
Әскерден жалтаруға біржақты тәрбие себепші
«Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр». Бұл – Бауыржан Момышұлының жүректен шыққан, ел жадында жатталған өнегелі сөзі. Ұлы батыр айтқандай, ержүректік, тәртіп пен отансүйгіштік баланың бойында жастайынан қалыптасуы тиіс. Шын жауынгер – мылтық ұстаған сарбаз ғана емес, бала күнінен ұлт рухымен, ел намысымен тәрбиеленген тұлға. Ал айбынды әскер кеудесі от жүректі жігіттерден құралатыны белгілі. Біздің жастарымыз Отан қорғау ісіне дайын ба? Осы және өзге де сауалдарды Атырау облысы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы, майор Руслан ӘНУАРОВҚА қойған едік.

Әскери салада оң өзгеріс бар
– Руслан Әнуарұлы, алдыменен көктемгі шақырылым науқанының нәтижелері мен міндеттері туралы айтып өтсеңіз.
– Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны – елдің қорғаныс қабілетін нығайту бағытындағы маңызды кезеңдердің бірі. Биылғы науқан да белгіленген жоспарға сай ұйымдастырылып, жүйелі жүргізіліп жатыр. Атырау облысынан 600-ге жуық сарбазды Отан алдындағы борышын өтеуге жіберу жоспарланған. Қазіргі уақытта әскерге шақыру жұмыстары ұйымдастырылуда. Әр бозбаланың денсаулығы, моральдық жағдайы, психологиялық дайындығы мұқият тексеріліп жатыр. Біз болашақ сарбаздарға әскери қызметтің қыр-сырын түсіндіріп, патриоттық-тәрбиелік шараларда отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына ықпал етеміз.
Жалпы, әскери инфрақұрылымда бірқатар оң өзгерістер бар. Облыс әкімдігінің қолдауымен саладағы өзекті мәселелер шешімін табуда. Атап айтқанда, қаладағы Балықшы шағынауданында жаңа шақыру бөлімі ашылып, Қызылқоға ауданында шақыру бөлімінің ғимараты салынды. Индер ауданындағы ғимарат та реконструкциядан өтті.
Бұл жаңашылдықтар әскерге шақыруды жеңілдетіп, барлық қызметті ұтымды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, аудандардағы жастар үшін бұл үлкен қолдау. Сонымен қатар Индер, Қызылқоға, Исатай аудандарына жаңа қызметтік көліктер табысталды, бұл да бір мәселенің шешілгені.
– Жас сарбаздың әскери дайындығы қандай бағыттар бойынша жүреді?
– Жас сарбаздар алғашқы айда жалпы әскери дайындықтан өтеді. Бұл кезеңде олар саптық машық, қарумен жұмыс істеу, тактикалық әрекет ету негіздерін меңгереді. Әрі қарай олардың қабілеттеріне қарай түрлі бөлімдерге бөлініп, тереңдетілген дайындыққа жіберіледі.
Қазіргі заман талабына сай радиобайланыс, дронмен жұмыс, инженерлік-техникалық бағыттағы машықтар да оқытылады. Офицерлік құрамның кәсіби деңгейін арттыру үшін де арнайы курстар ұйымдастырылған. Яғни, бүгінгі әскер – заманауи әрі мобильді күшке айналып келеді.
Тәрбие тіні мықты болсын!
– Қазір әскерге өз еркімен сұранып баратын жастар бар ма?
– Иә, ондай ұлдар аз емес. Оларды патриоттық сезім, азаматтық борышты өтеуге деген жауапкершілік, ерлікке ұмтылыс секілді құндылықтар алға жетелейді. Кейбіреулері болашақта құқық қорғау органдарында жұмыс істеуді мақсат етеді, ал ол үшін әскери қызмет міндетті шарт. Енді бірі – отбасындағы тәрбиенің, әке сөзінің әсерімен барады. Қысқасы, ел қорғауды абырой деп білетін жастар бар, бұл әрине, қуантады.
Бүгінде облыс көлемінде Отан соғысының ардагері қалған жоқ. Соған қарамастан жастарға аталардың ерлік істерін, ұлағатты сөздерін ұғындырып отыру қажет. Ата-аналар да балаларына Отанның қасиетін, туған жердің қадірін үнемі айтып отыруы тиіс.
