Жарнама
Құқық

Бейкүнә бала жыламауы тиіс!

Биылғы 15 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» екі заңға қол қойды. Жаңа заңдылықтардың ерекшелігі неде, бала құқығын қорғауда қандай мүмкіндіктер береді?

Осы орайда Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жанат Хабаров әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты заңдағы өзгерістер балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін айтады.

– Иә, кәмелетке толмағандардың құқығына қол сұғатын деректер бар. Жасыратыны жоқ, мұндай әрекеттерге көбiнесе ересектер себепшi болады. Сондықтан балалардың құқығын қорғау қоғамдағы өзектi мәселенiң бiрiне айналып отыр. Бейкүнә баланың жыламауы және оның құқығы заңды әрі жүйелі қорғалуы үшін қолданыстағы заңнама талапқа сай болуы тиіс. Қабылданған жаңа құжатта неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу, балалардың рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған, — деді Жанат Саматұлы.

Айта кету керек, облыстық кәмелетке толмағандар iсi жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотының мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, содан кейiн заң бұзған, түрлi себептермен қылмыс жасаған балаларды қолданыстағы заң шеңберiнде жауапкершiлiкке тарту. Мамандандырылған сотта тентек баланы түзу жолға түсірудің жолы қарастырылады. Арнайы мектептерге жiберу немесе ата-аналарын жауапқа тарту түрiнде бола ма, қалай болғанда да терiс жолға түскен жасөспiрiмдердi түзету мәселесі зерделенеді.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Сурет: Zakon.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button