БАЛА ТАҒДЫРЫНА АТҮСТІ КӨЗҚАРАС

олардың  теріс  жолға  түсуіне 

себепші  болып  отыр

Прокурорлар жасы кәмелетке толмағандар құқығының қорғалуына қатысты тексеру жүргізген еді. Оған жасөспірімдер арасындағы суицидтің азаймай отырғандығы себеп болды. Тексеру біраз олқылықты анықтады. Оның нәтижесі жуырда облыстық прокуратурада өткен алқа мәжілісінде ортаға түсті.

Маңызды  мәселеге көңіл  бөлінбеген

Кәмелет жасына толмағандардың жайы қашаннан да қоғамның басты назарында. Онымен негізінен жергілікті әкімдіктер жанындағы тиісті комиссиялар айналысады. Облыс прокурорының аға көмекшісі Гүлжан Сұлтанованың баяндауынша, бұл құрылымның қызметіне қатысты айтылатын сын көп. Комиссиялардың отырыстарды уақтылы ұйымдастырмайтын, хаттама шешімдерін орындамайтын кезі жиі кездеседі. Мәселен, Жылыой ауданында өткен жылдың бірінші тоқсанында, Құрманғазы ауданында мамыр айында жасы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жиындары мүлде өткізілмеген. Атырау қаласында былтырғы үшінші тоқсанда отырыс ұйымдастыру «ұмыт» қалыпты.

– Махамбет ауданындағы комиссиясының жұмыс жоспарында алдыңғы жылғы мәселелер қайталанса, Исатайда жұмыс жоспары жылдан-жылға көшіріліп, іс-шаралардың толық орындалмайтындығы, оның формальды түрде жүргізілетіні белгілі болды, – деді прокурордың аға көмекшісі.

Прокурорлық тексеру комиссияның жас өскіндердің құқығы бұзылуына жол беретіндігін де анықтап отыр. Құрманғазы ауданында комиссия отырысына қатысушы кәмелетке толмаған жанның және оның заңды өкілінің материалмен танысу мүмкіндігі шектелген, оларға хабарлама жолданбаған. Ал, Индерде жасөспірім мен ата-анасының мәселесі олардың қатысуынсыз талқыланыпты. Тиісті өтініштердің ескерусіз қалатындығы, өзекті проблеманың шешімін таппайтын жағдайы Атырау қалалық комиссиясында көп кездеседі. Бұған прокурорлар ерекше тоқталды.

Комиссия жұмысына айрықша маңыз берілуі де бекер емес. Өйткені, оның артында адамның тағдыры тұр. Жылыой ауданының бір тумасының басынан өткен мына жағдай соның көрінісі секілді: Жасы кәмелетке толмаған, жартылай жетім әлгі жасөспірімнің жан қиналысына уақытында ешкім мән бермепті. Ол оқу орнына бармаған, үй жағдайы шешілмеген, құқық қорғау органының есебіне алынбаған. Қараусыз, қамқорлықсыз қалған жан ақыры теріс жолға түсіп, қылмыс жасап тынды. Бес жылға сотталған ол қазір жазасын өтеуде. Мезгілінде жанашырлық көрсетілсе, бәлкім, әңгіме кейіпкері жас өмірін темір тордың арғы жағынан емес, қоғамда саналы азамат болып бастар ма еді?!

Полицияда  да немқұрайдылық  көп

Ішкі істер органы мен білім беру ұйымдарының мәселеге көз жұмып қарайтындығы алқа мәжілісінде сынға алынды. Полицейлер қылмыстың алдын алуға мүлдем бас ауыртпайтынға ұқсайды. Олар жасы кәмелетке толмағандарға қатысты заңдылықты ескермейтіндігі анықталуда. Жайсыз саналған  отбасыларды есепке алу жайына қатысты да осыны айтуға болады. Мұндай шаңырақтың саны 71 екен. Алайда, олардың 25-іне қатысты келеңсіздіктің алдын алуға байланысты жүргізілген шаралардың жинақ іс құжаты болмай шықты. Жайсыз отбасыларындағы 24 бала тізімдік есепке алынбаған.

Алқа мәжілісіне қатынасқан облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұрым Оразбаевтың қарамағындағы қызметкерлері үшін ұялуына тура келді. Кемшілікті мойындаған ол кінәлілердің қазірдің өзінде тәртіпке шақырылғанына, бес басшының жазаланғанына тоқталды. Айтпақшы, полицейлер жасөспірімдерге қатысты материалдарды сотқа жіберуде де тиісті заңдылықты ескермейді екен. Алқа мүшелері тиісті басшыға олқылықтың орнын толтыруды тапсырды.

психологтың парызы  неде?

Жасөспірімдердің өзіне-өзі қол салатын жағдайы қоғамды алаңдатады. Соңғы кездері мұндай дерек сирегенімен, проблема әлі бар. Мұның басты себебінің бірі – мектептердегі психологтардың өз қызметіне немқұрайлы қарайтындығында. Кешенді тексеру осы жағдайды анықтапты.

Прокурорлардың пікірінше, психолог мамандар білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің ережесі талаптарын (ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылдың 20 желтоқсанындағы №528 бұйрығымен бекітілген) біле бермейді. Аталған мамандық иелері кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алуға байланысты кешенді жұмыстар жүргізбеген. Көлденең оқиға орын алған соң да оның себеп-салдарын зерделеуге бас қатыра бермейтін болып шықты. Олардың медициналық психологтармен байланысы аз.  Қандайма тосын оқиғаға, әрине,  ата-анасы, өскен ортасы, қатарлас құрбы-достары да жауапты. Солай дегенмен, жасөспірімнің жан қиналысына маңыз бермеген, мезгілінде қол ұшын созбаған, бастысы,  тікелей міндетіне жеңіл қараған мамандық иесі де жауапкершіліктен құтылмауы тиіс .

Азамат БАЗАРБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз