
Атырауда 500-ден астам есірткі дозасы тәркіленді
Атырауда полицейлер ірі көлемдегі синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қойды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторинг жасау барысында есірткі таратумен айналысқан 30 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғынын ұстаған.
“Күдіктіден жалпы құны 30 миллион теңгеге бағаланған 500-ден астам доза «Альфа-PVP» синтетикалық есірткісі тәркіленді. Тергеу барысында оның Атырауға Telegram арқылы жұмысқа орналасу мақсатында келгені анықталды. Ол синтетикалық есірткі заттарын өткізу және сатып алумен айналысатын интернет-дүкеннің тапсырмаларын орындаған”, – делінген баспасөз хабарламасында.

Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу сотының санкциясымен күдікті 2 айға қамауға алынды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА