Атырауда өрттің 44 пайызы жеке тұрғын үй секторында болады
Күн райы суыта бастағанда, тұрғын үйлердің қысқа дайындығын тексеру жұмыстары басталады. Биыл саралау қорытындысы көрсеткендей, облыста болған өрттің 44 пайызы жекеменшік тұрғын үй секторының үлесіне тиеді екен. Өрттің шығу себебіне көбінесе адами фактор әсер етеді. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарының айтуынша, қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, электр және пеш жабдықтарын пайдалану кезіндегі салғырттық сан соқтырып отыр.
Қамданған қапы қалмас
Адам қауіптің қайдан екенін толық бажайлай алмасы анық. Десек те, сақтансаң ғана сақтайды. Қауіптен қамданып, қапы қалмау мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері Бесікті және «Ақсай-2» ауылын аралап, рейд өткізді.
Өрт сөндірушілердің күнделікті жұмысы болса да, бізге таңсық жұмысты көру үшін алдын-ала келісілгендей, департамент алдына жиналдық. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Аскат Ержанов сап түзеген қызметкерлердің тапсырмасын пысықтады.
Жылу беру маусымында тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін рейдтік жəне үгіт-насихат іс-шараларын өткізу жоспары жасалғанын білдік. 14 топқа бөлінген мамандардың бір бөлігі Бесікті ауылындағы 4 көшеге, қалғаны «Ақсай-2» ауылындағы бірнеше көшеге бекітілген.
Екінті уақытында қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Нұрлан Жақатаевтың басшылығымен «таблетка» аталып кеткен УАЗ көлігіне мініп, біздің топ «Ақсай-2» ауылына келдік. Шараға департамент өкілдерімен қатар, «Өңірлік корпоративті басқару» орталығының (РЦКУ) мамандары мен «Легион» еріктілер клубының мүшелері қатысты.
Ақсайлықтар сақадай сай
Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан Жақатаев жетекшілік еткен топ өз жұмысын бірінші көшедегі жаңадан салынған үйдің жылу қазандығы мен газ плитасын тексеруден бастады. Қожайын үйдің қабырғасын ойып, мұржа шығарыпты. Бірақ орнын бітемеген. Басқарма басшысы соның орнын бітеп, сылауды, мұржа маңына ағаш, мата тәрізді тез тұтанғыш зат қалдырмауды ескертті. Электр тогінің сыртына арнайы құты (флакон) кигізіп жүргізілетінін қаперге беріп, қызу шамын ашық қалдыруға болмайтынын да ұмыт қалдырмады.
– Мамандардың әр үйді аралап, түсінік жүргізгені дұрыс. Үйімнің арнайы бөлмесінде газ плитасы ғана, одан басқа құрылғы жоқ. Жоспарлы жұмыстары болса да, білместіктен болатын оқыс жағдайлардың алдын алған жөн, ол үшін арнайы қызмет өкілдеріне алғыс айтамын. Көлденең жағдайдың бетін аулақ қылсын. Дегенмен, мұндай шаралар жүйелі түрде мұқият жүргізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді, – деді «Ақсай-2» ауылының тұрғыны Жолдығали Əміршеев.
Басқарма басшысы ауыл тұрғындарына алдын алуға бағытталған шаралар мен пеш қондырғыларының өрт қауіпсіздігіне қайшы келетін тұстарын айтып, мамандар ақпараттық парақтарын таратты.
Рейд тобы келесі үйдің қожайынына да іс-шараның мақсатын түсіндіріп, жылу қазандығын көрді. Қазандық зауыттық сапалы өнім екен. Сол бойда мамандар үйге түтін анықтайтын дабылқаққыш (датчик) орнатып берді. Құрылғы оқыс оқиғаның алдын алуға көп септігін тигізеді екен. Əсіресе, кез-келген уақытта тұтанған түтінді анықтап, дабыл береді. Мұны департамент мамандары қағаз тұтандырып, іс жүзінде байқап көріп еді, дабылқаққыш жұмыс жасап тұрды.
– Есептегіштің (счетчик) бойынан газдың иісі шыққан соң «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның қызметкерлерін шақыртқанбыз. Бітемесін (пломба) алып, қайтадан дұрыстап жасап берді. Шақырған кезде қызметкерлер жедел келеді, – деді үй иесі.
Қыстың қамын жазда ойлап…
Басқарма мəліметінше, көмір, ағаш тұтынатын үйлерде қауіп көп. Сондықтан, табиғи газ толық жетпеген Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Қарағанды қалаларында адам өмірін құтқарып қалуға дабылқаққыштың пайдасы мол екені дәлелденген.
Республика бойынша жылу беру маусымы басталғанда, Атырау қаласында, әсіресе əлеуметтік осал топ санатындағы тұрғындарға үгіт-насихат жүргізіп, төтенше жағдайдың алдын алу шаралары жасалып келеді. Тәжірибе көрсеткеніндей, дабылқаққыш осындай отбасыларға орнатылуы тиіс.
Әрине, әркім өз үйінің қауіпсіздігіне жауапты əрі міндетті. Бірақ солардың көпшілігі осы жауапкершілікті сезінбейді. Күн ызғары білінбес бұрын жылу қазандығының жағдайын қарап, мұржасын тексеріп, қауіптің алдын алса, «құда да, құдағи да тыныш» болар еді.
