
Ақырын жүріп, анық бас…
Атырау қаласындағы «Зияткер» мектеп-лицейінде құқықтық мәдениетті қалыптастыруға арналған тағылымы мол кездесу өтті. «Заң және тәртіп» тақырыбында өткен бұл жиынға жоғары сынып оқушылары қатысып, өмірлік мәні зор мағлұмат алды.
Кездесуге Атырау қалалық полиция басқармасының ювеналдық полиция бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Ботагөз Дүйсенғалиева және аталған мектептің учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Диас Абдрешов қатысып, оқушыларға құқық бұзушылықтың алдын алу, заң алдындағы жауапкершілік және қылмыстың салдары туралы кеңінен әңгімелеп берді.
–Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Әр адам өз құқығын да, міндетін де жете түсінуге тиіс. Балалық бұзықтықпен қателікке бой алдыру – бір сәт, ал өкініші – ғұмыр бойы жалғасуы мүмкін, — деді Б.Дүйсенғалиева оқушыларға қарата айтқан сөзінде.
Жиын барысында қатысушылар назарына кәмелетке толмағандар колониясында жазасын өтеп жатқан жасөспірімдердің шынайы тағдырын баяндайтын бейнеролик ұсынылды. Жан түршігерлік оқиғалар негізінде түсірілген бұл материал әрбір оқушыға ой салмай қоймады. Онда тағдыр тауқыметін тартқан жасөспірімдер қателіктің салдарын ашық айтып, жасаған ісіне өкініш білдірді. Бірі бұзақылық жасағаны үшін, бірі кісі өліміне себеп болғаны үшін, тағы бірі есірткі тасымалдағаны үшін темір тордың арғы жағына тоғытылған. Олар «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген – құл болмайды» дегенді енді ғана ұққандай.
«Жақсылық ексең – шаттық орасың, жамандық ексең – өкініш жейсің» дегендей, жасөспірімдер бейнежазбада отбасын сағынғандарын, өткен өмірін қайтара алмайтынын айтып, өзгелерге сабақ болсын деген оймен өз бастарынан өткен өкінішке толы сәттерді бөлісті.
Кездесуден соң оқушылар арасында ой бөлісу ұйымдастырылып, олар роликтен алған әсерлерімен бөлісті. Жеткіншектер үшін бұл кездесу – болашақ өмір жолына жарық түсірген шамшырақтай болды.
Мектеп ұжымы мен құқық қорғау органдарының өкілдері мұндай шаралар жасөспірімдердің санасын серпілтіп, дұрыс таңдау жасауына жол ашатынына сенімді. Себебі «жас – желкен, жел қай жақтан соқса, солай бет алады» демекші, бұл жастағы өрендерге бағыт-бағдар берудің маңызы зор.
Қоғам тыныштығы мен ел болашағы – бүгінгі өскелең ұрпақтың саналы тәртібі мен заңға деген құрметіне байланысты болса керек. Ал «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген – құл болмайды» деген қанатты сөз осындай іс-шараларда өз маңызын нақты дәлелдей түседі.
Майра ЕРҒАЛИ