Жарнама
Құқық

Алаяқтық пен есірткіге тосқауыл қойыла ма?

Қоғамның тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі – құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі. Өкініштісі, соңғы жылдары алаяқтық, интернет-қылмыстар және есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың күрт өсуі қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Әсіресе жаңа технологиялар қылмысты түрлендіріп, алдамшы схемалардың кең таралуына жол ашып жатыр.

Осы мәселелердің жай-жапсары және құқық қорғау саласындағы соңғы өзгерістерді талқылау мақсатында облыстық прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының бастығы Ерлан Байкісімен сұхбаттасқан едік.

– Ерлан Бекетұлы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы криминогендік ахуалға тоқталып өтсеңіз?

– Статистикалық деректерге сүйенсек, былтыр облыстағы қылмыс деңгейі алдыңғы жылмен салыстырғанда 8%-ға артқан. Оны тарата айтсақ, онша ауыр емес қылмыстар 14%-ға, орташа ауыр қылмыстар 4, ауыр қылмыстар 1, ал аса ауыр қылмыстар 7%-ға көбейіпті. Әсіресе алаяқтық 22%-ға, интернет-алаяқтық 43%, есірткі қылмыстары 60%-ға өскен. Бұл – алаңдатарлық жайт.

– Қылмыстың алдын алу мақсатында қандай шаралар қолға алынып жатыр?

– Құқық қорғау органдары үшін қылмысқа қарсы күрес пен оның алдын алу – басты міндеттердің бірі. Осы бағытта облыс прокуратурасы тиісті уәкілетті органдармен бірге жедел алқа мәжілістері мен үйлестіру кеңестерін өткізіп, әр органға нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қадағалап келеді.

Бұдан бөлек, 2024-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленіп, құзырлы органдар бірлескен іс-шаралар жүргізуде. Әсіресе алаяқтық пен есірткі қылмыстарының көбеюі алаңдатып отыр.

Қазір алаяқтық – ең көп таралған және қауіпті қылмыс түрлерінің бірі. Интернет арқылы қаскөйлер тұрғындардың сеніміне кіріп, психологиялық айла-тәсілдер арқылы олардың қаражаты мен мүлкін заңсыз иемденіп жүр. Ал оның алдын алу үшін халықтың белсенділігі керек. Азаматтарды өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, құпия деректерді сұрағандарға немесе таныс-туыстарының атынан жіберілген күмәнді SMS хабарламаларға сенбеуге шақырамыз.

– Қылмыстық заңнамаға қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді?

– Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – есірткінің заңсыз айналымы. Былтыр 15 наурызда Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда қоғамды жайлаған бес кеселдің бірі ретінде есірткі қылмыстарымен күресті күшейтуге баса назар аударылды. Соған сәйкес, биыл 2 қаңтарда Қылмыстық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, есірткі дайындау, өңдеу және оны ұйымдастырған азаматтардың жауапкершілігі 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға күшейтілді. Ал есірткі тасымалдаушыларға, егер олар бірінші рет қылмыс жасап, ауырлататын мән-жайлар болмаса, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Бұл өзгеріс, әсіресе, есірткі тасымалдауға тартылатын жасөспірімдер мен жастарды қорғауға бағытталған. Егер осы қылмысты бірнеше рет қайталаса, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күшейтіледі.

Сондай-ақ, есірткі қылмысына қатысы бар лауазым иелерінің жауапкершілігі де қатаңдатылды. Олардың мүлкі тәркіленіп, 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Бұл өзгерістер есірткімен күреске тың серпін берері сөзсіз.

Облыста «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы аясында түрлі алдын алу шаралары ұйымдастырылуда. Ата-аналар да бұл мәселеге бейжай қарамай, балаларына есірткінің қауіптілігін түсіндіріп, құқық қорғау органдарына күмәнді жағдайлар туралы хабарлауы тиіс.

– Заңнамаға енгізілген тағы қандай өзгерістер бар?

– 2024 жылдың 15 наурызында мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесін көтеріп, Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге өзгерістер енгізді. Ондағы басты мақсат – әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту, отбасы институтын нығайту және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргендер Қылмыстық кодекстің 108-1 бабы бойынша 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл төлеуі немесе 50 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін. Егер бұл әрекет қайталанса немесе ауырлататын мән-жайлар болса, жаза 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу немесе 2 жыл бас бостандығынан айыруға дейін күшейтіледі.

Бұрын мұндай құқық бұзушылықтар үшін тек әкімшілік жаза қарастырылып, ең ауыр жаза 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен шектелетін. Жаңа өзгерістер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте әр азаматтың, қоғамдық ұйымдар және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы зор роль атқарады. Біз осы бағытта халықтың құқықтық сауатын арттыруға күш салып, қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендетуге күш саламыз.

– Ерлан Бекетұлы, мазмұнды сұхбатыңыз үшін рақмет. Жұмысыңызға табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button