– Жылу беру маусымы басталғаннан бері үгіт-насихат жұмыстары республика бойынша жүргізіліп жатыр. Жазда тоқтаған жоқ. Карантиндік шараларға байланысты дауыс күшейткіштері бар көлікпен көшелерді аралап, тұрғындарға қауіптен сақтануды қаперге беріп отырдық. Оның негізгі мақсаты – төтенше жағдай мен қайғылы оқиғалардың алдын алу. 2016 жылдан бері өртке қарсы азаматтық қорғау жүйесі салынып жатқан және жақын уақытта пайдалануға берілетін ғимараттар мен тұрғын үйлердің қабылдау комиссиясының құрамына қатыспайды. Қазір өрт қауіпсіздігі талаптарына нысанды қабылдап алу кезінде жергілікті атқарушы органдар, яғни мемлекеттік сəулет-құрылыс бақылау басқармасы мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ына қойылады. Біз тек орнатылған пеш қондырғысының заң талаптарына сәйкестігін, жылу қазандығының сапасын қараймыз. Қондырғылар қолдан жасалған сапасыз болмауы шарт. Егер үгіт-насихат жұмыстары барысында анықталған сәйкессіздік болса, қорытынды жазып нысанды қабылдаушы тиісті органдарға хат жолдаймыз. Сондықтан, ғимарат ішінде газдың иісі сезілсе, төтенше жағдайлар департаменті мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ының өкілдеріне хабарласу керек. Олар ақауды анықтап, жедел шараларын алады, – дейді Атырау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Нұрлан Тоқсанұлы.
Еріктілер де қуанулы
Ал, «Легион» еріктілер клубының мүшелері бірлесіп үй аралап, жұмысымен танысуға мүмкіндік берген төтенше жағдайлар департаментіне алғыс білдірді.
– Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бірге жылу беру маусымындағы техника қауіпсіздігін түсіндіруге шығып отырмыз. Департамент адам өмірін сақтауға арналған осындай шараларға еріктілердің жиі қатысуына аса мән беріп келеді. Бұл жақсы қадам. Клубтағы 9 адамнан бүгінгі рейдке 3 адам шықты. Осындай игі шараға жұмылдырған департамент басшыларына алғысымыз шексіз, – дейді клуб мүшесі Мырзабек Бақтияр.
Өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен «Жылу беру маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігі» тақырыбында брифингке қатысқан облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Назымбек Балтабеков тұрғындардың сауалына жауап берген еді.
Сұрақ: – Жылу беру маусымы басталғалы облыс бойынша газ кетуін анықтайтын неше дабылқаққыш (датчик) қондырылды?
Жауап: – Атырау облысы бойынша əлеуметтік осал топтағы отбасыларға тұншықтырғыш газге қарсы 361 дабылқаққыш қондырылды. Оның 100-ге жуығы Атырау қаласында, Құрманғазы, Жылыой, Исатай аудандарының әрқайсысында 45-50 шақты дабылқаққыш орнатылған.
Облыс əкімдігінің қолдауымен алынып отырған құрылғылар өте тиімді. Болашақта облыстағы әр үйді осындай құрылғымен қамтуды жоспарлап отырмыз.
Сұрақ: – Өртті болдырмауға бағытталған шаралардың бірі – үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу. Қазір қандай нақты жұмыстар жүріп жатыр?
Жауап: – Əлеуметтік желі арқылы, адамдар көп шоғырланатын жерде дауыс күшейткіш арқылы үгіт-насихат жүргізу оң септігін тигізді. Егер жұмыс осы бағытта жалғасса, бұқараның санасында еріксіз жатталып қалады. Сондай-ақ, көшеде билбордтар ілініп, оқу ғимараттарында түрлі викториналар мен конкурстар өтіп тұрады.
Сұрақ: – Өрт бола қалса, қандай бастапқы шараларды қолдану керек, маман ретінде қандай кеңес бересіз?
Жауап: – Өрт шыққан сәтте бірден 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласу керек. Жедел хабарласу арқылы адам өмірін сақтап, дүние-мүлікті қорғап қалуға болады. Мүмкіндік болса, электр құралдарын сөндіріп, өрт орнынан шығып кету керек. Мұндайда терезені ашуға болмайды. Өйткені, өрт желмен күшейе түседі.
Егер қою түтін болса, ауызды сулы шүберекпен жауып, шығып кеткен жөн. Мүмкіндігінше әуелі қарттар мен балаларды сыртқа шығаруға көмек жасау керек. Жедел іс-əрекетке көшіп, ұйымдастырып отырған дұрыс.
Мамандардың сөзінше, мұндай сақтық шаралары тоқтамайды. Егер тұншықтырғыш газдың мүлдем иіссіз болатынын, адам өзінің қалай уланғанын сезбей қалатынын ескерсек, тұрғындар қолданып отырған жылу пешінің хал-күйін тұрақты тексеріп отырғаны жөн. Өйткені, өмір – өзіңіздікі!
Алмас ҚАБДОЛОВ