БЕКІРЕ «БАРЫМТАШЫЛАРЫ»
Бүгінде облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері заңсыз балық қорының айналымына байланысты 189 құқық бұзушылықты анықтады. Оның 153-і заңсыз балық аулау және балық аулау ережелерін бұзу дерегі. Өнімді заңсыз сату, сатып алу, сонымен қатар заңсыз тасымалдау жағдайлары да тіркелді. Қазіргі күнге дейін 189 құқық бұзушы ұсталып отыр, олардан 3,5 тоннадан астам балық тәркіленді. Мұның 800 келіден астамы бекіре тұқымдас балық, 3 келі қара уылдырық екеніне тоқтала кетейін. Екі суда жүзу құралы да қолға түсті.
Шара басталғалы көтерілген қылмыстық істердің саны 46-ны құрайды. Балық аулау ережелерінің бұзылуына байланысты 151 әкімшілік хаттама толтырылды, 57 материал сотқа жолданып отыр. Мәселен, жуырда Атырау қалалық ішкі істер басқармасының өкілдері облыс орталығының Құрманғазы көшесі бойындағы жанар-жағармай құю станциясы тұсынан «Субару» автокөлігін тоқтатып, тексереді. Сонда автокөлікке 129 келі бекіре балығының жасырылғаны анықталды. Ал, исатайлық полицейлер «Атырау-Астрахан» тас жолында (Жанбай селосы тұсында) тоқтатқан «ГАЗ» автокөлігі 372 келі қара балықты заңсыз тиеп алыпты. Жуырда «Атырау-Дамба» тас жолы бойында кетіп бара жатқан «ВАЗ» автокөлігінің жүк салғышынан 30 келі бекіре тұқымдас балығы табылып, тәркіленді.
Мұның бәрін айтып отырғанымыз, табиғат байлығына қол салушылар қатары әлі азаймай отыр. Полицейлер олармен ымырасыз күресе беретін болады.
Гүлнәзира МҰХТАРОВА.