Жарнама
Құқық

Аймақ басшысы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Атырауда Қазақстан полициясы күніне орай Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арналған салтанатты іс-шара өтті. Кәсіби мерекелік жиынға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов арнайы қатысып, Ішкі істер органдарының, сондай-ақ бірқатар құқық қорғау органының үздік қызметкерлерін марапаттады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

img 7162

– Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі. Бұл жолда аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі әрдайым құрметке лайық. Сіздердің күнделікті қызметтеріңіз – жауапкершілік пен ерліктің үлгісі. Баршаңызға табысты еңбек, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді облыс әкімі.

img 7163

Келелі жиын барысында Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев сала ардагерлері мен қызметкерлеріне жылы лебізін білдіріп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Оның айтуынша, облыста қылмыстық құқықбұзушылықтардың саны жыл сайын азайып келеді. Қазір өңірде 61 582 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олардың 12 500-і жедел басқару орталықтарына қосылған. Жыл басынан бері осы камералар арқылы 206 қылмыс пен 15 875 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Сонымен қатар қоғамдық орындардағы 50 бейнекамераға жасанды интеллект жүйесі енгізіліп, бет-әлпетті тану технологиясының көмегімен 106 күдікті  анықталған.

img 7159 1

Биыл Атырау облысында полиция қызметінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңартылды. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Кибер-шериф» жүйесімен жабдықталған автокөліктер, әуе дрондары, «Оракул-Инсайт» мобильді құрылғылары мен «Трафик-Сканер» жылдамдық өлшегіштері пайдалануға берілді. Бұл шаралар жол-көлік мәдениетін арттыруға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар құқық қорғау органдарын қажетті техникамен қамтамасыз ету, қызметтік тұрғын үймен қамту және инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

img 7164

Мерекелік іс-шарада ішкі істер саласының дамуына үлес қосқан ардагерлер мен қызметкерлерге ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың және департамент бастығының Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ үздік нәтиже көрсеткен бірқатар тәртіп сақшысына мерзімінен бұрын жоғары лауазымдық шен берілді.

Жиын соңында Нұрхат Оразбаев қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туыстарына алғыс білдіріп, ардагерлердің еңбегін ерекше атап өтті.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button