Жарнама
Құқық

«АДАМ ТАҒДЫРЫНА АТҮСТІ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ»

 

ШАҒЫМ ҚАЛАЙ
АЗАЙДЫ?

— Жыл басынан бері облыстық сотқа келіп түскен арыз-шағымдар саны қанша? Олар қандай сот шешімдеріне байланысты келіп түсті және орындалысы қандай?
-2013 жылдың алты айында қаралған азаматтық істер бойынша Атырау облыстық сотына жеке және заңды тұлғалардан судьялардың әрекетіне 13 өтініш түсті. Оның ішінде сегіз өтініш өз мәнінде қаралып, ондағы келтірген уәждер өз дәлелін таппауына байланысты және ол уәждер сот шешіміне келіспеушілік туралы болғандықтан өтініш келтірушіге заң талаптары түсіндірілді. Тағы бес өтініш судья әдебі жөніндегі комиссияның атына келтірілгендіктен олар судья әдебі жөніндегі комиссияның қарауына берілді.
Айта кету керек, былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында судьялардың әрекетіне келтірілген арыз-шағымдар саны 41-ге немесе 75,9 %-ға азайды. Мен мұны судьялардың жұмыс сапасының жақсаруынан деп санаймын.
— Осы орайда көпшілік тарапынан соттарға қандай орынсыз кінә артылады деп ойлайсыз?
— Сот шешіміне риза болмаған тарап Елбасына, Бас прокурорға, ұлттық қауіпсіздік органына, қаржы полициясына және басқа да органдарға судьяға қатысты қатаң тәртіптік жаза қолдануды сұрап, шағымдануын судьяларға жасалған қысымшылық, байбалам салу деп санаймын, яғни судьяларға орынсыз кінә арту деп білемін.
Өйткені, Қазақстан Республикасы Конституциясының 77, 81-баптарына сәйкес сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді.
Заңда көзделген іс жүргізу нысандарында соттардың қызметін қадағалауды Жоғарғы Сот қана жүзеге асырады, ал, сот шешімінің заңдылығы мен негізділігін анықтау өкілеттігін заң шығарушылар апелляциялық, кассациялық және қадағалау сот алқаларының өкілеттігіне берген. Басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдар соттармен материалдық немесе процессуалдық заңнаманы қолдану мәселелерін қоса алғанда, соттарға тексеріс жүргізуге уәкілетті емес.
Сонымен қатар, шағымдарда тараптарға сот отырысының өткізілетін уақыты мен өтетін орны тиісті дәрежеде хабарланбай, сот актілерінің көшірмелерінің уақтылы табысталмай, сот отырысы хаттамаларының уақтылы дайындалмағаны және таныстырылмағаны, іс қарауда сөзбұйдалыққа салу секілді іс жүргізу талабының бұзылғаны туралы уәждер келтіріледі. Мұндай жағдайда сәйкесті сот алқасымен іс құжаттарын тексеру арқылы процессуалдық заң талаптарының бұзылуы орын алғаны немесе орын алмағаны мұқият тексеріледі.

