Жарнама
Құқық

Алименттен қашқан әкелер

Ажырасу көп болғандықтан, борышкерлер қатары да жыл санап артып келеді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, алимент өндіру жөніндегі шыққан әрбір төртінші сот шешімі орындалмайды. Туған баласынан безген безбүйрек әкелердің балаларын жастайынан «тірі жетім» атандырып, өз қанынан жаралған ұрпағына қатыгездік жасауы көңілге қаяу салмай қоймайды. Осындай қоғамдық ауыр мәселеден балалар зардап шегіп отыр. Ал, алиментін ала алмаған мыңдаған аналар сот орындаушылардың есігін жағалап, ақша өндіру үшін жылап-еңіреп жүргендерін көргенде кірерге тесік таппайсың. Бірақ, сот орындаушылар, борышкерлерден али­мент өндіру үшін терің қалың, яғни, өте шы­дамды болуың керек. Өз баласына ақшаны төлемес үшін аталған әкелер түрлі айла-шарғы қолданып, мәселен, жұмыс орындарын жасырып, жалақысын бухгал­те­рия арқылы бірнеше есе төмендетіп, дүние-мүлкін жақын-жуықтарына та­ратып, тіпті, сот орындаушыларынан қа­шып-пысып, көздеріне түспеуге дейін ба­рады. Туған баласының несібесін аузынан жырып, қара басының қамын күйттеген мұндай әкелер ар алдында да, Алланың алдында да жауапты екенін ұқпай жүр.

Бас прокуратураның мәліметтеріне қарағанда, қаржы дағдарысы басталғалы бері борышкерлердің қатары да көбейгенге ұқ­сайды. Сондықтан еліміздің Бас про­ку­ра­турасы өткен жылы «Мемлекеттік алименттік қор» құру қажеттігін алға тарт­қан болатын-ды. Бұл орайда құқық қор­ғау­шылар шетелдердің осы істегі тә­жі­ри­бе­леріне сүйене отырып, алимент өн­дірудің жаңа тәсілдерін сыннан өткізу дұрыс деп есептейді. 

 Сот орын­даушыларының қолындағы мәліметтерге үңілсек, алимент төлейтін отбасылардың көпшілігі расында да, жұмыссыз әрі үйсіз-күй­сіз, ішімдіктің арбауында кеткен. Али­мент өндіруге заңмен бекітілген атқару өндірісі бар құжат қағазың арқылы алимент өндірмек болғаныңмен, түгі жоқ жаннан «тышқақ лақ та» өндіре алмайтының тағы шындық.

Күніне бірнеше мәрте келетін жесір аналар сот орындаушыларының өздерін қарғап-сілеп кететін кездері де жиі кездеседі. Мұндай жағдайларды да түсінуге болады, себебі шиеттей ба­ла­пандарын жалғыз асырап, күнкөрістің қамын күйттеген жесір аналар қоғамнан аз да болса жылылық күтіп, өз міндетіне салдыр-салақ қараған ажырасқан күйеуін жөнге салуды талап етеді.

Мұндайда сот орындаушылар борышкерлердің баспанасы мен көлігін, бол­маса, дүние-мүлкін қамауға алып, тұр­мыстық заттарын аукционға қойып сатуға мәжбүр болады. Бұдан түскен қаражат алименттің аз да болса жыртығын жамауға кетіп, жаңағы ана мен баланың жанарынан аққан ыстық тамшыны құрғатуға жұмса­лады. Базалық мәліметтерге тіркелген ме­кен-жайлары бойынша жұмыс орында­рына таңғы алты-жетілерден бастап, күн бат­қанға дейін есіктерін қағып, зыр жүгіретін сот орындаушылар алимент тө­леу­ге тиіс әкені шырақ алып іздесе де таба алмай­тын­дарын, тіпті, кейде көп қабатты үйлердің жертөлелеріне де кіріп көрулеріне тура ке­ле­тінін айтады. Кейбір жағдайда осын­дай адамдардың өз-өзіне қол жұмсамақ болып, тіпті сот орындаушыларын мертік­тіруге ұмтылатын кездері де жиі кездесіп жатады. Мұндайда сот орындаушысы еш қорғансыз қалуы да мүмкін. Сондықтан, қауіпті атқару өндірістері, яғни алимент төлемейтін борышкерлерді темір тордың ар жағынан жаңа оралған қылмыскер болған жағдайда құқық қорғаушылары мен пси­хо­лог қызметкерлерін қоса ертіп жүруге мәжбүр болатын кездер де жоқ емес. 

Күләнда ҚЫСТАУБАЕВА,

Атырау облысы бойынша сот актілерін орындау департаменті бастығының орынбасары.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button