Жарнама
Құқық

Билер кеңесі бірлікке бастайды

Қазақ даласының тарихына көз жүгіртсек, елдің ынтымақ-бірлігін сақтап, әділ төрелігімен халықты ұйыстырған билер институты әрқашан да ұлт тірегіне айналған. «Батыр елін жауға бермейді, би елін дауға бермейді» деген дана сөздің төркіні де осында. Би – халықтың әділдігі мен ар-ұятының айнасы, ел ішіндегі татулықтың тірегі болған.
Бұл дәстүр бүгінгі күнде де жалғасын тауып келеді. Қазір республика бойынша дала даналығының сабақтастығы іспетті Билер кеңесі жұмыс істеп тұр. Әр өңірде қара қылды қақ жарған абыздар бас қосып, даулы мәселелердің әділ шешімін табуда.


Иә, 2018 жылы республика Жоғарғы Сотының бастамасымен Атырау облыстық «Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігі құрылды. Оның негізгі мақсаты – қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті нығайту, дау-жанжалды сотқа жеткізбей бейбіт жолмен шешу. Содан бері бұл кеңес ел ішінде үлкен мектепке айналды.
Сондай-ақ сот төрелігі – заңға сүйеніп әділдік орнатудың жолы болса, Билер кеңесі – халықтық дәстүрге сүйене отырып татулыққа жетудің жолы. Екі жүйе де бір-бірін толықтырып, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтауға үлес қосуда. Әсіресе, соттар жанындағы татуластыру рәсімдері мен медиацияның дамуы Билер кеңесінің қызметімен үндесіп, ортақ мақсатқа – халықты бірлікке шақыруға бағытталып отыр.

Ғасыр «қасіреті»
Біз әңгімелескен Атырау облыстық Билер кеңесінің төрағасы Ақмырза Батырхайыров жастар арасындағы ажырасудың көптігіне алаңдайды екен.
– Мен 2023 жылы төрағалыққа сайландым. Біз ең әуелі ғасырдың қасіретіне айналған мәселе – жастар арасындағы ажырасумен күресеміз. Өкінішке қарай, Атырау облысы бұл жағынан республикада бірінші орында тұр. Айтар ауызға ұят болса да, шындықты бүркемелей алмайсың. Жастардың отбасын сақтап қалу – ең басты міндетіміз. Өйткені, отбасы – ел іргесінің берекесі, — дейді ақсақал.
Билер кеңесіндегі жұмыстың басым бөлігі екі жастың арасын жарастыруға бағытталған. Бұған қоса, жер дауы, жесір дауы секілді көне заманнан жеткен мәселелер де кездесіп тұрады. Мысалы, біреу үй тұрғызғанда көршісінің жерін меншіктеп алса, билер араға түсіп, әділ шешім шығарады.
Билер кеңесінде жастарды татуластырудың өзіндік әдістемесі бар. Ақмырза ақсақал белгілі медиатор Рубен Маркарьянның тәсілін қазақы дәстүрмен үйлестіріп қолданатынын айтады.
– «Ажырасамыз» деп келген жастарды екі бөлек бөлмеге отырғызамыз. Ешкімді жолықтырмаймыз. Қойылатын сұрақтар бар: «қалай үйлендіңдер, жанұяға қандай үлес қосып жүрсіңдер, қайынжұртыңмен сыйластығың қалай?» деген сияқты. Осы сұрақтардың бәрін қағазға жаздырып, соңында «айтқанымның бәрі рас» деп қол қойдырамыз. Еріне бөлек, әйеліне бөлек. Сөйтіп барып, екі жаққа тиімді алтын ортасын табуға тырысамыз. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дейді ғой. Кейде құда-құдағайларды араластырып, жастарға ақыл айтып, қайта жарастырамыз. Тіпті артынан хабарласып, «Қалайсыңдар, шырақтарым, білместік жұрттың бәрінде болады, енді кешіріммен қараңдар» деп ақыл қосып отырамыз. Кейін көздері жаутаңдап алғысын айтқан талай жас отбасыны көрдік, — дейді ол.