ҚҰҚЫҚТЫҚ
САУАТЫМЫЗ ӘЛІ
МӘЗ ЕМЕС

— Кейде сот шешімі шыққаннан кейін де дау-дамай туындап жатады. Мәселен, бір жер телімінің бірнеше адамға берілуі немесе тұрғын үйдің қолдан қолға көшуі сияқты әрекеттердің орын алуы не себептен?
— Мұндай әрекеттердің орын алуының себебі азаматтардың жылжымайтын мүліктерге қатысты мәміле жасасқанда заңды білмей алаяқтыққа ұшырауында және сол мәмілені жасаспай тұрып, кәсіби заңгерлердің көмегіне жүгінбегендігінде деп ойлаймын. Бұл жағдай сатушы тарапқа да, сатып алушы тарапқа да қатысты дау мәселесін туындатады. Аталған санаттағы істер бойынша сот тәжірибесін зерделегенде ең алдымен мұндай келісімдер тараптың немесе оның бірге тұратын отбасы мүшелерінің, соның ішінде кәмелетке толмаған мүшелерінің баспанаға тиесілі конституциялық құқықтарының бұзылуына әкеп соғатынын көрсетіп отыр. Жылжымайтын мүлікке қатысты мәміле жасау – мәмілеге қатысушы тараптардың ғана емес, онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің, соның ішінде кәмелетке толмаған мүшелерінің меншікке қатысты құқығына мәміле жасау. Алайда, бұл мәселе мәміле жасау кезінде тараптармен ескерілмейді.
Осы орайда мен өз басым азаматтық кодекстің мәмілеге қатысты бөлігіне және жылжымайтын мүлікке, меншікке сату-сатып алу процедурасына қатысты басқа да материалдық заң нормаларына жариялылық талабын енгізу мәселесі пісіп-жетілді деп ойлаймын. Яғни, жылжымайтын мүлікке қатысты мәміле жасау туралы бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала жарияланып, осы мәселеге қатысты өз құқығын қорғауға мүдделі тұлғаларға процессуалдық мерзім тағайындалған жағдайда, мүдделі тұлғалардың құқығы аяқасты болмайды. Міне, сол кезде жылжымайтын мүліктің қолдан қолға көшуі мүлдем жойылады деп санаймын.
Бұл жеке азаматтардың жылжымайтын меншігіне байланысты конституциялық құқығына қатысты мәселелер бойынша айтарым. Ал, мемлекеттік маңызы бар жер мәселесіне, игерілмеген мемлекет қаржысына қатысты Атырау облысы соттарымен, соның ішінде Атырау облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотымен және Атырау қалалық сотымен 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында қоғамдық резонанс тудырған азаматтық істерге де тоқтала кеткім келеді.
Атап айтқанда, Атырау облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотымен «Атырау облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесінің талабы негізінде әртүрлі мекемелерге сеніп тапсырылған жұмыс көлемінің орындалмағаны және бюджеттің игерілмеген қаржысын қайтару туралы 21 азаматтық іс қаралды.
Бүгінгі таңда сотпен мемлекет пайдасына айыппұл санкцияларын қосқанда бюджеттің игерілмеген 7 542 780 559 теңге мөлшерінде қаржысын қайтару туралы сот шешімі қабылданды. Сондай-ақ, бұрынғы облыс әкімі мен сол кездегі шенеуніктердің қаланың бас жоспарында тұрғын үй салу көзделмеген жерден заңсыз берген жер телімдерін мемлекет пайдасына қайтару жөніндегі «Қазақстан Республикасы аумақтық жер инспекциясы агенттігінің Атырау облысы бойынша жер ресурстарын басқару» мемлекеттік мекемесінің талап арызы негізінде бірқатар азаматтық істер қаралды.
Нәтижесінде, әкімнің жер телімін беру жөніндегі қаулыларын және ол бойынша берілген мемлекеттік актілерін заңсыз деп тану жөнінде 49 шешім қабылданды және осы істер бойынша заңсыз берілген көптеген жер учаскелері мемлекет қорына қайтарылды.

СУДЬЯЛЫҚҚА – ҮЗДІКТЕРДІҢ ҮЗДІГІ

— Сіздіңше, халықаралық судьялар ассоциациясына мүше болу біздің елімізге қандай артықшылықтар беріп, қандай жаңалықтар әкелмек?
-Ең алдымен, судьялардың қағазбастылықсыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз керек, яғни судьялар тек сот төрелігін атқарумен ғана айналысуы қажет.
Осы орайда соттарда судьяның істі қарағанға дейінгі істі қарауға дайындық жұмыстарын жүргізетін, процессуалдық әрекеттерді жүзеге асырып отыратын және оған жауапты «судьяның көмекшісі» немесе «судья-стажер» лауазымын енгізу уақыт талабына енді деп ойлаймын.
Екіншіден, қазақ елінің судьялары әлемдегі ең үздік заңгерлер деңгейінен табылуы тиіс. Ол үшін судьялыққа — сот жүйесінде табан аудармай бірнеше жыл қызмет атқарып, өз ісінің үздігі атанған және судьялық лауазымға біліктілік емтиханын тапсырып, пленарлық органның оң пікірін алған мемлекеттік қызметкерлер немесе магистратураны үздік бітірген тұлғалар алынуы тиіс. Еліне танымал, зиялылығымен, парасаттылығымен, білімділігімен, атқарған қызметтерімен ел аузында ол туралы оң пікір қалыптасқан тұлға болуы –елдің «биі» болу үшін алғышарт деп санаймын.
Судьяның ваканттық орнына үміткерді түбегейлі іріктеу арнайы бағдарлама негізінде жүзеге асырылуы қажет және ол сыбайлас жемқорлық көрінісін де болдырмауға ықпал етеді. Мысалы, істерді «БААТЖ» бағдарламасы негізінде автоматты түрде бөлінгені сияқты бұл мәселеде де арнайы бағдарламаны қолдану ымырашылдық немесе адамдардың мүдделілігінің орын алуын болдырмайды.
— Елімізде сот қызметкерлеріне арналған атаулы күннің жоқтығы және соттар кәсіподағының тиісінше жұмыс атқармай отырғандығы жөнінде сыни пікірлер айтылып жүр. Осыған байланысты не айтар едіңіз?
-Егер сіз сұрағыңызды республикамызда «Заңгерлер күні» мерекесі жоқ деген мағынада қойған болсаңыз, ол сұрағыңызға толықтай келісемін. «Заңгерлер күні» мерекесі еліміздегі әрбір заңгердің кәсіби мерекесі болары анық. Бұл жерде кімнің қандай органда немесе кім болып қызмет атқарғанын бөліп-жармай, заңгерлердің төл мерекесін тойлағаны құптарлық іс.
Қазақстан — зайырлы, демократиялық, тәуелсіз мемлекет. Республикада заңдылық, Ата Заңымыз — Конституция үстем құруда. Ата Заңымыз – Конституция күні 30 тамызда тойланады. Оны бүкіл ел болып тойлаймыз. Бұдан артық қандай салтанатты мәртебе қажет?

