«…Әскерге барғым келмейді»
Соңғы уақытта Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыздар қатары артып, қалқанымыздың оқ пен отқа төзімділігіне күмән көбейіп тұр. Олай дейтініміз, «Жастар әскерден қашады», «әскерде әлімжеттік көп», «баламды әскерге жібермеймін» тіркестерінен сүрініп жүрміз. Қонақтықта да, жиыла қалған отырыстарда да әбден жауыр болған әңгіме. Иә, бауыр еті баласының амандығы қай ата-анаға да қажет. Мұндай әңгімелер, айналада болып жатқан оқиғалар ел көңіліне мемлекеттің қорғаныс ісіне деген сенімсіздік ұялатады. Десе де, «Ел қорғау – елдің ісі» емес пе?!
Үркек көңілді жастар бар
Жасыратыны жоқ, тепсе темір үзетін жігіттер амалын тауып, әскери міндетінен жалтаратынын да көріп жүрміз. Таныс іздеп, тамыр басып, «не годенге» қол жеткізуге құмар. Әсіресе, бұл жағдай жоғары және арнаулы оқу орындарын бітірген жастардың арасында белең алып тұрғанға ұқсайды. Негізінен жастардың әскери өмір туралы ақпараты мен түсінігі жеткілікті болғанымен, бес минутсыз маман атанғалы отырған түлектер Отан алдындағы борышын өтеуге неге асықпайды? Ал, желкелеп жүріп, учаскелік полицияның көмегімен әскерге мәжбүрлеу әскер жасындағы жігіттердің бір бөлігі бұл міндетті атқаруды маңызды деп санамайтындығының айғағы екені анық.
Запастағы майор Аманжол Кенжеғұлов бұл жағдайда әскердегі өмір туралы түрлі ақпараттардың да әсері барын айтқан еді.
– Әскердегі әлімжеттік, соққыға жығу, суицид пен кездейсоқ өлім сияқты факторларды жоққа шығаруға болмайды. Оның үстіне қазіргі ақпараттық қолжетімділік пен сенсация қуу онсыз да үркек көңілді жастың үрейін ұшыруы мүмкін, — дейді ол.
Рас, әскердегі әлімжеттік туралы ақпараттың жиі жарияланатынын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, оқып отырып – көрсоқырлық таныту журналиске сын. Мұндай ақпараттарды еліміздің қорғаныс саласында орын алған кемшіліктердің алдын алу мен салдарын жоюға деген ниеттен туған жариялылық талабы ретінде қарастырған жөн болар.
Өткен жылдың соңында облыстық қоғамдық кеңес осы тақырыпты талқылап, отырыс өткізді. Онда әскерге жарамды деген қорытындымен Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған сарбаздардың ішінде «митральды клапанның пролапсы» сияқты жүрек ақауымен, «эпилепсия» диагнозымен ауыратындар анықталғаны белгілі болды.
Бүйрегі өзінің физиологиялық орнында орналаспаған туабітті аномалиясы бар бала да армияға жіберілген. Тіптен, Ұлттық ұланда қызметін өтеген бір сарбаздың басында пластинка болғаны анықталған. Олар әскери қызметін өтеу барысында денсаулығына байланысты кері қайтарылған. Бұл туралы Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру, әскердегі тәртіп және оны жақсарту бағытындағы алынып жатқан шаралар талқыға салынған облыстық қоғамдық кеңес отырысында кеңес мүшесі Асхат Иманғалиев айтып берген болатын.
Әскери өмірдің қызығы мен шыжығы
Қалай болғанда да, мемлекеттің беріктігі мен халықтың тыныштығын күзететін қорғаныс күштерінің мықтылығы өте маңызды. Әскерге барған жігіттер шыңдалады, тәртіпке үйренеді. Газет оқырманы, аға лейтенант Мүфти Құбайдуллинмен әңгіме кезінде осы мәселе турасындағы ойын ортаға салып еді.
– Ертеректе ер азамат үшін әскери борышын өтеу үлкен мәртебе саналатын. Оның үстіне жауынгерлік борышын өтегендерді ауылдастары асыға күтіп, мақтауын асыратын. Ал, бүгінде барлығы керісінше. Қазіргі қоғамда орнаған қорқыныштың салдарынан кейбір ата-ана өз ұлының әлімжеттік пен зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын қаламайды. Сөйтіп, баласын әскерге жібермеудің барлық амалын жасайды. Мына заманда әскерге «не годен» болу да қиын шаруа емес секілді. Біздер азаматтық борышымызды елден жырақта жүріп өткергенбіз. Германия жерінде болдым. Бірнеше ұлттың өкілі тату-тәтті екі жылымызды өткіздік. Ол кезде де әскерден қашу, әскерде жүріп қайтыс болған фактілер болды. Бірақ, сирек кездесетін.
