Әлжуаз сарбаз. Алаңдаған ата-ана
Әскерге жарамды деген қорытындымен отан алдындағы борышын өтеуге аттанған сарбаздардың ішінде «митральды клапанның пролапсы» сияқты жүрек ақауымен, «эпилепсия» диагнозымен ауыратындар анықталған. Бүйрегі өзінің физиологиялық орнында орналаспаған туабітті аномалиясы бар бала армияға жіберілген. Тіптен, ұлттық ұланда қызметін өтеген бір сарбаздың басында пластинка болғаны анықталған. Олар әскерде қызмет ету барысында денсаулығына байланысты кері қайтарылған. Бұл туралы қазақстан республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру, әскердегі тәртіп және оны жақсарту бағытындағы алынып жатқан шаралар талқыға салынған облыстық қоғамдық кеңес отырысында кеңес мүшесі Асхат Иманғалиев айтып берді.
Қауіпсіздік мәселесі – басты орында
– Жалпы, қоғамды толғандырып отырған – әскердегі тәртіп пен мерзімді әскерге шақырылушылардың қауіпсіздігі мәселесі. Біздің комиссия осы мәселені кеңес отырысына дайындау барысында зерделеп, облыстық әскери комиссариатында, облыстық жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасында, «Батыс» әскери гарнизонында, «Ұлттық гвардия» 5546 әскери бөлімшесінде, ҰҚК-нің Шекара қызметінің облыстық бөлімшесінде болып, олардың қызметімен танысты. Осы әскери бөлімшелерге және әскери прокуратураға сұраныстар жіберіп, жауаптарын алды, — дейді Асхат Сәлімұлы. Комиссия мүшелері Ұлттық ұлан сарбаздарымен және ҰҚК-нің Шекара қызметі сарбаздарының казармаларын, төсек орындарын, ас ішетін, ас дайындайтын, әскери оқу дайындығы өтетін жерлерін көріп, олардың өздерімен жүздескен. Комиссия мүшелерінің әскерлердің күнделікті жатын орны мен тамағына, киімдерінің жылылығына қатысты сын-ескертпелері болмапты. Дегенмен, әскерге шақырылушылардың денсаулығын тексеру жеткілікті дәрежеде жүргізілмейтіндігі анықталып отыр. Әскерге шақырылушылардың қауіпсіздігі мәселесі де жеткілікті шешімін таппауда. Әскерге шақыртуды қамтамасыз етудің жүктемелері орындалмауынан-ақ, елімізде жастардың әскери қызметке құлықсыздығын көруге болады. Ал, оған соңғы жылдары елімізде жас сарбаздардың әскери борышын өтеуі барысында ажал құшуының жиілеп кетуі, әскерден ауру болып қайтуы сияқты жағдайлар себеп болып отырғаны сөзсіз.
Сонымен қатар, бейнекамералар жоқ әскери бөлімшелер де бар екені анықталған. Мысалы, ҰҚК-нің Шекара қызметінің 10 заставасының 5-еуі ғана бейнебақылаумен жабдықталған болып шықты. Облыстық қоғамдық кеңес мүшесінің айтуынша, қалған заставалар қаражат жоқтығына байланысты мұндай «замана озығынан» тыс қалыпты. Ал, ол заставалардың шалғай елді мекендерде орналасқанын, орталық бақылаудан тысқары екенін ескерсек, сарбаздардың күнделікті тыныс-тіршілігінде жарғылық қарымқатынастардың болмауын бақылап отыру үшін бейнекамералардың болуы ауадай қажет. Естір құлаққа есті ұсыныс Комиссия мүшелері тексеру кезінде анықталған ҰҚК-нің Шекара қызметінің Атырау қаласындағы бас ғимаратының апаттық ахуалын сынға алды. Ал, бүгінде осы ғимаратта тұрақты қызмет ететін штаб офицерлері мен келісімшарт бойынша қызмет ететіндерді айтпағанның өзінде 140 сарбаз тұратын казармалары орналасқан көрінеді.
