315 атыраулық интернетке кіріп алданды
Биыл Атырауда 315 интернет алаяқтық қылмыстық іс тіркелген.
Бұл туралы Атырау қаласы Полиция басқармасы тергеу бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Дидар Кайргалиев мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі. Ақпараттық технологиялардың дамуымен және оларды қолдану аясының кеңеюімен алаяқтықтың жаңа түрлері, соның ішінде интернет алаяқтықтар пайда болуда, олардың саны жыл сайын артып келеді. Интернет алаяқтықтың бір ерекшелігі – қылмыскерлер тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де болуы мүмкін, яғни қылмыстың бұл түрі халықаралық сипатқа ие.
- — Бұл қылмыстарды ашу өте қиын, өйткені қылмыскерлер оларды тіркеу кезінде де, ақша алу кезінде де деректерді жасыратын ақпараттық технологияларды қолдана отырып жасайды, деді Д. Кайргалиев.
Оның айтуынша, банктің қауіпсіздік қызметтері, полиция қызметкері, сатып алу туралы хабарландыру, әлеуметтік қызметтер арқылы тауарларды жарнамалау және сату, онлайн-несиелерді рәсімдеу, пәтерлерді тәулікке немесе ұзақ мерзімге жалға алу, лотереядан ұтыс, инвестициялық, брокерлық компанияларда ақша көбейту – интернеттегі алаяқтықтың негізгі түрлері болып табылады.
Интернет қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін мына қауіпсіздік шараларын сақтау керек: төлқұжат және өзге де дербес деректермен бөліспеу керек. Банк карталарының нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ ұялы телефонға келіп түскен SMS құпия сөздерді, тіпті өзін банк қызметкері ретінде таныстырса да ешкімге хабарламау қажет. Тауарды сатып алу (сату) кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеген және белгісіз тұлғаларға ақша аудармаған дұрыс. Өз құжаттарыңызға (жеке куәлік, банк картасы) қолжетімділікті шектеп, құжаттардың фотосуреттерін ешкімге жібермеу керек, себебі келешекте зиянкес микрокредиттік қаржы ұйымдарында микро қарызды ресімдеуі мүмкін.
Ал, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Атырау қаласындағы өңірлік өкілдері басқармасының бас маманы Райымбек Тлегенов ақшаға қатысты маңызды шешімдер қабылдаған кезде, қаржы ұйымдарының жалған қызметкерлерінің нұсқауларын орындауға асықпауға кеңес береді.
- — «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы немесе «1459» қысқа нөмірі бойынша call-орталық арқылы Агенттікте бәрін қайта тексеріп, кеңес алған дұрыс. Қоңырау шалу тегін, деді Р.Тлегенов.
Сонымен қатар, ол кейде алаяқ-кредиторлар алдын ала төлем сұрамай-ақ шотқа ақша аударуы мүмкін екенін, егер аударымды алған адам осы ақшаны пайдаланса, мұнда да қауіп бар екенін жеткізді.