Жарнама
Құқық

БАЛЫҚТЫҢ «БАРЫМТАШЫЛАРЫ» БАСЫНЫП БАРАДЫ. НЕГЕ?

Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Қайрат Өтеулиевтің айтуынша, браконьерлерге қарсы күрес қасқырға қой бақтырғанның керін келтіргендей. Жуырда қаржы полицейлері «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерін ұстады. Сөйтсе, бұл сабазың қылмыскерлермен әбден ауыз жаласып алыпты. Оларға қорған болып қоймай, өзі де жеңін түріп, балық аулаған. Қызметін асыра пайдаланған адам бүгінде жасаған ісіне өкініп отыр. …Қазан айының 10 жұлдызында жол полициясы өкілдерінің (қазір олар «жол-патрульдік полициясы» деп аталады) зымиян тірлігі әшкереленді. Көлденең жағдайдың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелген «алатаяқтылар» келеңсіздікке саусақ арасынан қарап келіпті. Яғни, заңсыз балық тиелген көліктің көрші облысқа өтуіне жағдай жасаған. Облыстық ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері сорақы жағдайдың жолын уақытында кесті. Қазіргі күні қылмыстық іс көтеріліп, жазықты қамауға алынды.
Келтірер болса, мұндай мысалдар аз емес. Әңгіме — табиғаттың байлығын жұлып тартып, үзіп жегендердің бүгінде ұйымдасқан қылмыстық топқа айналғандығында болып тұр. Браконьерлердің қатарынан құқық қорғау және өзге өкілетті орындар өкілдерінің көрінуі тіптен сорақы. Бөтен пиғылын ішіне бүккен кейбір погондылар қылмыстың құрықталуына емес, қайта тізбектеле орын алуына себепкер. Балықтың заңсыз аулануы, оның өнім ретінде өңделуі, контрабандалық тасымал, одан соңғы арам ақша, оны заңдастыру секілді үрдіс соның айғағы болса керек.
Айтпақшы, прокурорлар осы орайда мынадай мысал айтады: Бұрын тиісті органдар балықтың «барымташыларына» қарсы күресте дәрменсіз екендіктерін, материалдық хал-ахуалдарының төмендігі, кемелерінің жоқтығын айтып шағымданатын. Ал, қазір сұрағандарының бәрі бар. Жағдайлары жайлы, қолдары да ұзын. Алайда, браконьерлікпен күрес бәз-баяғыша қалуда. Неліктен?! Тоқталайын дегеніміз ол да емес, су сақшылары айдынға шықса, заңсыз балық аулаушыларды «кездестірмейді» екен. Жолықса да сирек. Мәселен, балық қорғау инспекциясы күзгі тартым кезінде бірде-бір заң бұзушыны анықтай алмапты. Керісінше, табиғат қорғау прокурорлары кемеге мінсе, алдарын шағын қайықтар кес-кестейтін көрінеді. Айғағындай, жуырда олар бес қаруын сайлаған браконьерлерді ұстаған. Олар әрқайсысына үш мотордан орнатылған үш байдаға мінгесіпті. Мемлекеттік табиғи резерваттың аумағынан табиғатқа тағылықпен қарағандардың құрал-саймандары, балық аулары да табылып отыр (ақиқатында, бұл жұмыстарды жүргізу прокурордың міндетіне жатпайды). Сонда «жауапты орындардың өз міндеттеріне жауапсыз қарайтыны неліктен?» деген заңды сұрақ туады.
— Заңсыз балық аулаудың және оны бақылаусыз шетелге шығарудың нәтижесінде мемлекетке экономикалық қана емес, сонымен қатар, ірі мөлшерде биологиялық залал да келтірілуде. Жыл сайын сапасы күмән туғызатын, адамдардың денсаулығына қаупі бар 3-5 тонна бекіре балығы мен 60 кило қара уылдырық тәркіленеді, — дейді мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Қ.Өтеулиев.

«Көздің құрты» қызғаныш туғызды

Балық аулаудағы берекесіздіктің бастан асқаны соншалық, онымен кім көрінген айналысатын болыпты. Істері заңды көрінгенімен, алған лимитін қосалқы мердігерлерге беретін кейбір кәсіпкерлердің тірлігі соған мысал. Осының негізінде адамның ойына келмейтін сұмдықтар орын алып, елдің байлығы кім көрінгеннің қолында кетіп жатыр. Мәселенің күрмеуі қиын түйінге айналуы себепті облыстық прокуратура бірнеше шара өткізді. Жуырдағы қоғамдық кеңестің тақырыбы да осыған арналды. Мұндай алқалы жиындар проблеманың себеп-салдарына үңілуге мүмкіндік береді. Балық қорғау міндеті жүктелген мекеме өкілдерінің нендей жауап айтарына құлақ тосасың. Дегендей-ақ, прокуратурадағы кеңесте Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бастығының міндетін атқарушы Мәншүк Темешева биылғы жылдың он айында 1 958 балық қорғау заңдылығының бұзылу дерегі тіркелгендігін айтты. 106 іс құқық қорғау орындарына тапсырылған. 18 дерек бойынша қылмыстық іс көтеріліп, 12 адам сотталып тыныпты.
Алайда, құрылым жетекшісі жасаған жұмыстарынан гөрі, өздерінің проблемаларына жұртшылықты көбірек үңілдірді. Баяндауынша, инспекцияның бүгінгі халі мүшкіл. Адамдардың саны аз, кеме жоқ, жанармай тапшы. Осыларды айтқан М.Темешева өзі басшылық етіп отырған инспекцияның қаржылық жағдайын көп біле бермейтін болып шықты. Облыс прокурорының орынбасары Серік Шалабаевтың «Мекеме бюджеті қанша соманы құрайды?» деген сұрағына нақты жауап бере алмады. Оны заңның сақталуын қадағалаушы орын өкілінің өзі айтты. Байқаса, балық қорғау инспекциясының қаржысы 340 млн. теңге көлемінде. Ал, браконьерлерден өндіріп алғаны 10 млн. теңгені құрайды. «Сонда мемлекеттің қыруар қаражатын шығарып, осындай құрылымды ұстап тұрудың қандай қажеттілігі бар?» — деді кеңеске қатынасушылар.
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватындағы ахуал да сын көтермейтіндігі анық. Оның жайы келешекте құзырлы орындардың талқысына түсетін секілді. Өйткені, мұнда мамандарды таңдау мәселесі дабыл көтеретіндей екен. Балық инспекциясынан қуылған, тіпті сотталған адамдар осында тоғысып жатқан көрінеді. Прокурорлар сол себепті аталған орын қызметкерлерін аттестациялау қажеттілігі туралы одан жоғары тұрған орындарға ұсыныс беретін болып келісті.
Жайық-Каспий бассейні ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері «бекіре тұқымдас балығы қорын сақтауға қатысты тез шара алмаса, өзенді бойлап, уылдырық шашуына жағдай жасамаса, су маржанынан айырылып қаламыз» дегенді ашып айтып отыр. Бағалы балық қорын көбейтудің басты жолының бірі — браконьерліктің жолын кесу. Ендеше, болашақ ұрпақты несібесінен айырмайық десек, табиғаттың байлығына тағылықпен қарайтындармен бірлесе күресуіміз қажет.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button