Жарнама
Құқық

Алаяқтан  айла  артылмайды

Соңғы жылдары елімізде алаяқтық деректері көбейіп бара жатқаны байқалады. Қанша жерден осы келеңсіздіктің алдын алуға құқық қорғау органдары ұмтылғанымен, ол «жеті басты айдаһардай» дес бермей барады. Дегенмен, бүгінде заңнама күшейтіліп, киберқылмыстың алдын алу жолдарын жетілдіріліп, алаяқтықты ауыздықтауға әрекет жасалып жатыр.

Нәтижесі де жаман емес. Айталық, былтыр интернет алаяқтық бойынша 4 мыңға жуық қылмыстық іс ашылып, 2 мыңға тарта адам жазаланған. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде алдағы уақытта алаяқтарды құрықтап, жазалану көрсеткіші арта түсетініне сенім мол.

Осы орайда, алаяқтықтың ішінде ғаламтор алаяқтарының күшейіп кеткендігіне тоқталғым келіп отыр. Елімізде интернет алаяқтық былтырғымен салыстырғанда 4,1 пайызға өскен. Бас прокуратураның мәліметінше, биылғы алғашқы алты айда 10 мыңға жуық интернет алаяқтығы тіркелген екен. Олардың көпшілігі онлайн саудаға қатысты алдану және фишинг, яғни банк карталары мен өзге де деректердің әккілердің қолына түсуі фактілерімен тіркелген. Демек, халық та онлайн сауда жасау кезінде мұқият болуы керек. Онлайн сауда жасау кезінде алдымен төлем жасамас бұрын, алаяқпен сөйлесіп отырмағаныңызға әбден көз жеткізгеніңіз жөн. Әйтпесе, ақша аударылған сәттен бастап, телефонды өшіріп қашатын қулар көп. Көп жағдайда тұрғындар алдын ала төлем жасау арқылы сан соғып қалады.

Сондай-ақ, қазір алаяқтықтың ең көп таралған түрі – «полициядан» немесе «банктен» қоңырау шалатындығы болып отыр. Қаскөйлер өздерін тәртіп сақшысы немесе банк қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушіні қорқытып-үркітіп, қалаған ниетіне жетеді. «Банк қызметкерінің» сұраған кодын айтамын деп қарызға белшеден батқандар да аз емес. Сондықтан ешқандай банктің телефон арқылы құпия код сұрамайтынын мұқият есте сақтау қажет.

«Дауыс беріңіз» деп келетін күмәнді сілтемелер де алаяқтардың айласы болуы әбден мүмкін. Сондықтан телефоныңызға келетін күмәнді сілтемелерді де баса берудің қажеті жоқ.

Қазіргі кезде заманның даму үрдісіне қарай интернет-алаяқтық кең тарап кетті. Қылмыстық заңнамаға сәйкес, ғаламтор алаяқтары болып ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденіп кеткен тұлғалар танылады. Бұл жерде құқық бұзушы ақпараттық жүйелерді, яғни компьютер, смартфон, планшет секілді құралдардың көмегімен интернет арқылы жалған жарнамалар жариялап, адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді әрекеттерге барады. Ғаламтор құралдарының жедел дамуы да интернет алаяқтығының өршуіне ықпал еткенін мойындауымыз керек. Өкінішке қарай, оларды жедел құрықтау қиындық туғызып жатады. Өйткені, олардың көпшілігі трансшекаралық сипатқа ие, яғни қаскүнемдер басқа аймақта, кейде басқа елде жүрген адамдарға қатысты қылмыс жасайды.

Алаяқтың арбауына түспеу үшін бірнеше қағидаларды мұқият ұстанған жөн. Ол үшін қарапайым қауіпсіздік шаралары дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге айтпауы, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуі, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауы, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез-келген сілтеме бойынша өтпеуі, спам хабарламаларға сенбеуі қажет. Осы талаптарды сақтау арқылы әр адам алаяқтардан өзін қорғай алады.

Мемлекет басшысы қазір көптеген азаматтарымыз айлакерлердің арбауына түсіп, алданып қалып жатқанын бірнеше рет атап өтті. «Құқық қорғау органдары бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі тиіс. Әділетті қоғам құру жолында оларға ешбір кешірім болмауы қажет» деген болатын Президентіміз. Ендеше, алдағы уақытта алаяқтарға қарсы күрес оң нәтиже береді деп сенеміз.

Нұртас БӨЛЕКБАЕВ,

Атырау қаласының №2 сотының судьясы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button