– Сабақ өтетін кабинеттері тар, сарбаздар бір партада үшеуден отырғанын көрдік. Бұл, әрине, оларға еркін отырып конспект жазуға кедергі келтіретіні сөзсіз. Жалпы, апаттық жағдайдағы ғимаратта тұру – адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні сөзсіз. Осы әскери бөлімшені сарбаздардың әскери борышын өтеуге қолайлы қауіпсіз ғимаратқа көшіру мәселесін шешу керек, — деген Асхат Иманғалиев әлі де болса солдаттардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету дұрыс жолға қойылмағанын сын тезіне алды. Мысалы, Маңғыстау облысынан шақыртылған жас сарбаз Нұрбек Ерғали қаза болған ҰҚК Шекара қызметінде заставалар мен сарбаздар күзететін шекара аймақтарының арасы жүздеген шақырым бола тұра, ұялы телефон немесе радиобайланыс, рация байланысы толық қамтамасыз етілмеген. Соның салдарынан былтыр тамыз айында қайғылы оқиға орын алған. Шекара күзетуге кеткен топтың автокөлігі саз балшыққа батып қалған кезде олардың орталықпен дұрыс байланысы болмаған әрі оларға көмекке жіберілген автокөлік те жолда бұзылып, оларға үшінші рет көлік жіберілген. Қатты ыстықтан демалысы қиындап, ауа жетпей жүрек талмасына ұшыраған «Жанбай» заставасының сарбазы Н.Ерғалиді ауруханаға мерзімінен өте кешіктіріп апаруға осындай жағдайлар себеп болған. Қоғамдық кеңес отырысында кеңес мүшелері естір құлаққа есті ұсыныстарын айтты. Сол жердегі әскерилер де мұндай проблемаларының барына бас изеп, мойындағандай сыңай танытты. Жүктеме толық орындалмайды Күзгі әскерге шақырту науқанында 492 атыраулық азамат Отан алдындағы борыштарын өтеуге жөнелтілді. Облыстық жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Есмұхан Қажкеновтен біл геніміздей, осы жылдың көктемінде әскерге шақырылады деп жоспарланған 633 адамнан 595 азамат әскерге шақыртылыпты. Бұл жүктеменің 94% орындалып отырғаны екен. Ал, күзгі шақырту 652 сарбазды құраса, бүгінге дейін 492 азамат әскерге жіберіліп, жоспар 75% орындалған.
– Жүктеменің толық орындалмауының басты себептері – шақырту контингентінің әскерге қызмет етуге ынтасының болмауы және денсаулық жағдайларына Әскерге барған жігіттер шыңдалады, тәртіпке үйренеді. Ертеректе ер азамат үшін әскери борышын өтеу үлкен мәртебе саналатын. Оның үстіне жауынгерлік борышын өтегендерді ауылдастары асыға күтіп, мақтауын асыратын. Ал, бүгінде барлығы керісінше секілді. Қазіргі қоғамда орнаған қорқыныштың салдарынан кейбір ата-ана өз ұлының әлімжеттік пен зорлық-зомбылық құрбаны болғанын қаламайды. Сөйтіп, баласын әскерге жібермеудің барлық амалын жасайды. Шындығында, еркін қоғамның жас өскіні қатаң режимдегі тәртіпті басынан өткеруге қауқарсыздығы үгіт-насихаттың аздығынан болуы ықтимал. Өйткені, борышын өтеп келгендер айналасындағыларға қиындықты айтып, «уақытыңды өлтіресің» деген қисынсыз әңгімелерін тықпалайды, — дейді Батыс өңірінің әскери прокурорының орынбасары Алғатай Нұрғазыұлы. Рас, мына заманда әскерге «не годен» болу да қиын шаруа емес. Жиынға жиналғандар мектеп бағдарламасына бұрынғы алғашқы әскери дайындық пәнін қайта енгізуді және оған жүрдім-бардым қарамай, алғашқы дайындық әскери өмір әліппесі екенін ұғындыруға күш салу қажеттігін айтты. Аталған пән арқылы оқушылар мектеп қабырғасында жүріп қаруды таниды, саптық даярлықты меңгереді, өмірлік қауіпсіздік ережелерін жаттайды, әскери жарғының не екенін түсініп, әскери шеберлікті үйренеді.
Көптеген білім беру мекемесінде саптық алаңы, кедергі жолағы, оқу қаруы, тир, тағы басқасы жоқ. Сонымен қатар, алғашқы әскери және технологиялық сабағын мерзімді әскери қызмет өткермеген әйел адамдар жүргізгені тағы бар. Бұрынғыдай бес күндік дала оқу жиыны талапқа сай өтпейді. Бұл жиын оқу орындар ауласында өткізіледі және біздің батыс өңірінде бірде-бір әскери орта оқу орны (колледж) жоқ. Осы себептерден біздің жастарымыз әскерге физикалық және моральдық дайындықсыз барады. Әскерге аттанған сарбаздардың психологиялық дайындығы жоқ. Бұл соңғы кездері әскердегі өлімнің көбейіп кетуінің бір себебі болуы әбден мүмкін.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Сурет gov.kz алынды