
Атырауда есірткі таратумен айналысқан кәмелетке толмаған өзге облыс тұрғыны ұсталды
Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде қала аумағындағы көшелердің бірінде есірткі заттарын таратумен айналысқан 17 жастағы кәмелетке толмаған Қызылорда тұрғынын ұстады. Жеке тінту кезінде күдіктіден әрқайсысы 1 граммды құрайтын ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған қара изолентаға оралған 25 бума тәркіленді.
Алынған заттар салмағы 24,7 грамм болатын «Альфа-PVP» синтетикалық есірткі заты екені анықталды. Қазір жасөспірім сот қаулысымен тергеу изоляторына қамауға алынды.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 297-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы, ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі.