Атырауда жаңа сот ғимараты ашылды (+ФОТОРЕПОРТАЖ)
Атырау өңірінің сәулетіне ерекше сән берген еңселі ғимарат – Мамандандырылған ауданаралық соттарға тиесілі. Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Жоғарғы Соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев, Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров, облыс әкімі Серік Шәпкенов, облыстық соттың төрағасы Мұхтар Парменов қатысты.
Жоғарғы Соттың төрағасы қызметкерлер жайлы, заманауи ғимаратта, жаңа техникаларды пайдалана отырып жұмыс істеуі маңызды екеніне назар аударды.
–Әрбір мемлекеттің заңдылығының мықты болуы үшін тәуелсіз, заман талабына сай сот жүйесі болуы тиіс. Осы орайда Мемлекет басшысы сот қауымдастығына қолдау білдіруде. Әрине, ел әділ шешім күтеді. Сондықтан бүгінгі жаңа ғимарат адам құқығы мен бостандығы қорғалатын әділдік пен заңдылықтың мекені болсын, — деді құттықтау сөзінде А.Мерғалиев.
Өз сөзінде облыс әкімі Серік Шәпкенов сот төрелігін жүзеге асыруға арналған жаңа нысанның ашылуын өңірдегі маңызды оқиға ретінде бағалады.
– Қадірменді судьялар, сот қызметкерлері! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған ең басты тапсырмасы – адамның бостандығы, құндылығы, оны қорғау. Бұл ретте заң үстемдігі мен сапалы сот төрелігін заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің негізі ретінде атап көрсетті. Әрқашан «қара қылды қақ жарғандай» әділетті болуымыз керек деп айтып жүреміз. Ал ол – осы сот ғимараты ішіндегі қызметіңізден басталады. Халқымыздың сот жүйесіне деген сенімі мемлекеттің беріктігін білдіреді. Қазақта «Тура биде туған жоқ» деген аталы сөз бар. Осы шаңырақтан шыққан әр шешім әділетті әрі ашық боларына сенімім мол. Қызметтеріңіз абыройлы болсын! — деді өңір басшысы.
Облыстық соттың төрағасы Мұхтар Парменов облыс судьялары әділдіктің туын жықпай адал қызмет ететініне және жаңа нысан төрелік пен туралықтың ордасына айналатынына сенім білдірді.
Бұдан соң салтанатты жиынға қатысқан қауымға облыстық Билер кеңесінің төрағасы Ақмырза Батырхайырұлы ақ батасын беріп, артынша лента қию рәсімі өтті.
Рәсімге қатысушылар мәжіліс залын, сот залдарын, судьялар кабинетін аралап көрді. Ауданы 9 мың шаршы метр болатын 4 қабатты жаңа ғимаратта әкімшілік, қылмыстық, тергеу, ювеналды және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша сот орналасқан. Ғимаратта 17 сот залы бар, оның екеуі алқабилердің қатысуымен өтетін процестерге арналып жабдықталған. Бұрын бұл соттар апатты, тар және жарамсыз үй-жайларда орналасқан болатын.
Сондай-ақ, Мамандандырылған сот ғимаратында прокурорлар, адвокаттар, психологтар мен медиаторлар, билер отыратын арнайы бөлмелер қарастырылған. Ғимарат алдында автокөлік тұрағы, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған пандустар орнатылған, яғни, сот қызметкерлері мен сотқа келушілерге барынша қолайлы жағдай бар.
Жұмыс сапары барысында Жоғарғы Сот төрағасы мен Сот әкімшілігінің басшысы облыстық сот корпусымен кездесті. Кездесу барысында облыстық соттың төрағасы Мұхтар Парменов, сот алқаларының төрағалары Тәтті Уәлиева, Мәтен Ерғазиев, Анаргүл Салихова өз жұмыстарын баяндады.
Жоғарғы Сот төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шараларға, азаматтарға ілтипатпен қарауға, мемлекеттік қызметшілердің әдепті сақтауына тоқталып, сот жүйесінің басым бағыттары туралы мәлімдеді.
Шара соңында А.Мерғалиев облыстық соттың доғарыстағы (отставкадағы) судьялары Гүлнәр Қарабалина мен Әділ Құспановты «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