АДАМГЕРШІЛІК АҚШАҒА САТЫЛМАЙДЫ
Атырау облыстық білім беру басқармасынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылының 2015 жылға арналған жоспарына сай атқарылатын іс-шаралар үшін арнайы тұжырымдама жасалғанын білдік. Ол бойынша мектепалды даярлық сыныптарында түрлі шаралар өткізіліпті.
Бір қарағанда, бұл айтылғандардың сыбайлас жемқорлыққа тікелей қатысы жоқтай көрінуі мүмкін.ОблыстықбілімберубасқармасыбастығыныңорынбасарыЗылихаДүйсекеновамен сөйлескеннен кейін мәселенің мән-жайы айқындала түсті.
— Біз бұл сабақтарды өткізгенде әр сыныптағы баланың жас ерекшелігін ескереміз. Бастауыштың немесе орта сыныптың баласына бірден сыбайлас жемқорлық жайлы айта алмайсың. Сондықтан, біз мұндай жат қылыққа жол бермейтін, адамгершілікке тәрбиелейтін сабақтарды өткізіп, оқушының зердесіне құя бермекпіз. Бұл жерде ұлттық бағыттағы тәрбиені басты нысанда ұстанамыз. Халқымыздың осы орайдағы «біреудің ала жібін аттама», «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген сияқты тыйым салулары, мақал-мәтелдері – адалдық пен адамдыққа үндейтін қазақы дәстүрдің қайнар көзі болып табылады,-дейді Зылиха Қыдырбайқызы.
Жоғары сыныптарда «құқ-ықтану» пәнін оқып, құқықтық заңдық негіздермен таныса бастайтын жасөспірім үшін коррупция ұғымы мен көріністері таныс болуы мүмкін. Тұжырымдамаға сәйкес, тақырып бойынша нақты сабақтар осы кездері ғана өте бастайды. Яғни, 8 сыныпта «Біздің болашағымызда сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ», 9 сыныпта «Сыбайлас жемқорлықсыз Қазақстан», 10 сыныпта «Жемқорлық – індет, жою – міндет», 11 сыныпта «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – өмір талабы» сынып сағаттары мен тәрбие шаралары қарастырылған. Бұл шараларға прокуратура, ішкі істер басқармасы, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы департаментінің қызметкері қатысады.
Сонымен, білгеніміздей, сыбайлас жемқорлық жайлы балабақша тәрбиеленушісі мен мектеп оқушысына бас-көз жоқ айтылмайды, өскелең ұрпақ күрделі тақырыпқа біртіндеп дайындықпен келеді және оқыту үшін басты негіз етіп – тек қана пара алмау, бермеу деген қарабайыр түсінік емес, толыққанды, адал, саналы азамат қалыптастыру міндет етіп алынады.
— Мен мұндай сабақтарды балаларға ерте бастан оқытуға қатысты біржақты пікір айта алмаймын,- деді «Қазақстанныңтәуелсізұрпағы» қоғамдықбірлестігініңжетекшісіҰлықбекТінәлиев. — Бір жағынан, жат қылықтан ерте бастан жирене бастаған дұрыс-ақ. Екінші жағынан, бала – үлкендердің іс-әрекетін қайталап, ержететін тұлға. Өмірдегі жағдай басқаша болса, оның алған барлық теориялық білімін жоққа шығаруы ғажап емес. Біреудің маңдай терін төкпей, үлде мен бүлдеге оранып жүруі жеткіншектің санасында «осылай етуге болады екен» деген ой тудырады. Ол үшін балаға «барлығын ақшаға сатып алуға болмайтынын» үйрету керек. Міне, барлығы осындай бір қарағанда ұсақ-түйек көрінетін әрекеттерден басталады.
Расымен де, «арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғысы солай жүреді»дегендей, кез келген бала ересектердің іс-қимылын аңдап өседі. Ендеше, бұғанасы қатпаған баланың жемқорлық атты дерттен бойын аулақ ұстауы – ең алдымен аға буын үшін сын болмақ.
Құралай ҚУАТОВА.