Әскери қызмет – әркімнің міндеті
Қазақстан Республикасын қорғау оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіппен әскери қызмет атқарады. Бұл норма Конституцияның 36-бабында бекітілген.
Азаматтарды әскери қызметке шақыруды жүргізуі «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңмен және Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу қағидаларымен реттелген.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 27-бабының 1-тармағына сәйкес, азаматтарды әскери қызметке шақыру – бұл әскери міндет негізінде Қарулы Күштердің, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарыннің жеке құрамын жасақтауға бағытталған мемлекеттік органдар жүргізетін іс-шаралар кешені.
Заңның 31-бабына сәйкес азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде жылына екі рет, тиісті күнтізбелік жылдың сәуір-маусым және қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында өткізіледі.
Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар шақырылуға жатады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бейбiт уақытта әскери қызметке шақырудан босату бойынша бірқатар негіздер көзделген (Заңның 36-бабы):
1) денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;
2) жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған;
3) туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе оған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген;
4) басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
4-1) «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер;
5) ғылыми дәрежесi бар азаматтар;
6) тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.
Сонымен қатар әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру үшін келесі негіздер көзделген (Заңның 35-бабы):
1) отбасылық мән-жайлар бойынша;
2) білімді жалғастыру үшін;
3) денсаулық жағдайы бойынша;
4) басқа себептер бойынша.
Қазіргі уақытта әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру үдерісі толығымен цифрландырылған. Осылайша, кейінге қалдыру үшін азамат «еGov» порталы арқылы шақыру науқаны басталар алдында, кейінге қалдыру үшін негіздерді растайтын құжаттарды қоса бере отырып, өтінішті жергілікті атқарушы органға жіберуі қажет.
Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру комиссиясына шақыру қағазы бойынша келуге міндетті. Шақыру қағазын әскерге шақырылушыға жергілікті әскери басқару органдарының лауазымды адамдары жеке өзіне, 1414 нөмірінен SMS хабарлама арқылы, немесе жұмыс (оқу) орны бойынша, ұйым басшысы қол қою арқылы беріледі.
Білім беру ұйымдарының және өзге де мекемелердің басшылары, меншік нысанына қарамастан, әскерге шақырылушыларды іссапарлардан (демалыстардан) қайтарып алуға, оларды хабардар етуді ұйымдастыруға және әскерге шақыру пунктіне уақтылы келуін қамтамасыз етуге міндетті.
Шақыру қағазын азаматқа жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз етуді тиісті ішкі істер органына жүктеледі (Заңның 30-бабы).
Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу қағидаларының 12-тармағына сәйкес, әскерге шақырылушылардың аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) шақыру комиссиясына дәлелсіз себептермен келмеуінің, сондай-ақ азаматқа шақыру қағазын жеке өзіне тапсыра алмауының барлық жағдайлары туралы Қорғаныс істері жөніндегі басқармалардың (бөлімдердің) бастықтары оларды іздестіру үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарына хабарлайды (Заңның 17-бабының 3-тармағы).
Әскерге шақырудан қасақана жалтарған, сондай-ақ азаматтардың әскерге шақыру пункттеріне уақтылы келуіне кедергі келтірген әскерге шақырылушыларға арналған материалдар қолданыстағы заңнамаға, яғни әкімшілік, не қылмыстық жауаптылыққа сәйкес, оларды жауапқа тарту үшін, тиісті органдарға беріледі.
Сонымен қатар, әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар (тіпті кейінге қалдыру үшін негіздер болса да) жергілікті әскери басқару органының шақыру бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті.
Құрметті Атырау қаласы мен Атырау облысының тұрғындары! Әскерге шақыру науқаны кезінде Сіздің құқықтарыңыз бұзылса немесе Заң бойынша сұрақтар туындаған сәтте Атырау қаласы, Құлманова көшесі, 48 мекенжайы бойынша және 75-59-01 телефон арқылы Батыс аймағының әскери прокуратурасына хабарласуға болады.
М.ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
Батыс аймағының әскери прокуратурасының прокуроры,
әділет лейтенанты