Жарнама
Құқық

Қажетсіз құжатты кім сұрайды?

Жалпы білім беретін мектептерде оқушылардан құжат алу мерзімі маусым айынан бастап 30 тамызға дейін қабылдануы тиіс.

podgotovka-dokumentov-k-peredache-v-arhiv-2

Ол үшін ата-ананың өтінішімен қатар, баланың туу туралы куәлігі, фотосы, медициналық анықтамасы болуы шарт. Алайда, тексеріс барысында анықталғандай, кейбір білім ошақтарының директорлары еңбек демалысында жүргендіктен, шәкірт қабылдау уақыты кейінге шегерілген. Ал, енді бір оқу орнында жеке ісқағазы, әке-шешесінің жұмыс орнынан анықтама, арнайы көк түсті файл, тіпті папка секілді қажетсіз нәрселерді әкелу міндеттелген. «Жасырын тұтынушы» әдісімен белгілі болған бұл кемшіліктер Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында айтылды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Данияр Алтыбайдың айтуынша, «Жасырын тұтынушы» әдісімен жүргізілген қоғамдық бақылау жұмыстарының нәтижесінде 32 нысанда 42 заң бұзушылық дерегі анықталған. Айталық, қаладағы сегіз жалпы білім беретін мектепте  құжаттарды қабылдауда көптеген кемшіліктің орын алғаны белгілі болды. Директорлар арасында түсіндіру шаралары жүргізілгенмен, кейбір білім ошақтарында оқушының туу туралы куәлігінің көшірмесін нотариалды түрде заңдастырып әкелу фактілері орын алған. Оның үстіне, мұндай жағдай жүйелі түрде қайталанып отырған.

Оқу орны директорларының еңбек демалысына шығуына байланысты құжат қабылдау мерзімі тоқтатылған. Ал, дұрысында ол үздіксіз қабылдануы тиіс. Сондай-ақ, оқушы өзі таңдаған мектептен білім алуы қажет. Заңның бұл талабы сақталмаған, — деді  ол.

Бұл мәселеге қатысты пікірін білдірген облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев биыл аймақта балабақша мен мектеп табалдырығын жаңадан аттағалы отырған оқушыларға жолдама беруді автоматтандыру шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қазір электронды жүйе байқау сынағынан өтуде. Ал, шілде айының ортасынан бастап тиімді жоба іске қосылмақ.

Басқарма басшысы білім беру ережесі бойынша тек лицей, гимназияларға ғана оқушы өз таңдауы бойынша қабылданатынын, ал, жалпы білім беретін оқу орындарына үйіне жақын орналасқан мектептерге басымдық берілетінін айтты. Автоматтандыру жүйесі қай білім ошағында бос орын көп немесе толық екендігін бақылап отыруға мүмкіндік туатынын жеткізді.

Тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін электронды жүйеге көшіру бағытында нақты шаралар қолға алынғанмен, нәтиже көңіл көншітпей отыр. Қазіргі таңда атыраулықтардың цифрлы қолтаңбамен қамтылуы 43,9 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш Махамбет ауданында 20,8 пайыз ғана. Былтыр аймақтағы  Халыққа қызмет көрсету орталықтарында 754 085 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 29 мыңға жуығы электронды түрде ұсынылған. «Жасырын тұтынушы» ақпараттық жүйе арқылы алынатын мемлекеттік қызмет түрлерін түсіндірмеу, керек емес құжаттарды сұрату немесе мерзімінен кешіктіру секілді кемшін тұстар әлі де бар екендігін анықтап берді. Заң бұзушылық фактілерге шаралар қолданып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.

Еліміздегі саясат цифрландыру жүйесін дамытуға бағытталып отырған сәтте сандық қолтаңбамен қамту көрсеткішінің төмендігі ақылға қонымсыз. Кейбір тұрғындар белгілі қызмет түрлерін электронды түрде алуға болатынынан мүлде хабарсыз. Әсіресе, аудандарда цифрлы қолтаңба алу төмен. Насихаттық жұмыстар жүргізілсе, нәтиже неге көңіл көншітпейді? — деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button