Ұзақ жылдар алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ бердім. Педагог ретінде, басты себеп ретінде сарбаздар арасындағы қарым-қатынас, әлімжеттікті айтар едім. Ол тек әскерде ғана емес, мектеп, университеттерде де бар. Ақша жинау, қорқыту және т.б. өзіңіз білесіз, жоғары сынып оқушылары төменгі сыныптағы замандасын ұрып, соғып, өлімші жағдайға жеткізді емес пе?
Шындығында, еркін қоғамның жас өскінінің қатаң режимдегі тәртіпті басынан өткеруге қауқарсыздығы үгіт-насихаттың аздығынан болуы ықтимал. Өйткені әрбір борышын өтеп келгендер айналасындағыларға қиындықты айтып, «уақытты өлтіресің» деген қисынсыз әңгімелерін тықпалайды. Осы себепті олар «әскерге барғым келмейді» дегенді жиі айтады. Мұндайда керісінше, әскери өмірдің қызығы мен шыжығын баяндап, жасөспірімдердің қызығушылығын арттырған жөн болар еді. Әскерге келген жас сарбаздарды әскери іске үйрету – әр командирдің міндеті. Осы орайда, әскердегі тәрбие жұмысының жетілдірілуіне басымдық берілуі керек,-деді ол.
Әлжуаз сарбаз елді қалай қорғайды?
Сонымен, жастардың әскерден қашуына себеп көп секілді. Запастағы майор Аманжол Кенжеғұловтың мұны отбасындағы тәлім-тәрбиенің төмендігімен байланыстырады. Білім орындарында алғашқы әскери және технологиялық дайындық сабақтарына бөлінетін сағат санының жылдан жылға қысқартылуы мен материалдық жағынан қамтамасыз етілуі талапқа сай болмауы да себептердің бірі екендігін жасырмады.
Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні арқылы оқушылар мектеп қабырғасында жүріп қаруды таниды, саптық даярлықты меңгереді, өмірлік қауіпсіздік ережелерін жаттайды, әскери жарғының не екенін түсініп, әскери шеберлікті үйренеді.
– Көптеген білім беру мекемелерінде саптық алаңы, кедергі жолағы, оқу қаруы, тир, тағы басқасы жоқ. Сонымен қатар, алғашқы әскери және технологиялық сабағын әскери саладан хабары аз әйел адамдар жүргізеді. Бұрынғыдай бес күндік дала оқу жиыны талапқа сай ұйымдастырылмайды. Бұл жиын оқу орындарының ауласында өткізіледі және біздің батыс өңірінде бірде-бір әскери орта оқу орны (колледж) жоқ. Осы себептерден жастарымыз әскерге физикалық және моральдық тұрғыдан дайындықсыз барады. Әскерге аттанған сарбаздардың психологиялық дайындығы кемшін. Бұл соңғы кездері әскердегі өлімнің көбейіп кетуінің бір себебі,- деген пікірін ортаға салды ол.
Сұхбаттасушымыз полковник Марат Садықов та аталған тақырыпта біраз ойын айтқан болатын. Оның пікірінше, қазіргі уақытта банктен немесе микроқаржылық ұйымдардан несие алған адамдардың арасында әскер жасындағы жастар да бар. Бозбаланың әскерге барудан жалтару себептерінің бірі де осы, мойындарындағы «несиесінің үстемеақысы көбейіп кете ме?» деп қорқады. Бірақ, әскерге шақырылған жастар мен олардың отбасына әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында Қорғаныс министрлігі қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізіп, әскердегі қызмет кезінде қазақстандықтардың несиесін кейінге қалдыруды да қолға алды. Бұл – үлкен көмек. Сондай-ақ, көпбалалы отбасында үлкен ұлы жұмыс жасап, отбасылық бюджетке кіріс кіргізіп отырғандары бар. Бір жанұяны асырап жүргендер де жетерлік.
– Үкімет тарапынан азаматтарға жеңілдіктер аз жасалып жатқан жоқ. Жоғары немесе арнаулы оқу орындарының күндізгі бөлімінде оқып жатқан студенттер әскери есепке алынады, бірақ оқуы аяқталғанша әскерге шақырылмайды. Оқуын аяқтаған бойда ол әскерге шақыртылады.
Адам, алдымен, білім алуы қажет. Біздің әскер кәсіби деңгейде. Сарбаздың қолындағы дипломына сәйкес, әскерде де сол игерген мамандығы бойынша қызмет етеді. Мәселен, бағдарламашы, автомеханик болып… Бір жағынан әскерден тәжірибе жинақтап келеді. Мемлекет басшысы да бұл турасында әскерге барушының квалификация алып шығуы керектігін баса айтқан болатын,-деген ойымен бөлісті ол.
Балабақшада да әлімжеттік болады
Жалпы, әскерде әлімжеттіктің болатынын үлкендердің де, өз әкеміздің де аузынан бірнеше рет естігенбіз. Ал, полковник Марат Садықов «дедовщина» кеңес кезінен қалған түсінік екенін жасырмайды.
