Жарнама
Құқық

Атырауда 15 бас жылқы малын ұрлаған барымташы ұсталды

Мал шаруашылығы – ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі. Дегенмен, соңғы жылдары мал ұрлығы қылмыстары жиілеп, бұл салаға үлкен қауіп төндіріп отыр. Мұндай қылмыстардың басты себептерінің бірі – ауыл шаруашылығы жануарларының қараусыз, ұйымдастырылмаған жайылымда бағылуы. Көп жағдайда мал иелері кешкі уақытта малды жайылымда қалдырып, олардың қозғалысын қадағаламайды. Бұл жағдай ұрылар үшін қолайлы мүмкіндікке айналады.


Қауіпсіздік шараларының әлсіздігі, бақташы қызметінің дұрыс ұйымдастырылмауы және GPS қадағалау құралдарының қолданылмауы – ұрлыққа жол ашатын негізгі факторлар. Аталған қылмыстардың алдын алу мақсатында облыс көлемінде «Мал ұрысы», «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шаралары жүйелі түрде өткізіліп келеді.

Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері облыс аумағында мал ұрлығына қатысты 11 қылмыстық іс тіркеліп, соның 8-і ашылған. Бұл көрсеткіш құқық қорғау органдарының жедел-іздестіру шараларын нәтижелі жүргізіп отырғанын айғақтайды.
Мәселен, Атырау – Орал тас жолы бойында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері 15 бас жылқы тиелген КамАЗ жүк көлігін тоқтатып, тексеріс жүргізді. Нәтижесінде, оның ішіндегі 12 бас жылқы Индер ауданының 1974 ж.т. тұрғынына, ал қалған 3 басы 1967 ж.т. азаматқа тиесілі екені анықталды. Тергеу барысында аталған қылмысты 1980 ж.т. ер адамның жасағаны белгілі болды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 2-бөлігі, 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот үкімімен ол 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына тартылып, жәбірленушілерге 6 миллион теңге көлемінде шығын келтіргені анықталды.

Мал ұрлығын болдырмау мақсатында Атырау облыстық полиция департаменті тұрғындарға бірқатар маңызды кеңестерді ұсынады.
Ең алдымен, ауыл тұрғындары малды кешкі уақытта еркін жайылымда қалдырмай, қоршалған әрі қауіпсіз қора-жайларда ұстауы қажет. Бұл – ұрыларға мүмкіндік бермеудің ең тиімді жолдарының бірі.
Малдың әрқайсысына таңба (ен, сырға немесе чип) салу – оның нақты иесін анықтауға және ұрлық фактісін дәлелдеуге көмектесетін маңызды шара. Мұндай таңбалау – құқықтық және қауіпсіздік тұрғысынан да өте тиімді.
Сондай-ақ, үйір жетекшісі саналатын малдарға GPS трекерлер орнату арқылы олардың қозғалысын қадағалап отыруға болады. Бұл технология ұрлықтың алдын алып, малдың нақты жүрген орнын бақылауға мүмкіндік береді.

Ауыл тұрғындарының өзара бірлесіп, мал бағуды ұйымдасқан түрде жүзеге асыруы және кез келген күдік тудыратын жағдайлар туралы дереу полицияға хабарлауы – мал ұрлығына қарсы күрестегі маңызды қадамдардың бірі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button