
Атырауда әскери бөлімнің базасы тексерілді
Атырау қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5546 әскери бөлімінде жыл сайынғы дәстүрлі техникалық байқау өтті. Шара аясында бөлімдегі барлық әскери техника мен жабдық жан-жақты тексеріліп, олардың жарамдылығы мен жауынгерлік қабілеті бағаланды. Бұл туралы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.

Техникалық байқауға «Батыс» өңірлік қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары, полковник Виктор Мұхатаев жетекшілік етті.
– Техниканың сенімділігі – бұл тек жауынгерлік дайындық емес, сонымен қатар жеке құрам қауіпсіздігінің кепілі. Сондықтан әрбір техниканың жай-күйіне ерекше мән берілуде, — деді В.Мұхатаев.

Тексеру барысында автобронетехника мен арнайы машиналардың техникалық жағдайы, сыртқы көрінісі және құжаттарының толықтығы тексерілді. Сондай-ақ әскери қызметшілердің жүргізуші куәліктері, әскери билеттері және техникалық төлқұжаттары да назардан тыс қалмады.
Бұл байқау әскери бөлімдегі тәртіп пен техникалық дайындықты күшейтіп қана қоймай, жеке құрам арасында ұқыптылық пен жауапкершілікті арттырып, әскери мәдениетті нығайтуға ықпал етеді.
Өз тілшіміз