
Әке жолын жалғаған
15 маусым – Әкелер күні. Бұл күн – отбасының тірегі, елдің қорғаны болған әкелерге деген құрметтің айрықша белгісі. Осындай тағылымды мереке қарсаңында ел тыныштығы үшін сап түзеген бір отбасының қос буыны – әке мен баланың өнегелі жолы туралы баяндауды жөн көрдік.
“Батыс” өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Атырау қаласындағы Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде қызмет ететін кіші сержант Алтынбек Аманғалиев пен оның әкесі, ІІІ сынып сержанты Рүстембек Бекмурзин әскери қызметті өмірінің мәніне айналдырған. Екеуінің тағдыры – елге қызмет етудің, отбасындағы тәрбиенің, Отан алдындағы адалдықтың айнасы.
“Мен үшін әкем – нағыз батыр”
Алтынбек Аманғалиев бала күнінен әскери форма киген әкесіне қарап бой түзеді. Қарулы күштердегі жауапты қызметті адал атқарып жүрген әкесінің әр қимылы оған үлгі болды. Бүгінде сол бала арманы шындыққа айналған.
— Бала кезімде әкемді таңғы сапарға шығарып салған сайын «Мен де бір күні дәл осылай елге қызмет етемін» деп армандайтынмын. Уақыт өте келе ол арман мақсатыма айналды. Қазір мен де әкем секілді әскери саладамын. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш, – дейді кіші сержант Алтынбек.
Ол бүгінде Ұлттық ұлан қатарында қызмет етіп, темірдей тәртіп пен ел алдындағы жауапкершілікті терең сезініп жүр. Әскери өмірдің оңай еместігін мойындай отырып, оның маңызын жақсы түсінеді.
Әке жүрегі ел амандығын тілейді
Рүстембек Бекмурзин – Ұлттық ұланда ширек ғасырдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі әскери қызметкер. Бүгінде ол рота старшинасы қызметін абыроймен атқарып келеді. Алдағы бірнеше айдан кейін зейнетке шықпақ.
— Ұлымның менің ізімді жалғағанына шүкір деймін. Бұл – әр әке армандайтын сәт. Әскерге екінші ұлым да шақырту алды. Ол да кейін әскери жолды таңдауға ниетті. Өз балаларыңның еліңе қорған болуға ұмтылғанын көру – адамға үлкен рух береді, – дейді Рүстембек ағамыз.
Тәртіп пен тектілік
Ұрпақ сабақтастығы – ұлттың қуаты. Әкеден балаға өткен адалдық пен патриотизм – нағыз ер тәрбиесінің жемісі. Қоғамда дәл осындай әскери жолды жалғаған азаматтардың көбейіп келе жатқаны – қуантатын құбылыс.
Ұлттық ұланда қатар қызмет етіп жүрген әке мен ұл – бұл тек қызметтегі үндестік емес, тәрбие мен тағылымның тіні. Олардың жолы – ұрпаққа үлгі, елге сенім.
Ел тыныштығын күзетіп жүрген әрбір әке – елдің қорғаны. Ал сол әкенің жолын жалғаған перзент – тәуелсіздіктің тұғырын бекем ұстар азамат. Осындай жандардың арқасында мемлекеттің іргесі берік, шекарасы бүтін.
Бүгінде ел тыныштығы үшін отбасынан жырақтап, тынбай қызмет етіп жүрген осындай барша әкеге, олардың аманатын арқалаған ержүрек ұлдарға алғыс айтамыз.
Отанға қызмет ету – жүректен шыққан ұлы парыз.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