– Әскерге шақырылатын жастарға қойылатын талаптарда өзгеріс бар ма?
– Орынды сұрақ. Жастардың әскерге шақырылуы – тек денсаулығы мен физикалық тұрғыдан дайын болу мәселесі емес, оларды психологиялық тұрғыдан да дайындауымыз қажет. Біз әскерге баратын жастардың өз елінің қорғаны болуға дайын екендігін кәсіби мамандармен бірге анықтаймыз.
Сонымен қатар университет пен колледжде оқитын жастар үшін әскерге шақыру мәселесі де шешілген. Олар әскерге диплом алғанға дейін шақырылмайды. Бұл мәселе автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асады, яғни оқу орны мен қорғаныс істері жөніндегі басқармалар, бөлімдер арасындағы байланыс жеңілдеді. Электрондық дерекқор ІІМ, Әділет министрлігі, Білім және ғылым министрлігі және басқа да мемлекеттік органдардың базаларымен біріктірілген. Бұл интеграцияланған жүйе бозбаланың жеке деректері, денсаулық жағдайы, білімі, жұмыс орны туралы ақпараттарды автоматты түрде алуға мүмкіндік береді.
Кімдер тегін білім алады?
– Әскери-әлеуметтік жағдай туралы айтып қалдыңыз. Осы мәселені нақтылап өтсек…
– Екі жыл бұрын Білім және ғылым министрлігі мен Қорғаныс министрлігі жастардың әскери қызметке ынтасын арттыру мақсатында арнайы жобаны қолға алған болатын.
Мерзімді әскери қызметін өтеген әрбір адам екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ әңгімелесу арқылы ақылы негізде жоғары оқу орнына түсе алады. Ал әскери міндетін өтеу барысында жақсы нәтиже көрсеткендердің ЖОО есебінен тегін білім алуына мүмкіндігі бар. Мұндай қадамға еліміздің 40-тан астам оқу орны ниет білдіріп отыр. Ол туралы Қорғаныс министрлігінің ресми сайтынан толық ақпарат алуға болады.
Әскери қызметтегі жастарға барынша әлеуметтік жағдай жасалып жатыр. Егер әскери қызметші пәтер жалдап тұратын болса, оның пәтерақысымен жұмыс орны арқылы есептесе алады. Ал ипотекаға үй алса, ол мемлекет есебінен төленеді.
– Ресми деректерге жүгінсек, 2022 және 2023 жылдары еліміздің Қарулы күштерінде белгіленген мерзімді қызметтерін өткеру үшін 146 әскери бөлімге 52 мың жауынгер шақырылған екен. Бұл мерзімді әскери қызметтің артықшылығы көп, мүмкіндігі зор екенін көрсетсе керек.
– Әрине. Мысалы, елімізде 2023 жылы мерзімді әскери қызметке тартылған 17 927 сарбаз үшін жоғары оқу орнында тегін оқуға 1500 грант бөлінді. Конкурсқа қатысқан сарбаздарды іріктеудің ашықтығын «Срочник 2.0» цифрлық ақпарат жүйесі қамтамасыз етеді. Оған күш құрылымдарының 161 әскери бөлімі қызметтің барлық кезеңінде сарбаздардың үлгерімі мен тәртібі бойынша нәтижелерді енгізді. Соның нәтижесінде 1031 сарбаз әскери жоғары оқу орнына түсуге өтініш берді.
Ал Атырау облысы бойынша жоғары оқу орнына мерзімді әскери қызметін өтеп келген 20-ға жуық сарбаз оқуға түсті. Айта кетейін, әскерден грант алып келген бозбала Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне немесе С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіне таңдауы бойынша тегін оқиды. Бұл екі оқу орны мен Қорғаныс министрлігінің арасында меморандум жасақталған.

Мерзімді әскери қызметті өтегендер үшін тағы бір мүмкіндік – запастағы офицер бағдарламасы бойынша әскери кафедраға конкурссыз қабылдана алады. Әскери кафедрада тегін оқиды. Сондай-ақ мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаздардың несиелері де автоматты түрде тоқтатылады. Кейінге қалдыру мүмкіндігі әскери қызметті өткеру кезеңінде және запасқа шығарылғаннан кейін екі ай ішінде қолданылады. Төлемдерді кейінге қалдыру авттоматты түрде проактивті форматта белгіленеді. Яғни, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге несие беретін ұйымдарға жүгінудің қажеті жоқ.
