Жарнама
Құқық

Атырауда 40 млн. теңге жымқырған алаяқ 6 жылға сотталды

Атырау қаласында ірі көлемде алаяқтық жасаған 1999 жылы туған ер адам 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру шаралары барысында ер адамның әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды алдап, 39 955 000 теңгені заңсыз иемденгені анықталды.

Тергеу барысында күдіктінің бір техника сатумен айналысатын ЖШС-де жұмыс істеп, Instagram желісінде жалған жарнамалар жариялағаны белгілі болды. Ол қызығушылық танытқан адамдардан тауар үшін алдын ала төлем жасауды сұрап, ақшаны өзі немесе жұбайының атына тіркелген шоттарға аудартып отырған. Алайда уәде етілген техника сатып алушыларға жеткізілмеген, ал қаражат жеке қажеттіліктерге жұмсалған.

Мысалы, 1993 жылы туған әйел адам 809 мың теңгеге компьютер сатып алуға келісіп, қаражатты аударғанымен, тапсырысы орындалмаған. 1997 жылы туған тағы бір жәбірленуші 21,5 миллион теңге көлемінде шығын шексе, 1998 жылы туған адам 12 миллион теңгесін жоғалтқан.

Алаяқтың әрекеті бұрынғы жұмыс орнына – ЖШС-ке жаңа иесі болып тіркелген 2005 жылы туған азаматтың арызы негізінде әшкереленді. Ол мекемені сатып алғаннан кейін алдыңғы қарыздардан хабардар болып, полицияға жүгінген. Тергеу барысында күдіктінің жұбайының бұл іске қатысы жоқ екені анықталды.

Сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі (“Алаяқтық”) бойынша ер адамды кінәлі деп тауып, 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button