Атырау қалалық прокуратурасының қалыптасу кезеңі

cb8487ee 2d60 4233 b55b 1517ed7aa6d9 Құқық

Еліміз үлкен саяси және тарихи маңызды оқиғаның алдында тұр.  Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік-құқықтық құрылымдардың тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды құру, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғам бірлігін сақтау мәселелері ерекше мәнге ие.

Бұл үрдісте құқық қорғау жүйесінің маңызды институты ретінде прокуратураның рөлі айрықша. Тарихқа сәл шегініс жасайық… 1991 жылғы 6 желтоқсанда «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Жоғарғы Кеңес Төралқасының қаулысы қабылданды.

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның қадағалаушы органдары құрылуының тарихи күніне айналды. Осылайша прокуратура органдарының тарихында мемлекеттік органдар жүйесінде қазіргі прокуратураның ролін жаңа деңгейге көтерген, оның қызметін жаңа мазмұнмен толықтырған жаңа кезең басталды.

Енді қазіргі даму кезеңінің мемлекеттік механизмінде прокуратураның қоғамдық және саяси маңыздылығына тоқталайын. Ең алдымен, прокуратура – мемлекеттік биліктің жоғары органдарымен қатар, өкілеттігі, ерекше мәртебесі және айрықша өкілеттіктері Конституцияда бекітілген жалғыз құқық қорғау органы екенін атап өту қажет.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы кезеңінде еліміздің кемелдене түсуіне, қарқынды дамуына Атырау қалалық прокуратурасының үлесі де жетерлік.

Тарихы сонау 1938 жылдан бастау алатын облыстық прокуратураны Қалқан Төрешов Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін абыройлы басқарды. Содан кейін отыз жылдай уақытта облыстық прокуратураға Б.Тапалов, К.Бейсенбин, Г.Лұқпанов, А.Нұрғазинов, Т.Назиров секілді аға буын өкілдері басшылық етті. Сондай-ақ соғыс, халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңдерінде өзіндік үлестерін қосты. Қиыншылықтарды жеңуге, шаруа көшін оңға бұруға ықпал еткен абзал жандар жаңа толқын жас кадрларды тәрбиелеп, білікті де тәжірибелі заңгерлер легін баулыды.    

Бұл – прокуратураның кейін үлкен бедел, абырой биіктерінен көрінуіне себепші болды. Қазіргі таңда прокурорлық ықпал ету шараларымен 100 мыңға жуық азаматтың әлеуметтік құқықтары қорғалды. Оның дені тұрғын үй, әлеуметтік жәрдемақы, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау мәселелері болып табылады.

Сондай-ақ 300 млн. теңге алимент берешек өндіріліп, екі мыңға жуық баланың тиісті нәпақасы қайтарылды. Бизнес субъектілері де назардан тыс қалған жоқ. Соңғы 2 жылда прокуратура 17 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтарын қорғады. Олардан түскен хабарламаларды қарау, жергілікті жерлерге шығу, сондай-ақ заңсыз тексерулердің күшін жою арқылы нәтижеге жетті.

Жаңа заңға сәйкес қылмыстық процестің үш буынды моделі қалыптасты. Бұл модель арқылы қылмыс орбитасына түскен азаматтардың дер кезінде құқықтарының қорғалуы қамтамасыз етіледі.

Тәуелсіздік жетістіктерін прокуратура органдарының қызметкерлері, яғни біздер  қайсарлықпен қорғауға, осы ізгі миссияға қызмет ету үшін бүкіл тәжірибеміз бен біліктілігімізді саламыз. Прокуратура органдарында қызмет ету әрқашан аса маңызды мемлекеттік және жоғары өнегелік маңызы бар іс деп есептеймін.

Аршат ТАЙТУЛЛИН,

Атырау қаласының прокуроры

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз