Жарнама
Құқық

ӘДІЛДІК ІЗДЕП ӘКЕ ЖҮР…

Өзін Атырау қаласының тұрғыны Алдамжар Жанғалиев деп таныстырған жігіт ағасы жағдайды былай баяндады. «Оқиға 2009 жылдың 26-қарашасы күні орын алды. 28 жастағы ұлым Асхат Жанғалиев сол түні Атырау қаласындағы С.Датов көшесінің бойында орналасқан «Арын» сауда дүкенінің маңында кісі қолынан қаза тапты. Ұлымды Макаров тапаншасымен атқандарды көрген куәгерлер де болды. Бірақ, кейін белгісіз себептермен олар бастапқыда берген жауаптарын өзгертіп жіберді. Сол жылдан бері қанша уақыт өтсе де, кінәлілер «анықталмағандықтан» іс біржола тоқтатылып тынды. Жергілікті құқық қорғау органдарына, Бас прокуратураға, тіпті Президент Әкімшілігіне дейін хат жаздым. Бірақ, мәселе бір шешімін таппай келеді. Шыдамым әбден таусылды» дейді ашынған әке.

Мәселе бойынша біз Атырау облыстық прокуратурасына хат жолдадық. Хатта облыс прокуратурасының басқарма аға прокуроры Ж.Жұмағазиев «аталған қылмыстық іс бойынша қылмыстық қудалау органымен барлық тергеу әрекеттері жүргізіліп, айыпталушы ретінде жауапқа тартатын адамның анықталмауына байланысты, 29.06.2014 жылы ҚІЖК-нің 50-бабының 1-бөлігінің 1-тармағы негізінде өндірістен тоқтатылды. Сонымен қатар, ІІД-мен орын алған оқиғаға қатысты адамдарды іздеп, табу жұмыстары жүргізілуде» деп жауап беріпті. Бұл қаңтар айының 28-і күні келген хат еді. Кейін Ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Б.Қожамбердиевтің Алдамжар Жанғалиевке жолдаған хаты қолымызға келіп түсті. Онда «… тексеріс кезінде сіздің күдігіңіздің тергеу барысында толыққанды тексерілмегендігі анықталды. Осыған орай, Тергеу департаменті қылмыстық істі Атырау облыстық ішкі істер департаментіне қайта тергеуге жіберу жөнінде хат жүзінде тапсырма берді» деп жазылыпты. Атырау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарова да күні бүгінде тергеу амалдарының қайта жалғасқандығын қуаттады.

«Менің бар тілегім – баламның өліміне қатыстылар тиісті жазасын алса екен. Бар үмітім – жаңа тергеу амалдарында. Әділдікке жеткенше тынбаймын» — дейді әке. Әзірге тергеу барысы жөнінде қандайма дерек беру мүмкін болмай отыр. Бірақ,  қылмыстық іс барысынан шыққан нәтижелер туралы біз алдағы уақыттарда хабарлайтын боламыз.

Р.S. Осы оқиғадан соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың сот жүйелеріне, құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайту туралы тапсырмасы еріксіз еске түседі екен. «Өндірістен тоқтатылды» деген таңбамен қаншама қылмыстық істің қажетсіз пәпкелерде шаң басып жатқанын кім білсін?

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button