Атырауда жалақыны заңсыз аудару фактісі анықталды
Қазына қаражаты мақсатты жұмсалып, талан-таражға салынбауы тиіс. Алайда, бюджет қаржысымен қалтасын қампайтқысы келетіндер де бар болып шықты. Жақында Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті күдікті операциялардың бетін ашты.
Аудиторлар анықтаған кемшіліктің бірі — жалақыны заңсыз аудару фактісі. Мәселен, Атырау қаласындағы №36 мектеп гимназиясының есепшісі өз есеп шотына 32 млн. 666 мың теңге және жеке тұлғаның есеп шотына 15 млн. теңге, А.Пушкин атындағы №20 мектеп-лицейінің қызметкеріне 3 млн. 912 мың теңге үлкен көлемде қаржы аудару деректері анықталған.
-Ірі көлемде қаржы жымқыру фактілерінің алдын-алу мақсатында Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулінің функциясын күшейтуге қатысты тапсырмасына сәйкес Атырау облысы бойынша 19 білім беру ұйымдарына мониторинг нәтижесінде 98 302,8 мың теңгеге 42 ден қою шаралары қолданылды. Бүгінде ден қою хаттарының қорытындысында 6 224,3 мың теңге бюджетке өндіріліп, қалпына келтірілді.
Мұндай кемшіліктердің алдын алып, келеңсіздіктерді болдырмау үшін білім беру ұйымдары арқылы жалақы төлеу жүйесіне мониторинг тұрақты негізде жүргізіліп келеді.
Сонымен қатар, бұл фактілер туралы бюджеттік бағдарлама әкімшісі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) аумақтық органдарының және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық органдарына бір мезгілде хабардар етілді. Бұл — бюджет қаржысын қайта қарау және артық аударылған бюджет қаражатын қайтаруды қамтамасыз ете отырып, қалпына келтіру шараларын қолдануға мүмкіндіктер береді.
Аталған мониторингтің тиімділігі мемлекеттік аудит объектілеріне шықпай, электронды түрде қаржылық бақылаудың ден қою- хаттарын жолдау арқылы жедел шаралар қабылдауға, бюджет қаражатының негізсіз пайдалануға, жымқыру фактілерінің алдын алуға жол ашып отыр, — дейді Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Зоя Сапарова.
Айбөпе САБЫРОВА
Сурет: gov.kz