Электрлі самокат тізгіндегендер нені ескеруі тиіс?
Өткен жылы шағын электр көлігі құралдары мен самокаттарды пайдалану ережесі бекітілді. 30 тамызда күшіне енген жаңа заңда электрлі самокаттардың, шағын электр көлік құралдары жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері айқындалды. Шағын көлік құралын тізгіндеген жандар жол ережесін бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескеруі керек.
–Электрлі самокат жүргізушілеріне жол жиегімен шектеусіз жүруге, жаяу жүргіншілерге қауіп төндірмей, сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге рұқсат етіледі. Электрлі самокат жүргізушілері жүк тасымалдау ережелерін де бұзбауы тиіс, — деп жазылған облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Күн жылына сала мұндай көлік құралдарымен жүрген адамдардың көбейгенін байқауға болады. Осы орайда полиция департаментінің өкілдері қала тұрғындарына заңдағы өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Электрлі көлік жүргізушілерінен жауапкершілік талап етіліп, ереже сақтамағандар заң алдында жауап береді.
Майра ЕРҒАЛИ