СОТ ЖҮЙЕСІНЕ ӨЗГЕРІС ҚАЖЕТ

— Соттар жүйесіне қандай реформалар мен өзгерістер керек деген пікірдесіз?
— Қазақстанда медиацияның дамуына қатысты бірқатар ықпалды шаралар алуды қажет етеді деп есептеймін.
Атырау облысы соттарымен 2012 жылдың 12 айында қылмыстық істер бойынша төрт қылмыстық іс, жеті азаматтық іс медиация тәртібімен қаралған. 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында Атырау облысы соттарымен қылмыстық істер бойынша медиация тәртібімен 16 қылмыстық іс, азаматтық істер бойынша 68 іс қаралып, республика бойынша жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізді.
Бүгінгі күні Еуропа елдерінде неке бұзудан бастап қоршаған ортаны қорғау жөніндегі дауларды қамтитын әртүрлі саладағы делдалдық қызметтің кең ауқымды нарығы қалыптасты. Мысалы, АҚШ-та сотта қозғалған істердің 5%-ы ғана сот талқылау рәсімінен өтеді, істің 95%-ы дауды шешудің баламалы әдісінің (медиация, келіссөздер, делдалдық және т.б.) арқасында сотқа жетпей аяқталады.
Өкінішке қарай, бізде әлі күнге дейін азаматтарымыз медиацияның тиімділігін жете біле бермейтіндей. Тіпті «медиатор», «медиация» дегеннің не екенін түсінгісі келмейтіндер де баршылық. Соттағы іс жүргізу талабы негізінде төрағалық етушінің істі басталмас бұрын тараптардың дауды медиция тәртібімен шешу құқығын басқаша түсініп, ол судьяның үстінен «мені екінші тараппен татуластырғысы келді» деп шағымданатындар да бар. Бір сөзбен айтқанда, медиация тәртібімен дауды шешудің маңызы әлі де болса халыққа жете түсіндірілмей жатыр. Азаматтарымыз болса даулы мәселе туындаған уақытта кәсіби заң көмегіне ғана жүгінеді. Ал, адвокаттар алған гонорарын ақтау үшін бітістіруден гөрі өзінің клиентінің мүддесі үшін дауда жеңіске ғана жетуге жұмыстанады. Бұл адвокаттың клиентінің зор қаржылай шығынға ұшырауына, уақытын жоғалтуына және моральдық, психологиялық қажуына әкеліп соғады.
Осы орайда Қазақстанның кез-келген шетінен қоңырау шалып, дауды сипаттап, медиаторға қатысты өзінің ой-пікірін білдірген адамға оның талаптарына сәйкес келетін мамандардың толық тізімін ұсынатын арнайы қызмет – «тікелей желі» жұмысын ұйымдастыру қажет.
Сонымен қатар, орта және арнаулы орта мектептердің тарих немесе әлеуметтану пәндерінің оқу бағдарламасына медиацияға түсініктер беретін оқу сағаттарын, ал, құқықтық жоғары оқу орындарында медиацияның тұрақты курсын енгізу қажет деп санаймын.

Құралай ҚУАТОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button