«Ол кезде әскер қатарына түрмеден шыққан адамдар да алынатын еді. Бұл сөздің түп төркіні осында жатыр. Сондай-ақ бұрын екі жылда тек бір жастағылар ғана шақырылатын. Екі жыл бойы әскери тірлікті әбден меңгерген «әккілер» өзінен екі жылға кейін шақырылған «жастарға» әсер етуі әбден мүмкін еді. Қазір жағдай басқаша. Мерзімді әскери қызмет бар болғаны бір-ақ жыл. Әскерге жастар жарты жыл сайын шақырылады. Осыған қарамастан жарты жыл сайынғы шақырылатындардың өзі 18 бен 27 жас аралығындағылар. Олар бір-біріне қандай басымдық көрсетеді?» деп өзімізге сұрақ қойғаны бар.
Осы салада азды-көпті мақала жазып, әскерилермен әңгімелесе жүріп білгеніміз, сарбаздар аптасына 4 рет ата-аналарына, туыстарына телефон шалып отырады. Әрине, 200-300 бозбала жиналған жерде, әрқайсысы өзінің үстемдігін көрсеткісі келеді. Ол адам баласының табиғатына тән жағдай. «Қаншалықты бақылауда жүргеннің өзінде шекісіп қалып жатады. Алайда, оны әлімжеттік деп атауға болмайды. Сонымен қатар, таза ерлер арасында қақтығыстар туындауы мүмкін екенін түсіну керек, олар көбіне ауызша дау-дамай негізінде басталады. Кейде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің өздері мінез-құлқымен сержант немесе офицерді қатаң шара қолдануға итермелеуі мүмкін.
Ешкім ешкімді қорламайды. Кез-келген жағдайда кінәлі лауазымды адамдар қатаң жазаға тартылады немесе Қарулы күштердің қатарынан шығарылады. Мұндай орынсыздықтар балабақшада да болады ғой. Кейбір ата-аналар «балам момын, ешкімге тиіспейді» дейді. Тура сондай мінездегі бес баланы бірге қойса, бір ойыншыққа таласқан сол бесеудің ішінен міндетті түрде бір лидер табылады. Мектепте де сол жағдай. Төбелеспейтін бала жоқ. Өзіміз де оқушы болдық. Әскерде 100 пайыз тепсе темір үзетін жас жігіттер болатынын естен шығармайық. Сол жерде офицерлік құрамның, келісім шарт бойынша жүрген әскери қызметшілердің тәрбиеші ретінде ролі маңызды» деп «қорғаныс саласында қауіп көп» деген пікірімізді өзгерткендей болды.
Шынықпаса, шымыр болмайды
Кім-кімге де әлеуметтік желі, ғаламтордағы ақпараттардан кейін «фактілер бар, мойындау керек, шабытпен барып, табытпен қайту көбейіп кеткен секілді…» деген ой оралары анық. Дегенмен, қорғаныс саласында психология қызметінің басшысы болып қызмет еткен Нұргүл Әлімқұлова «әскерде өлім көбейіп барады деу дұрыс емес. Бейбіт өмірде де жол апатынан қаншама жан қаза болып, жан тапсырып жатыр. Өз-өзіне қол жұмсап, өмірлерін үзіп жатқандар да аз емес… Жасыратыны жоқ, психологиялық төзімі төмен жасөспірімдер көп. Бізге, әскерге сол телефонмен өскен балалар келіп жатыр. Әрқайсысының миына кіріп, ойына ену қажет. Барлығының бірдей санасына жету мүмкін емес» дейді.
Мүмкін, жазықта өскен жігіт таулы аймаққа барғанда денсаулығы нашарлауы мүмкін. Кейбіреуі психологиялық жағынан әлсіз келеді. Бастысы, баланы жас кезінен Отанды қорғауға, елін, жерін сүюге тәрбиелеу керек. Жастайынан спортқа баулып, физикалық тұрғыда дайындау қажет. Осы бағытта тәрбиелесек, мұндай жағдайлар болмас еді.
Жалпы, қоғамды толғандырып отырған – әскердегі тәртіп пен мерзімді әскерге шақырылушылардың қауіпсіздігі мәселесі. Қалай десек те, жария болған жайлар қазақ әскерінің ел алдындағы беделіне нұқсан келтірмесі анық. Демек, жастардың әскери борышын өтеуге деген ынтасы мен сеніміне селкеу түсіретіндей көлденең себеп жоқ деген сөз. Есесіне, Отан алдындағы азаматтық парызды өтеуге деген құлшыныс бозбаланың бойындағы намысты оятуы тиіс. Оның үстіне әскери борышын өтеу біздің елімізде арнайы заңмен реттеледі.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Сурет: egemen.kz