы болсын!

Сұхбаттасқан Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button