Атырауда полицейлер былтыр мұз ойылып суға түскен 12 адамды құтқарған
Атырау облысы полиция департаменті су айдындарында қайғылы жағдайға жол бермеу мақсатында профилактикалық іс-шараларды күшейтті. Өткен жылы полицейлер мұз ойылып суға түскен 12 адамды аман алып қалған. Осы жылы да құбылмалы ауа райында жазатайым оқиғалардың орын алмауы үшін Жайық өзенінде патрульдеу жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.
Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, балық аулаушыларға қауіпті жерлерден балық аулауға тыйым салынатындығын және мұз үстінде жүрген қала тұрғындарына сақтық шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, мұз үстімен жүруге тыйым салынады ескерту белгілері орнатылған қауіпті жерлерден мұз үстімен өту фактілері орын алған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделгені ескертілді.
Айта кетейік, су беттеріндегі мұз жамылғысы әлі де берік емес және әрқашан адамның салмағын көтере алмайды. Атырау облысы аумағында да ауа температурасының құбылмалығы орын алу себептерінен өзендегі мұз қалыңдығының да әлсіз болуы орын алуда.
Сондықтан, атыраулық полицейлер мұз бетіне шығуға болмайтындығын және жасөспірім балаларды өзенге жібермеу керектігін қатаң түрде ескертеді!