Бұған қоса биылдан бастап білім беру жеңілдіктерін алуға қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Екі бейіндік пән бойынша тестілеу қосылады. Одан басқа мемлекеттік грант берілген сарбаздар шәкіртақы алады. Алғашқы оқу жылында студенттердің жатақханасына орналасуына да басымдық берілмек.
– Жоғары оқу орындарындағы әскери кафедра қандай роль атқарады?
– Әскери кафедра – жастардың әскери қызметке дайындық мектебі. Оны тәмамдаған студенттер лейтенант шенін иеленіп, әскерден кейін өз қызметтерін жалғастыра алады. Бұл олардың әскери қызметке ғана емес, жалпы өмірге деген дайындығын арттырады.
Ал әскерге барған жастар, әсіресе офицер шенін алған болса, онда олар ел қорғаудың шебер мамандары болып қалыптасады.
– Осы тұста мынадай сұрақ туындайды, отбасылы жігіттерге жеңілдік бар ма, олар әскерден босатыла ма?
– Иә, әскери қызметке отбасылы жігіттердің шақырылмауы, заңмен бекітілген жеңілдік болып табылады. Егер бозбаланың бір немесе бірнеше баласы болса, ол әскерден босатылады. Бұл отбасылық жауапкершілік пен мемлекеттің азаматтар алдындағы қамқорлығын көрсетеді. Әрбір адамның жеке жағдайы ескеріліп, оларды қызметке шақыруда әділ шешімдер қабылданады.
Әскерден жалтару абырой әпермейді
– Соңғы уақытта жастардың әскерден жалтаратындығы туралы жиі айтылып жүр. Бұл мәселе Атырау облысында қаншалықты өзекті?
– Иә, бұл – расыменен өзекті мәселе. Кейбір жастар түрлі себеппен, тіпті жалған медициналық анықтамалар жасатып, әскери борыштан жалтарып жатады. Ол – елдің қауіпсіздігіне, қорғаныс қабілетіне селқостықпен қарау деген сөз. Мемлекет сарбаздарға барлық жағдайды жасап отыр – жатын орын, ішер тамақ, киер киім, жалақы, тіпті тегін білім алуға да мүмкіндік берді.
Әскер – тәртіп пен жауапкершілік мектебі. Біз жастарға мектеп қабырғасынан бастап осыны түсіндіріп, тәрбие-идеологиялық жұмыстарды тұрақты жүргіземіз. Тәрбие отбасынан, мектептен, қоғамнан басталады. Сондықтан бұл мәселені бірлесе шешуіміз керек.
«Ер жігіт – елінің қорғаны» деген дана сөз бекер айтылмаған. Егер біз болашақ ұрпақты елге адал қызмет етуге тәрбиелемесек, мемлекеттің де болашағы бұлыңғыр болады емес пе?!
– Әрине, Отан алдындағы борышын өтеу – әр бозбаланың міндеті екені анық. Бірақ жастардың біразы әскерге баруға құлықсыз. Шабытпен барып, табытпен келіп жатқандар да аз емес. Мұндай сұмдық оқиғалардың себебі неде?
– Отанды сүю – отбасынан басталады. Ата-ана баланы «тыныш жүр, қара басыңды ойла» деп тәрбиелесе, ол баланың отаншыл болуы екіталай. Қазір тәрбие қандай, мұғалім қатты сөйлесе де, бала үйіне жылап айтып барады. Содан кейін әке-шешесі мектепке келіп баласының әрекеті дұрыстығын айтып дауласады. Бұл қылық бала психологиясын бұзатыны анық. Айналып келгенде әскерден жалтарудың артында осындай біржақты тәрбие жатыр.
Әрине, әскер қатарында әртүрлі жайттар кездеседі. Бірақ ол әскерде ғана ма, қарапайым өмірде де кездейсоқ жағдайлар көп емес пе? Оқыс оқиғалар тек әскерде болып жатқандай көрінеді. Әлеуметтік желі қолданушылары үш-төрт жыл бұрын өтіп кеткен жағдайлардың бейнежазбасын қайталап сала береді. Осылайша әскер жайлы көпшіліктің санасында теріс пікір қалыптастырып отыр.
