Жарнама
Құқық

БАНКТЕН ҚАШҚАН БОРЫШКЕРЛЕР ЕНДІ СОТ АЛДЫНДА ЖАУАП БЕРМЕК

 

Дегенмен, соңғы жағдайдың өзінде қаржылық сауатсыздық көзге түседі: несие рәсімдеген адам өзінің табысын, кірісін шамалап барып, көрпесіне қарап көсілмес пе?!
Атырау облысы бойынша сот актілерін орындау департаменті ұйымдастырған кезекті рейдке «Валюттранзитбанк», «БТА-банк» облыстық филиалдарының өкілдері тартылды. Қазіргі таңда облыс бойынша 57 адам «Валюттранзитбанк» мекемесіне 168453860 теңге қарыз болса, «БТА-банк» 170 адамнан 892770243 теңге бережағын өндіре алмай, сотқа жүгінуге мәжбүр болған.
Біз алдымен ат басын тіреген Авангард ықшамауданындағы пайдалануға берілгеніне көп болмаған, жаңа, сәулетті, зәулім үй сот шешімінің орындалуы үшін тер төгетін сот орындаушыларының бірқатар проблемаларын жарыққа шығарды. Алдымен темір есіктің міз бақпай телмірген домофонын ашу қажеттігі туды. Мойнында қарызы бар пәтер иелерінің мұндайда есік ашпайтын «әдеті» бар. Бұл жолы есік алдында демалып отырған тұрғындардың көмегімен ішке кіріп, жоғары көтерілдік. Қызық болғанда, банк борышкерінің ішінде лифтісі жоқ көп қабатты үйдің жоғары қабаттарында тұратындары көп-ақ. Сот орындаушыларына кейде он алтыншы қабатқа дейін жаяу көтерілуге тура келеді. Бұл жолы Атырау облысы бойынша сот актілерін орындау департаментінің Атырау аумақтық бөлімінің бастығы Мұратхан Қалыбеков пен сот орындаушысы Шынар Айыпқалиева бастаған топтың іздеген пәтері тоғызыншы қабатта. Шаршап-шалдығып көтерілгенде үйінде болса игі еді. Жоқ. Қоңырау қанша соғылғанмен, есік міз бақпады.
Д.Хамзаев «БТА» банкке 18 млн. теңге бережақ. Пәтерді саудаға шығару жөніндегі сот шешімі өткен жылы шықса да, әлі күнге дейін орындалмай келеді. Ипотекалық жолмен рәсімдеген осы пәтерді кепілдікке қойған Хамзаев кейін мұнша соманы төлей алмайтынын көлденең тартқан. Есікті бірнеше минут үсті-үстіне қағып, төмен түстік. Кідіруімізге себеп те жоқ емес: борышкерлердің «ұната» қоймайтын адамдары келгенде тығылыспақ ойнағандай жасырына қалатынын рейд мүшелері жақсы біледі.
Вокзал маңы ықшамауданындағы дүкеннің иесі Д.Жұмалиева аталмыш банктің 4 млн. 704 мың теңгесін өтемеген. Кепілдік мүлік ретінде басқаны емес, өздері бір жағында тұрып, екінші жағын сауда орны етіп күнелтіп отырған пәтерді қойған. Бұған дейін кәсіпкерге қарызынан бөлшектеп төлеп құтылудың мүмкіндігі ұсынылыпты да. Енді қалалық соттың дауға айналған дүкенді сатып, банк берешегін өндіру жөніндегі шешімі қолда.
Д.Жұмалиеваның айтуынша, айына 80 мың теңгесін уақтылы төлеп отырса да жазықты болып қалыпты. «БТА-банк» Атырау филиалының борышты қайтару бөлімінің қызметкері Азамат Сатанқұлов журналистерге тікелей басшыларының рұқсатымен ғана түсініктеме бере алатынын жеткізді. Алайда, әйелдің банкті жерден алып, жерге салып, «күйеуі мен үш баласын сонда апарып тастайтынын» айтқан қоқан-лоқысына ол шыдай алмағандай.
— Біз несиесін төлемей отырғандарға үш айға дейін мерзім береміз. Одан кейін іс сотқа беріліп, сот шешімі шығады. Сот орындаушылардың оны орындау үшін қанша уақыт жұмсайтынын көріп отырсыз. Бұл кісілер мәселені әбден ушықтырып, ақыр соңында барлығын кінәлауға әуес, — дейді ренішті қалыппен.
Бір нәрсе анық: банк, расымен де, несиесін тұрақты төлеп отырған клиенттерді сотқа сүйремейді. Екіншіден, борыштың алдында оны қайтару жауапкершілігі тұрғанын барлығы да ескеруі тиіс. Соның ішінде, банкке кепілдікке қандай да бір мүлкін, соның ішінде, басындағы жалғыз баспанасын қоярда кез келген кісі жақсылап ойланса керек еді. Өкінішке қарай, олай емес. Айналып келгенде барынан айырылып, айдалада қалуға қараған борышкерлер басын тауға да, тасқа да ұрып жатады.
Келесі барған үйімізде де солай. Д.Қабышева автобус сатып алып, соның арқасында шаруасын дөңгелентпек болып несие алады. 2007 жылдан былтырға дейін ол бережағын тиісінше төлеп тұрған. Бірақ, қанша дегенмен техника емес пе, әр жері бұзылып, қиюы кете бастаған көлік ақыры жүруге жарамай қалады. Сот орындаушыларының қолында автобусты автотұраққа қойып, саудаға шығару жөніндегі сот шешімі бар. Соңғы аталған екі жағдайда да борышкерлерге жергілікті сот актілерін орындау департаментіне белгіленген уақытта келу үшін хабарлама берілді.
Атырау облысы бойынша сот актілерін орындау департаментінің атқару өндірісінде жыл басында екінші деңгейлі сегіз банк бойынша 1684 борышкер 9 млрд. 131 млн. 143 мың 494 теңге бережақ болса, қазіргі күні оның ішінде 468 адам 1 млрд. 076 млн. 231 мың 352 теңгесін төлеген. Қалған сомаға қарап, проблеманың қаншалықты маңыздылығын шамалай беріңіз.

Құралай ҚУАТОВА.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button