Жарнама
Құқық

Атырауда 10 күндік әскери оқу-жаттығу сәтті аяқталды

9–18 қыркүйек аралығында Атырау облысында аумақтық қорғаныс әскерлері бригадасының қатысуымен арнайы тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Оқу-жаттығу «Бригада бөлімшелерін жұмылдыру және жауынгерлік әзірлікті жоғары деңгейге жеткізу, жауынгерлік үйлестіруді ұйымдастыру мен жүргізу, сондай-ақ аса маңызды нысандарды қорғау мен күзету» тақырыбында өтті. 10 күнге созылған оқу-жаттығуға 20-45 жас аралығындағы 100-ге жуық азамат қатысты.

img 2937

Шараның негізгі мақсаты – облыс аумағындағы маңызды стратегиялық нысандарды күзету және қорғау кезінде бригадалық басқарма мен жергілікті әскери басқару органдарының үйлесімді іс-қимылын пысықтау, дайындық деңгейін тексеру болды.

img 2936

«Атырау облысының резервтегі қорғаныс бригадасы бейбіт және соғыс уақытында келесі міндеттерді орындайды. Ең алдымен, елді мекендерді, коммуналдық объектілер мен инфрақұрылым желілерін қорғау, тіршілікті қамтамасыз ететін нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықты қарсылас тарапынан төнетін қауіп-қатерден қорғау. Екіншіден, барлау, диверсиялық және террористік топтарды анықтау және жоюға қатысу. Үшіншіден, жауапкершілік аймағында төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету. Соғыс жағдайында әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою шараларына қатысу. Арнайы операциялық күштермен бірлесіп, уақытша басып алынған аумақтарда қарсыласқа тойтарыс беру операцияларын жүргізу» дейді Атырау облысы аумақтар бригадасының командирі Нұржан Даутов.

img 2933

Оқу-жаттығудың соңғы күні шартты қарсыластың шабуылына тосқауыл қою және стратегиялық нысанды қорғау бойынша тактикалық эпизод көрсетілді. Бұл бөлім аумақтық қорғаныс күштерінің қауіп-қатерге жедел жауап беру және инфрақұрылым объектілерін қорғауға дайын екендігін көрсетті.

img 2938

Оқу-жаттығуға қатысқан ер азаматтар арасында Жедел жәрдем орталығының қызметкері Ыбырай Әділгереев те бар. 

img 2930

«Отан алдындағы борышымды өтегеніме жиырма жыл өтіпті. Осы оқу-жаттығу кезінде әскердегі кездерім есіме түсіп, сол күндер қайта жаңғырды. Бүгінгі тактикалық эпизодта мен нысанды басып алушы террористің рөлін сомдадым. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған», – деді ол.

img 2932

Оқу-жаттығу қорытындысымен ерекше көзге түскен бірқатар қатысушы азаматтар әскери дайындықтағы жоғары белсенділігі үшін  марапатталды.

img 2935

Хұсни ХАМЗА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button