Атырауда Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «№75 мекеме» республикалық мемлекеттік мекемесінде фронт-офис ашылды
Тергеу изоляторына келушілер үшін салынған ғимарат қылмыстық-атқару жүйесін дамытудың «Жол картасын» орындау мақсатында жүзеге асып отыр. Фронт-офис құрылысына республикалық бюджеттен 58 млн теңге бөлінген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
-Фронт-офистің құрылысы үш айға созылды. Бұған дейін тергеу изоляторына келушілер сыртта кезекке тұрып, күтуге мәжбүр еді. Ал қазір келушілерге қолайлы мүмкіндік берілді. Сонымен қатар заңгер, адвокаттар да фронт-офис ішінде тиісті жұмыстарын атқара алады,- деді ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «№75 мекеме» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Думан Таженов.
«Нуррус» ЖШС тұрғызған фронт-офис бес қызметтік бөлмеден тұрады. Атап айтсақ, тексеру бөлімі, қызметтік кабинет, күту залы, сәлем-саухат қабылдау бөлмесі. Жауаптылардың айтуы бойынша алдағы уақытта осы фронт-офистен тиісті талаптарға сай, асхана ашу да жоспарланған. 30 орындық фронт-офисте екі арыз-шағым қабылдау терезесі де қарастырылған. Сондай-ақ фронт-офис толық бейнебақылау және дабыл қондырғыларымен қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, бүгінгі таңда тергеу изоляторында 200-ден астам күдікті қамауда отыр.