Адам құқығы — басты құндылық
Атырау облысы бойынша адам құқықтары жөніндегі өкілдіктің қызметкерлері Жылыой аудандық полиция бөлімшесінің жеке құрамымен кездесті.
Кездесу барысында Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі Амангелді Абдолов мемлекеттік органның қызметімен таныстырды.
Өкілдіктің бас маманы Сәуле Төлегенова сөзінде, ведомствоның құзыреті мен негізгі міндеттеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Әр аймақтағы өкілдер халық үніне құлақ асып, мемлекеттің оларға жүктеген міндетін айрықша орындап келеді. Уәкіл қызметінің міндеттері адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге, Республиканың нормативтік құқықтық актілерін жетілдіруге, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын көтермелеуге және ілгерілетуге жәрдемдесу.
Уәкіл өз қызметін жүзеге асыру кезінде заңдылық, әділдік, бейтараптық, объективтілік, жариялылық, ашықтық және Республиканың Конституциясында бекітілген басқа да қағидаттарды басшылыққа алуға міндетті. Оның заңды қызметіне араласу немесе кедергі жасау Республиканың заңдарында көзделген жауапкершілікке әкеп соғады. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде уәкілдер тәуелсіз және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді. Олардан тек қазақстандықтар ғана емес, оның аумағындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар не олардың өкілдері де көмек сұрай алады.
Қазақстанды демократияландыру және саяси қайта құру жолында ең маңыздысы әділдік, заңның сақталуы. Уәкілетті институт арқылы одан әрі демократияландыруға қатысты мемлекеттік саясаттың белгілі бір бөлігі жүзеге асырылуы керек.
Кездесуде полиция қабырғасында азаптаудың алдын алу тақырыбы да қозғалды. Құқық қорғау органдарына елдегі барлық адамдардың құқықтарын сақтауға, сондай-ақ азаптаудың алдын алуға арналған іс-шаралар да айтылды.
2023 жылдың қаңтарынан бастап азаптау туралы қылмыстық істерді тергеу прокуратура органдарының құзыретіне берілген.
Кездесу соңында Аманегелді Абдолов полиция бөлімінің үй-жайын, уақытша ұстау изоляторын және онда ұсталған азаматтардың жай-күйімен танысып шықты.
А.БАУЫРЖАНҰЛЫ