Әзіліміз жарасса…
Жел арттан болса, ескек неге керек?
«Коммунистік еңбек» газетінің бөлім меңгерушісі Меңдекеш Сатыбалдиевтің кезінде Ағиман деген ағамыз «Ескексіз қайық» деген көлемді әңгімесін алып келді. Ол газетке шықты да.
Алғаш әңгімені оқып танысқаннан кейін Меңдекеш:
– Ағиман, айтшы, ескексіз қайық бола ма? — деп сұрапты. Сонда Ағиман:
– Слушай, Меңдекеш! Жел артыңнан болса, қайыққа ескек не керек? — деген екен.
Мынау саған каска емес пе?
«Коммунистік еңбек» газетінің редакциясында Абдолла Қожиев деген журналист болды. Маңдайы айнадай жылтыр, тек желкесінде ғана бір түп шашы бар. Үйі қалаға жалғас Балықшыда болатын, үнемі жұмысқа екі аяқты мотоциклмен келетін. Бір күні автоинспектор тоқтатып:
– Ағай, каска киіп неге жүрмейсіз? — депті. Сонда Абдолла маңдайын алақанымен шарт еткізіп:
– Мынау саған каска емей, немене! — деген екен.
«Тірі ме екен?»
Белгілі журналист Нуриден Муфтахтың құрдасы Жәсіпқали деген журналист бұл дүниеден жастай өтті.
Ол бір өте аңғал, не болса соған сеніп қалатын адам еді.
Бірінші май мерекесінде қыдырыстап жүрген жігіттердің арасында мынадай бір әңгіме болады. Қаңтар айында үкіге түсіп кеткен бір адам Жайықтың теңізге құяр жағалауынан табылыпты. Сонда Жәсіпқали:
– Тірі ме екен-ай? — деген екен.
Өзі таңдап берсін
Кененбай дейтін қу құрдасының баласы үйленетін болып құда түсуге барады. Өзіне сөз кезегі тигенде келген шаруасын бипаздап жеткізеді.
Үй иесі де бір қу екен: «Болашақ құдамыздың сәлемін жеткізіп отырсың, дұрыс. Бірақ, бірінен-бірі өткен үш қызым бар, соның қайсысын сұрағалы отырсыңдар?» — депті.
Кенақаң тосылып қалады. Болашақ келіннің атын сұрап алмапты ғой. Біраз кідіріп қалған ол:
– Айтуыңыз өте орынды. Болашақ құдаңыз да сіздің үш қызыңыздың бар екенін біледі екен. Сол үш қыздың маған келін болуға лайықтысын өзі таңдап берсін деп жіберді мені құдаңыз, — деген екен