Жарнама
Құқық

Балалар күні әскери гарнизонда да тыс қалмады

Атырау қаласындағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Атаулы күнде гарнизонда ұйымдастырылған іс-шарада әскери қызметшілердің балалары өлең оқу және сурет салу байқауларына қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ бірі ата-аналарымен би билесе, енді бірі аниматорлардың интерактивті бағдарламасына қатысты.
–Мұндай іс-шаралар отбасының бірлігін арттырып, құндылықтарды түсінуге ықпал етеді. Өйткені, қызмет бабымен әскери қызметшілер балаларға жеткілікті уақыт бөле алмайды. Бүгінгі мерекелік көңіл-күй сол жеткіліксіздікті толықтыратынына сенімдімін. Әр ата-ана қай салада болса да балаларға қамқорлық жасау және олардың өмірін мүмкіндігінше жақсарту қажеттігін естен шығармауы керек. Офицер мен командир қызметте қаншалықты қатал болса да, үйде ол баласына сүйіспеншілігін аямайтын қамқор әке. Жалпы, әскери қызметшілердің балалары үшін әртүрлі конкурстар үнемі өткізіледі, олардың бос уақыттары үшін әскери бөлімдер жанынан секциялар ұйымдастырылып, әскери-патриоттық клубтар жұмыс істейді, — деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Бауыржан Артықов.

Бұл күні әскери бөлімге биыл оқуын аяқтаған түлектер де шақырылды. Бөлім командирлері оларды жеке құрам алдында мектепті тәмамдауымен құттықтады.

Мерекелік көңіл-күй Білім беру ісінің құрметті қызметкері Алтын Жұматинаның «Дарын» ұлдар хорының және Әйгерім Ходжаеваның «Жібек Жолы» өнер орталығының бишілерінің өнеріне ұласты.

Сондай-ақ, бұл күні «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Бауыржан Артықов әскери қызметшілерімен бірге қаладағы Сәбилер үйіне барды. Балаларға базарлық үлестірді. Әскерилер Сәбилер үйінің ауласына сенбілік ұйымдастыратындарын жеткізді.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button