Ер – ел үшін туады
– Сарбаз тәрбиесінде патриоттық сезімді қалыптастыру қаншалықты маңызды?
– Әскерде тәртіп пен жауапкершілікпен қатар, рухани дайындық та аса маңызды. Патриоттық сезім – сарбаздың ішкі тірегі. Біз жастармен тәрбие жұмыстары барысында тарихты, ел тұлғаларын, батырлардың ерлігін айтып отырамыз.
«Ер – ел үшін туады» дегенді жадына сіңіру – басты мақсат. Әскерде достық пен ынтымақтастық, өзара қолдау мен құрмет негізінде орта қалыптасады. Мұндай ортада өскен сарбаз азаматтық қоғамның да белсенді мүшесі болады.
Әскери-патриоттық тәрбие – жастардың ұлттық сана-сезімін оятып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттырудың басты жолы. Біздің облыста «Жас сарбаз» сыныптары мен әскери клубтар көптеп ашылып жатыр. Олар жастарға әскери білім беріп, патриотизмге баулиды.
«Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Жас сарбаздар Жеңіс мерекесінде, салтанатты шерулерде сап түзеп, өздерінің болашақ ел қорғаны екенін сезінеді.

Әскерге шығарып салу рәсімдері жасалады. Ондай шаралар арнайы орындарда салтанатты түрде өткізіледі. Әскерден оралған сарбаздарды қарсы алу рәсімін де ұйымдастырып жатамыз. Өйткені, жерлес азаматтардың келетін уақыты алдын ала белгілі болады. Бауырлары мен достарының гүл шоқтарымен күтіп алып, құшақтасып табысқан сәттері соншалықты әсерлі. Осы бір көріністің өзі жастарға әскер сапында болудың құрметін көрсетеді.
Әскери оқу орындарында білім алып жатқан жігіттер бар. Олардың демалысқа келген сәтін пайдаланып, өздері оқыған мектепке алып барамыз. Сол кезде жасөспірімдер кеше ғана мектеп бітірген түлектің батыр тұлғалы азамат болғанын көріп, сөзін тыңдап, әскери-әлеуметтік жағдайына көз жеткізіп, «солардай болсам» деп құштарланады.
– Қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау баршаға ортақ парыз екені белгілі. Өкініштісі бүгінде облыста көзі тірі майдангер қалмады. Десек те атаулы дата аясында қандай шаралар жүзеге асты?
– Өкінішке қарай, облыста Ұлы Отан соғысының ардагері қалған жоқ. Майданда ел үшін деп соғысқан ардагерлердің есімдері мәңгілік есте қалады. Олардың ерлігі мен еңбегін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз.
Биыл облыста Президент Жарлығымен «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» медалімен 754 тыл ардагері марапатталып отыр. Өйткені тылда қажырлы еңбек еткен ардагерлерге ерекше құрмет көрсету – парыз. Қиын-қыстау заманда майданды азық-түлікпен, киіммен, техникамен қамтамасыз етіп, Жеңіске зор үлес қосқан тыл еңбеккерлері қандай құрметке де лайықты.
Өмір мектебінен өткендер
– Иә, көктемгі әскерге шақыру науқаны қарқынды жүруде. Күзгі шақырылымға кірісетін уақыт та алыс емес. Әскерге аттанып сарбаз қатарына қосылатын жастарға қандай тілегіңіз бар?
– Күзгі шақырылым 1 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында өтеді. Бүгінгі таңда көктемгі шақырылымның аясында барлық жұмыстар ретімен жүзеге асуда, күзде де бұл процесс жоспарлы түрде жүргізіледі. Жастардың ел алдындағы борышын адал өтеуіне барынша жағдай жасалады.
Әрбір бозбалаға Отан алдындағы борышын адал орындап, отбасына аман-есен оралуын тілейміз. Әскер – әскери қызмет ғана емес, ол – өмір мектебі. Армиядан келген әр сарбаз елінің қорғаны болуға дайын болады. Жас сарбаздарға темірдей тәртіп пен рух биіктігін тілеймін. Елін сүйетін, халқын құрметтейтін ер жігіттердің жолы ашық болсын!
– Сұхбатыңызға рақмет!
– Сіздерге де алғыс білдіремін. Отанымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында бірлесе еңбек етуге шақырамын.
Сұхбаттасқан Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