Аймақтағы шығармашылық үйірмелер орналасқан ғимараттар талапқа сай емес
Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысында «Арт Спорт» жобасы шеңберінде қала және ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдеріне бөлінген бюджет қаражатына мемлекеттік аудит жүргізу іс-шарасының аудиторлық қорытындысы қаралды. Бұл туралы Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Ләззат Аккажиева баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды atr.kz тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Жүргізілген аудит нәтижесінде 426,5 млн теңгенің бұзушылықтары анықталып, оның ішінде қаржылық бұзушылық 6,5 млн теңге және тиімсіз жоспарланған бюджет қаражаты 317,2 млн теңгені құрады. Сонымен қатар тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты 102,6 млн теңге. Оған қоса 147 рәсімдік сипаттағы бұзушылықтарға жол берілген.
-Анықталған бұзушылықтар бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына кері әсерін тигізген. Атап айтсақ, Бюджет кодексінің, Еңбек кодексінің, Мемлекеттiк сатып алу заңының, сонымен қатар бірқатар қағидалардың бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларының талаптарын жеткілікті деңгейде басшылыққа алмау салдарынан болып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік шығармашылық тапсырыстар негізінде жүзеге асырылған шығармашылық үйірмелер талапқа сәйкес емес ғимараттарда орналастырылғаны анықталды. Олар кеңсе, техникалық қызмет көрсету және бизнес орталықтарында, дәріхана, цокольді үй-жайларда, «Сарайшық» коммуналдық базарының әкімшілік ғимаратында және т.б. орналасқан, — деді Л.Аккажиева.
Сонымен қатар оның айтуынша, бұдан бөлек 2,1 млн теңге көлеміндегі халық шығармашылығын, этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтау, насихаттау жұмыстары үшін төленетін 35% қосымша ақы негізсіз төленген.