Жарнама
Құқық

Бақилық «борышкер» де бар екен…

Атырауда жеке сот орындаушылары қайтыс болған борышкерлерге қатысты істерді тоқтату бойынша тиісті шаралар қабылдамаған. Бұл туралы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің аға прокуроры Эльмира Насенова айтып берді.
– Жеке сот орындаушыларының қызметі тексеріліп, олардың қайтыс болған 109 тұлғаға қатысты негізсіз атқарушылық іс қозғағаны анықталды. Сондай-ақ, 500-ден астам борышкерге қайтыс болуына байланысты атқарушылық іс жүргізуді тоқтату шаралары қабылданбаған. Оның ішінде әкімшілік айыппұл, алимент, несие, т.б. төлемдер бар. Ал заң бойынша егер қарыз мирасқорға ауыспаса, атқарушылық іс жабылуға тиіс. Бірақ бұл заң талабы орындалмаған. Енді 45 жеке сот орындаушы тәртіптік жауапкершілікке тартылады, — деді аға прокурор.
Мысалы, П.К. есімді борышкер 2017 жылы қайтыс болған. Борышкердің «KaspiBank» АҚ-на 328 323,78 теңге бережағы бар екен. Жеке сот орындаушы 2019 жылы бақилық борышкерден ақша өндіру туралы істі негізсіз қозғағаны белгілі болды.
Қала тұрғыны И.Б. есімді адам 2022 қайтыс болады. Алайда ол жағдай жеке сот орындаушыға атқарушылық іс қозғауға «кедергі» болмапты. Ол 2024 жылы қайтыс болған борышкерден баж салығын өндіріп алу туралы негізсіз іс қозғаған.
– Жеке сот орындаушыларының жұмысты дұрыс ұйымдастырмау, заңды орындау тәртібін сақтамаудың нәтижесінде 2023 жылғы есептің бұрмалануына әсер еткен. Орын алған фактілер бойынша Өңірлік жеке сот орындаушылар палатасына заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс жолданды, — деді Эльмира Насенова.
Аға прокурордың айтуынша, мемлекеттік статистикалық есептіліктің сенімділігін қамтамасыз ету мәселесі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің тұрақты бақылауындағы басым міндеттердің бірі болып табылады.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Сурет: www.zakon.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button