«Би – ілуде бір туады»
Би болу екінің бірінің қолынан келмейді. Ол үшін терең білім, шешендік, батылдық пен әділдік қатар жүруі тиіс. Абайдың қара сөздері, Ыбырай Алтынсариннің еңбектері, қазақ билерінің нақылдары мен кесімді сөздері – билер кеңесінің рухани азығы.
– Қазақта «Ақын да, батыр да көп туады, ал би ілуде бір туады» дейді. Бұл бекер сөз емес. Бидің сөзі – халықтың сөзі. Би төрелік айтқанда әділдік қана билік құруы тиіс, — дейді облыстың бас биі.
Қазір облыс бойынша 98 би бар, оның 46-ы – қалада. Олардың арасында заңгерлер, судьялар, мұғалімдер, директорлар, ақын-жазушылар бар. Тіпті мемлекет басшысының қолынан орден алған журналист Кәрім Бахриденов, ақын Төлеген Жаңабайұлы сынды тұлғалар да қатарда. Үш академик биіміз – Қосыбек Ырзағалиев, Бақтыбек Таубаев, Тілекқос Сүйесінов ел игілігіне үлес қосып жүр. Әсіресе Орақ Жұмағали, Айсұлу Омарова, Дәмелі Ізбасқанова, Тамара Амантурлина, Аман Ибатов, Ғизатолла Мүрсәлімов, басқа да билердің еңбегі ерекше. Бірі ауыл-ауылды жаяу аралап, жастарды жарастырса, бірі алдына келген жұптың 90 пайызын қайта татуластырады.
Жыл басынан бері облыс бойынша ажырасу туралы 1411 арыз түссе, соның 436-сы татуластыру арқылы шешіліпті. Қаладағы 844 арыздың 147-сі бітіммен аяқталған. Бұл – жүздеген бала тірі жетім атанбай, толық отбасы сақталды деген сөз.

Тәжірибе мен марапат
Облыстағы билер кеңесі құрамының 46-сы облыстық деңгейде, 52-сі аудандық кеңестерде еңбек етеді. Әрқайсысы халықтың сеніміне ие, беделді азаматтар. Олардың жұмысы елеусіз қалған жоқ. Жеті би арнайы марапатқа ие болса, сот органдары да түрлі мерекелерде 20-дан астам биге Алғыс хат табыстаған.
«Биде мал болмайды, жүйрікте жал болмайды» дейді халық. Билер кеңесі де ешкімнің филиалы емес, тек халыққа қызмет ететін қоғамдық ұйым. Қазір Жылыой, Мақат аудандары билер кеңесінің қызметі озық аталып жүр. Құрманғазы, Индер, Исатай аудандары да біртіндеп жаңа серпін алып келеді. Бүгінде кеңестің өз әнұраны бар, авторлары – Мұрат Сарманов пен Дәмелі Ізбасқанова. Алдағы уақытта кеңес жұмысы жайлы арнайы кітап та жарық көрмек.
– Біз бір ғана дауды шешпейміз, ең бастысы адамдардың жүрегін жарастырғымыз келеді. Елдің ынтымағы – ең үлкен жеңісіміз. «Бірлік бар жерде тірлік бар», сол үшін де билер кеңесі жұмысын тоқтатпауы тиіс деп ойлаймын. Келешекте жұмысты жалғастыра алатын азаматтар да бар, — дейді Ақмырза Батырхайырұлы.
Иә, Қазақ хандығы тұсында, әсіресе Тәуке ханның «Жеті жарғысы» кезінде билер кеңесі ел тағдырын шешкен аса маңызды орган болды. Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген билер де сол заманда болыпты. Бүгінде сол дәстүр қайта жаңғырып, Билер кеңесі қоғамдағы үлкен институтқа айналып отыр.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button