Алты айлық баласымен 3 күн бойы мас күйде жүрген 37 жастағы әйел жауапкершілікке тартылды
15 қыркүйек күні сағат 20:30 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының 102 операторына қала тұрғыны қоңырау шалып, Азаттық көшесінде колында кішкентай баласы бар белгісіз әйелдің мас күйінде жүргендігі жөнінде хабарлама берген.
Хабарлама бойынша дереу жеткен полицейлер, 1984 ж.т., азаматшаны ұстап, медициналық сараптаманың қорытындысымен оның орта дәрежедегі мас күйде екендігін анықтады.
Белгілі болғандай, 37 жастағы келіншектің қолында алты айлық сәбиі болған. Аталған азаматша өзінің үш күн бойы ішімдік ішкендігін айтып, өз кінәсін мойындаған.
Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127 бабының 1 бөлімімен (Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және (немесе) оларға білім беру, олардың құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөнiндегi, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы) әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды .
Сонымен қатар, аталған азаматша Атырау қаласы Полиция басқармасының “Жайсыз отбасы” есебіне алынып, оған қатысты жинақталған іс-құжаттар Атырау қаласы әкімияты жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясына жолдау үшін жинақталуда.